БИІККЕ БАСТАР ЖОЛДАУ | «Айқын» газеті

0

Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты жаңа Жолдауында «Рухани жаңғыру» бағдарламасын әрі қарай жалғастырып қана қоймай, оның аясын жаңа мазмұнмен және бағыттармен толықтыру қажет екенін айтқан болатын. Осыған орай Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Ұлықбек Есдәулеттің пікірін білген едік.

– Ұлықбек Оразбайұлы, Елбасының жаңа Жолдауы барша қазақстандықтардың өмір сапасын жақсартуға тың серпін бергені сөзсіз. Осы бағдарламалық құжатта ай­тыл­ған басымдықтарды ақын-жазушылар қалай қабылдады?
– Жолдауға байланысты ең алдымен пікірін білдіріп, қолдау танытқан меке­мелердің бірі Қазақстан Жазушылар одағы екенін айтқым келеді. Жолдау жария­лан­ғаннан кейін-ақ Алматыда бір топ қа­ламгер бас қосып, Елбасы айтқан ба­сым­дық­тардың мәні мен маңызын тал­қыла­дық. Ол жерде ақын-жазушылар Жол­дау­дың өміршеңдігін, онда өткір әрі аса ма­ңызды мәселелер көтерілгенін, әлеуметтік саланы жаңа деңгейге шыға­ратын ұтымды жолдар қарастырылғанын айтты.
Биылғы Жолдаудың тағы бір ерек­ше­лігі ретінде көптен бері шешімін таппай келе жатқан педагогтардың мәртебесін заңмен бекіту мәселесінің көтерілуі екенін атап өтуге болады. Мұның ар жағында үлкен ойлар мен ауқымды істер жатыр. Шыны керек, бүгінде мектеп­тердегі оқыту бағ­дарламасының кей тұста сын көтер­мей­тінін қаламгерлеріміз аз жазып жүрген жоқ. Әліппеге қатысты да көптеген сұ­рақ­тың жауапсыз қалғанын көріп отырмыз. Оқулықтардағы тапсыр­малардың да кей жағдайда қисынға келмейтіні қоғамда жиі айтылып жүр. Мұғалімнің мәртебесін көтеру дегеніміз – осындай олқылық­тардың алдын алып, білім беру ісін одан ары жетілдіре түседі деп есептейміз.
Жолдауда Елбасы отандық медици­наның жанданып, оған бөлінетін қара­жаттың көбейетінін айтты. Бұл да көңі­лімізді марқайтқан бастамалардың бірі болды. Жолдардың жөнделуі, қолжетімді баспананың көбеюі сияқты қоғамды тол­ған­дырған мәселелер де Жолдауда на­зар­дан тыс қалған жоқ. Сондықтан халықтың әл-ауқатын арттырып қана қоймай, дамыған елдермен терезесі тең жағдайда жеткізуге бағытталған Жолдауды ақын-жазушылар үлкен қуанышпен қабылдады.
– Елбасының Жолдауы мен «Ұлы да­ланың жеті қыры» мақаласындағы басым­дықтарды халыққа кеңінен түсіндіру үшін Жазушылар одағы «Нұр Отан» партия­сымен бірлесіп, «Ұлы дала» шы­ғармашылық бай­қауын қолға алғанын бі­леміз. Осы игі бастамаға аз-кем тоқталып өтсеңіз?
– Алдымен Жазушылар одағы мен еліміздің бас партиясы өткен қазан айында өзара ынтымақтастық туралы меморан­думға қол қойғанына назар аударған жөн шығар. Бүгінде осы құжат бойынша жаңа бастамалар қолға алына бастады. Сіз айтып отырған шығар­машылық байқау – соның жемісі.
Байқау жас ақын-жазушыларды ынта­ландыру, оларды «Рухани жаңғыру» бағ­дарламасын жүзеге асыруға жұмылдыру сияқты үлкен мақсаттарды көздеп отыр. Сондай-ақ байқаудың Елбасы Жолдауы мен «Ұлы даланың жеті қыры» атты ма­қа­ласында айтылған құндылықтарды дә­ріптеуге бағытталғанын да атап өткен жөн. Шығармашылық сайысқа 18 бен 40 жас аралығындағы қаламгерлер қатыса алады. Қазір жұмыстар қабылдануда. Қатысу­шылар өз еңбектерін 2019 жылдың 15 қаңтарына дейін жолдай алады. Нәти­же­сінде, «Проза», «Поэзия», «Драматур­гия, көр­кем фильмдер мен телесериал сцена­рийі», «Публицистика» және «Ба­лаларға арналған шығарма» сияқты бес аталым бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталмақ. Оның барлы­ғына қаржылай жүлде тағайындалып отыр.
Сонымен қатар Жазушылар одағы жо­ғарыда аталған меморандум аясында «Нұр Отан» партиясымен бірлесіп, басқа да тың жобаларды жүзеге асыра­тынын айта ке­тей­ін. Соның ішінде ар­на­йы телебағ­дар­лама дайындау, YouTube-те канал ашып, рухани жаңғы­рудың құн­дылықтарын насихаттау және еліміздегі кітапханаларда ақын-жазу­шылармен кездесулер өткізетін клубтар құру сияқты игі бастамалар бар.

Сұхбаттасқан
Еламан МАҚСОТҰЛЫ

Дереккөз: Айқын

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз