Бір ай бойы ән айтуға мәжбүрледі: Гаухар Әлімбекованың адвокаты істің мән-жайын түсіндірді — Қазақстан жаңалықтары

0

Гауһар Әлімбекова тағы да дау астында. Жас кәсіпкер әншіні ақшамды бермей кетті деп айыптады. Алайда әншінің адвокаты істің неден ушыққанын түсіндірді.

Бұл туралы әншінің адвокаты Бағдагүл Әжіғалиева желіде жазба қалдырды.

«Мен Инстаграмда отырмаймын, ештеңе жазған да емеспін, өйткені басқа әлеуметтік желіні пайдаланамын, бірақ бір адамның жазған «хикаясы» және оны БАҚ-да орналастыруы адвокат және сенімді өкіл ретіндегі көзқарасымды осында жариялауыма мәжбүр етті.27.05.2020 жылы Серік былтыр тамыз айында белгілі әнші Гауһар Әлімбековамен телефон арқылы сөйлесіп, оның жеке концертін ұйымдастыруға 4 млн. теңгеге келіскенін жазыпты. 2019 ж. қыркүйегінде Алматыға келген ол келісілген соманың жартысын – 2 млн теңгені әншіге беріп, концерт дайындығына кірісіп кеткен. Ақырында «билеттерді өткізе алмаған» соң, «залдың 99,9%-ы бос» қалғандықтан концертті болдырмай, Әлімбековадан гонорарды қайтарып беруін сұраған, ал әнші ақшаны қайтарудан бас тартып, телефонын өшіріп, қара тізімге енгізіп қойған. Осыған орай ол «Инстаграм арқылы жазуға мәжбүр болған». Оның жазғанының қысқаша мазмұны осы», — деп жазды ол. 

Адвокат даудың шындығында басқаша өрбігенін айтады. 

«Ал мен істің шын мәнінде қалай болғанын түсіндіргім келеді, өйткені әлгі жазба астындағы тапсырыспен жазылғанға ұқсайтын ызалы пікірлер ел сүйіп тыңдайтын әншіні жазықсыз жазғырып жатыр. Оның үстіне, жазба авторы өзі үшін аса тиімсіз болғандықтан, біраз маңызды жайттарды жасырып қалған. Серік 2019 жылғы наурыз айынан бастап Әлімбековаға хабарласып, Қазақстанның батыс өңірлерінде жеке концертін ұйымдастыруға рұқсат сұраған.

Әнші концерт өткізуге әзір емес екенін, сотқа байланысты дау-дамайдан әбден шаршағанын, депрессияда жүргенін айтып, ұсыныстан бас тартқан. Бірақ Серік қайта-қайта қоңырау шалып, басқаның емес, Гауһардың ғана концертін өткізгісі келетінін айта берген. Ұзақ келіссөздерден соң әнші ақыры мәмілеге келген. Екі жақ концерт уақытын 2019 жылдың 4-7 қазаны деп белгілеп, бір концерт үшін гонорар ретінде 1 млн теңге деп келіскен. Гауһар Әлімбекованың дәл осы күндерге алдын ала белгіленіп қойған жеке және шығармашылық жоспарларын өзгертуіне тура келген. Оның ішінде Шымкенттегі билеттерінің 60-70 пайызы сатылып қойған концерт (ақшаларын қайтаруға тура келді), екі үйлену тойы – бәрінен бас тартуға мәжбүр болған. 

Бұл фактіні растайтын куәгерлер бар. 2019 жылдың қыркүйек айында Серік Алматыға келіп, келіскен соманың жартысын, 2 млн теңгені әншіге өз қалауымен берген. Концертке үш күн қалғанда ол Әлімбековаға хабарласып, концертті ұйымдастырушы жігіттің туған бауыры көз жұмғанын, сол себепті де жоспарланған іс-шараның болмайтынын, концерттің келесі жылдың көктемінде өтетінін жеткізген. Кейінірек тағы қоңырау шалған Серік алдын ала төленген сомаға әншінің қыста тойға келіп қайтуын өтініп, билет алып қойғанын айтқан. Әнші келіскен, 2019 жылдың қазан айында туған ағасы қайтыс болып, қайғырып жүрсе де, уәдесін орындау үшін Серіктің хабарын күткен. Бірақ ол сол күйі байланысқа шықпаған, тұтқаны көтермеген», — деп жазды адвокат.

