«Бір-бірімізді қолдайық»: Сағынтаев алматылықтарға үндеу жасады

0

Қоғам

Қысқа сілтеме алу

0 0 0

Сағынтаев егер қауіпті індеттің қайта өршуіне жол берілсе, қаланың тыныс-тіршілігіне ауыр соққы болатынын айтады

АЛМАТЫ, 11 маусым – Sputnik. Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев қала кәсіпкерлерін санитарлық ережелерді бұзбауға, дәрігерлер бекіткен норманы сақтауға шақырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Бұл жайында әкім Instagram парақшасында жазды.

«Басты талап – санитарлық нормаларды сақтау. Оның өзі қиын емес: санитайзер, қорғаныс бетпердесі, қолғап пен әлеуметтік арақашықтық. Ірі кәсіпорындар жұмысты тексеруден кейін бастаса, шағын бизнес саласына рұқсат хабарлама принципі бойынша берілді. Бұл ретте жауапкершілік кәсіпкерге жүктелді», – деп жазды Сағынтаев.

Сонымен қатар қала әкімі қаладағы эпидемиологиялық жағдай тұрақталған соң өндіріс, құрылыс, сауда мен қызмет көрсету орындарының жұмысы кезең-кезеңімен жандана бастағанын еске салды.

Айтуынша, қалада тексеруден өткен 2,4 мыңға жуық нысанның 138-інде заң бұзушылық анықталған, кейбірінің қызметі тоқтатылды.

«Кәсіпкерлік қауымдастық өкілдерінен өтініп сұрарым, қызмет түріне қарамастан, белгіленген нормаларды ұстану қажет. Егер қауіпті індеттің қайта өршуіне жол берсек, қаланың тыныс-тіршілігіне ауыр соққы болары анық. Бір-бірімізді қолдайық», – деді Алматы әкімі үндеуінде.

Оқи отырыңыз: «Адамдар аштықтан өледі»: Танымал әнші Тоқаевқа видео үндеу жолдады

Айта кетейік, Қазақстанда коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны 13 558 адамға жетті, 8 345 адам жазылып шықты, 67 адам қайтыс болды. Ал ауру белгілері жоқ 2 529 адам анықталды.

Алматыда 10 маусымда тағы 18 адамнан инфекция табылып, өсім 0,6%-ті көрсетті.

Қазіргі кезде қалада коронавирустың клиникалық белгісі жоқ 291 науқас бар.



sputniknews.kz