«Ең қызығы кейін басталған. 2020 жылдың сәуірінде хабарласқан Серіктің талабы бойынша, Гауһар алған ақшасын өтеуі үшін Атырауға келіп, 2020 жылдың 29 маусымынан 29 шілдесіне дейін, яғни бір ай бойы (әр аптаның бейсенбісінен жексенбісіне дейін) оның ресторанындағы тойларда ән айтуға тиіс екен. Және пәтер жалдап тұруы керек екен. Әрине, әнші мұндай шартпен келіспеген: бір кештегі жеке концерт пен бір ай бойы тойда ән айту – екі бөлек нәрсе, оның бағасы да әрқалай. Гауһар Әлімбекова нақты бір күнге белгіленген концертке баруға келісетінін, бірақ бір ай бойы басқа қалада тұрып, ресторанда ән айта алмайтынын жеткізген. Өйткені оның басқа да жоспарлары бар – ән жаздыру, т.б. Алайда айғайға басқан Серік алдын ала берілген 2 млн авансты әншінің солай өтеуі керектігін, басқа әншілердің бір айға ешқандай қарсылықсыз ұшып келетінін мәлімдеген.

Оның еш сөз түсінбейтінін ұққан әнші адвокат ретінде менен кеңес сұрап, Серікке өз талаптарының негізсіз екенін түсіндіруімді өтінді.
Сол уақыттан бастап мамырдың ортасына дейін мен Серікпен, сосын оның заңгерімен жиі-жиі сөйлесіп, бір ай бойы ән айтуын талап етуі алдын ала төленген ақшаға сай емес екенін, әр артистің өз шарттары болатынын түсіндіруге тырыстым. Серіктің ресторанында бір ай бойы ән айтуға мәжбүр болатындай, Гауһар Әлімбекова – өнерге енді қадам басқан жас әнші емес», деп жазды ол.

Бағдагүл Әжіғалиева кәсіпкер мен оның заңгері әншіні желі арқылы қаралағысы келеді деген ойын айтты. Өзі мұның заңсыз екенін айтып бетін қайтармақ болған. 

«Әлімбекованың концертін ұйымдастыру туралы бастаманы Серіктің өзі көтерді ме, демек, осыдан туындауы мүмкін мәселенің бәрін ол алдын ала ой елегінен өткізіп барып, кірісуі керек еді. Егер концертті ұйымдастыра алатынына көзі жетпесе, тәуекелге бармауға тиіс еді. Азаматтық ортада мұны кәсіпкерлік тәуекел дейді.Әншінің жеке концертін ұйымдастыру – зор жауапкершілік пен іскерлік қабілетті қажет ететін іс-шара. Ұйымдастырушы әншімен бәрін ойласып, шарт жасасып, міндеттемелерді нақтылауы, жоба іске аспаған жағдайда шығынды қалай жабуды алдын ала ескеруі керек еді.

Алайда олай болмады. Ал бұл – орындаушының, яғни Әлімбекованың кінәсі емес, ол ауызша келісім барысында берген уәдесін орындаудан бас тартқан жоқ, хабарласпай кеткен – ұйымдастырушының өзі. Серік өз қателігін, концертті ұйымдастыра алмағанын, өз талаптарының негізсіз екенін мойындағысы келмегендіктен, мен оған сотқа жүгіну құқығы барын, мәселені заңда белгіленген тәртіппен шешуге болатынын айттым. Бірақ ол Гауһардың бұрын да қылмыстық жауапкершілікке тартылуы себепті дауды әлеуметтік желіде өршітетінін айтып, қорқытуға көшті, мен оған біздің де ар-намыс пен беделімізді қорғау мақсатында сотқа жүгіне алатынымызды ескерттім.

Оның заңгерімен әңгімелескенде, мен оған да бәрін заң жүзінде шешудің дұрыс екенін, тексерілмеген, нақтыланбаған ақпаратты әлеуметтік желіге салудың жөн еместігін Серікке ұғындыруын өтіндім. Алайда Серікпен де, оның заңгерімен де әңгіме нәтижесіз аяқталды, сөйтіп, міне, қалайда пиар көксеген шулы әрекетке тап болып отырмыз. Біз түсінбейтін басты нәрсе – Серік неге істің ақ-қарасын анықтау үшін құзырлы органдарға жүгінбейді, неге дауды жария ғып, ушықтыруға ұмтылады? Мен заңгер ретінде мұны өз талаптарының негізсіздігін сезіну, істің өз пайдасына шешілетініне сенбеу, сол себепті белгілі өнер адамына күйе жағу арқылы өзін ақтауға тырысушылық деп бағалаймын. Ал өздерінің ресторатор-боссын қолдап жатқан сияқты комментарий жазғыштарға, әншіні бұрын да басы дауға қалған алаяқ етіп көрсетпек болғандарға айтарым: Әлімбекова былтырғы сотта толық ақталып шығып, кінәсіз деп танылған», — дейді адвокат.

«Ол қазір тіпті өзін қылмыстық жауапкершілікке негізсіз тартқаны үшін мемлекеттік органдардың үстінен шағым түсіруге, моральдық шығын талап етуге де құқылы. Бірақ бұл құқығын ол пайдаланған жоқ, өйткені ақшаның соңына түскен емес, өзінің сүйікті ісі – шығармашылықпен ғана айналысып жүр. Әлімбекованың концертін өткізіп алып, оған тиесілі гонорарын бермей, алдап кеткен ұйымдастырушылар да аз болған жоқ. Ол жағдайлардың бәрін әнші жария ғып айта бермейді. Серіктің «билеттер сатылмады, ешкім алмады» деген уәжі де – абсурд, өйткені дәл қазір Гауһардың әнін сүйетін тыңдармандар легі қай қаладан болсын көптеп хабарласып, «қашан бізге келіп, концерт бересіз?» деп сұрақтың астына алуда. Халықтың әншіге деген ықыласының қандай екені жазықсыз жаза тартылған былтырғы жағдай кезінде анық көрінді. Жүздеген адам сүйікті әншісіне титтей де болсын жәрдемін тигізгісі келіп, ақша аударды, алаңдады! Егер Әлімбекова жұртты алдап соғатын адам болса, соншама жұрт дүрлігер ме еді?! Қазір де, карантин кезінде, әнші өз тыңдармандарына адал, тікелей эфирге шығып, олармен сырласады, жанды дауыста ән шырқайды. Ешқандай лотереяға қатыспайды, күмәнді ақша ұтыстарымен шаруасы жоқ, өз ісін – ән жазуды ғана біледі.

Сондықтан, құрметті Серік мырза, мәмілеге келуге ұмтылған нәтижесіз әрекеттерімнен соң, мен де сізге әлеуметтік желі арқылы хабарласуға мәжбүрмін: Ер адамға тән мінез танытыңыз, халықтың сүйікті әншісін қудалауды доғарыңыз! «Есеңіз» кетіп бара жатса, оны заң шеңберінде шешуге тырысыңыз!», — деп жазды қорғаушы.

Желі қолданушылары арасында әншіге сенбейтіндер де, қолдайтындар да бар.

«Менің сүйікті әншім ғой бала кезден тыңдап еліктеп өстік, аман жүріңіз», «Серік сияқты арсыздарды соттату керек. Гауһар тәтені халық біледі қандай адам екенін. Қара күйесін жақпасын», «Аққа кұдай жақ. Өз басым Гауһарды тіке бетке айтатын шыншыл екенін білем. Серік мырза, майдаланбасаңызшы, шусыз-ақ шешетін тірлік қой», — деп жазды олар. 



stan.kz