Бес жасар қыз 4-5 жігітке бой бермеді – жын шығаратын ақсақалдың әңгімесі

0

ТҮРКІСТАН, 19 қараша — Sputnik, Жансая Тәуекелқызы. Түркістан облысының Сайрам ауданында тұратын Рустамбек Бегметов адам ішіне кіріп кеткен жынды шығарады. Жиырма жылдан астам уақыттан бері талай жанға жаңа өмір сыйлап, дұрыс жолға түсуіне ықпал етіп келе жатқан қариямен Sputnik тілшісі арнайы барып сұхбаттасып қайтты.

Жын адамға қандай жағдайда кіреді?

62 жастағы Рустамбек Бегметов бұл қасиет ата-бабадан дарыды дейді. Атасы мен әкесі дін жолын ұстанған, талай адамға дем салған молда болған. Өзі де солардың жолын қуады. Бес уақыт намазын қаза етпей, бүгінде жын шығарушы қария атанып отыр.

«Бұл қасиет маған бабаларымнан келген. Мен өмірімде темекі тартып не ішімдік ішіп көрген адам емеспін. Талай қызметтерді атқардым, соңғы жиырма жылдан астам уақыттан бері осы істі қолға алдым. Бәрі Алла тағаланың арқасында, ал мен тек себепші ғанамын», — деп әңгімесін бастаған қария адамға жын қандай жағдайда кіретінін де айтып берді.

«Әртүрлі… Көп жағдайда адамның ішкі жан дүниесіне байланысты. Көп жағдайда теріс жолда жүрген жандарға жын құмар болады. Теріс жол дегеніміз қандай жол? Мәселен, арақ ішіп, есірткі қолдану. Өзін таза ұстамау… Күнә жасау, харам әрекеттерге бару… Айта берсем, себебі көп. Одан өзге жын адам қатты қуанып не шошынған жағдайда оның бойын пана етіп алады. Тағы бір айта кетерлігі, қазір сиқырдың күшімен де жынданып жататындар баршылық. Яғни, өзге бір жан келесі біріне қара дуа жасайды», — дейді ақсақал. 

Рустамбек Бегметов ондай жағдайларға талай рет куә болыпты. Дуа жасалынған адам төсек тартып, қатты сырқаттанып қалатын көрінеді. 

«Тіпті кейде өліп кетуі де мүмкін», — деген қария кез келген адам Аллаға құлшылық етіп, өзін харам істерден аулақ ұстаса жыннан сақтана алатынын алға тартты. 

Жын кірген адамның белгілері қандай?

Түркістан тұрғынының айтуынша, жын кірген адамды байқау қиын емес. Адамның мінезі бірден өзгереді. Кейде сырқат мазалайды. Ал көп жағдайда өзінің жақындары мен туыстарына деген өшпенділік пайда болады. Енді бір жағдайда жын кірген адам өздігінен жылап не күліп жүреді екен. Өз-өзімен сөйлеседі. Құран оқылған жерлерден өздерін алшақ ұстайды. Жалғыздықты жаны қалайды… Қария жын адам жанын неғұрлым көбірек пана етсе, оны шығару да қиындай түседі деп отыр.

«Маған келетіндер әртүрлі. Бірі ішіне жын кіргенін байқамаса да, мінез-құлқының өзгергенін, ешнәрсе жақпай жүргенін айтып шағымданады. Кейде туыстары алып келеді. Мен бастысы уақытты жоғалтпау керек деп айтар едім. Әйтпесе оның соңы қайғылы оқиғаға әкеп соғуы мүмкін»,-деді Рустамбек Бегметов.  

Мәселен, оның айтуынша, ішімдікке салынған адам сылқия тойып алып, отбасымен жанжалдасады. Кейді тіпті жақындарына қол көтеріп, өлтіріп те қоюы мүмкін. 

«Оның бәрін адам сау кезінде жасайды деп айту қиын. Ішіне кірген жын оның сондай күнә жасауына үгіттеп отырады», — деп түсіндірді ол. 

«Жын жас та, жыныс та таңдамайды» 

Қариямен сұхбаттасып отырып, жынның түрлерін де сұрап білдік. Ерекше атап өтерлігі, жын еркек не әйел деп жыныс таңдамайды. Тіпті жас та маңызды емес. Ал адам ішіне енген жынның жынысын анықтау онымен диалогқа түскен кезде белгілі болады екен.

«Жын кез келген адамның бойына кіріп кете алады. Тіпті жаңа туған сәбидің де. Жынның қай жынысты екенін сүре оқу барысында онымен тілдесу арқылы біле аламын. Ал жын жасы әртүрлі. Жүз, тіпті екі мың жастағы жындар да бар. Оны да жынмен сөйлесу кезінде білемін. Ең қиыны, бір адамның ішіне бірнеше жын кіріп кетіп жатады. Олар оңайлықпен сыртқа шыға қоймайды. Талай күшті қажет етеді»,-деді қария.

Қарияны тек Қазақстан емес, алыс-жақын шетелдерден де арнайы іздеп келеді

Рустамбек қария Сайрам ауданындағы Манкент ауылында тұрады. Қалың жұртшылыққа «жын шығарушы қария» ретінде танылған ол аптаның жұма күндерінен басқа күннің бәрінде адам қабылдайды. Жасым келген сайын бойымдағы энергия да тез жоғалатын болды деп отыр. Сондықтан таңғы сағат тоғыздан түскі сағат он екіге дейін адам қабылдап жүр екен.

«Кейде алыс жолдан арнайы іздеп келіп, қабылдамасам ренжіп жататындар бар. Оларға барынша түсіндіріп айтуға тырысамын. Жын шығару оңай емес. Кәдімгідей күш-қуатым кетеді. Өзім әлсіреп тұрып адам оқысам, күшім жетпей қалуы мүмкін. Ол кезде жын тіптен күшейе түседі»,-деді Рустамбек Бегметов.

Айтпақшы, қарияны еліміздің түкпір-түкпірінен арнайы іздеп келетіндер баршылық. Соның ішінде солтүстік аймақтардан келушілер көп екен. Ал шетелдерден: Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Қырғызстан, тіпті Түркия елінен де келгендер бар дейді.

Сақтану жолдары қандай?

«Бізде арақ ішіп, бір-екі сағаттық ләззатқа бола өз денсаулығына нұқсан келтіретіндер жетерлік. Ең сорақысы, олар стақан соғыстырып отырып, «денсаулық үшін» деп тартып жібереді. Қайдағы денсаулық? Олар арақ арқылы өздеріне өлім сатып алып жатыр. Бір рет ішеді, екі рет, үш рет… Күннен-күнге ағзасы әлсіреп, қабірден бір-ақ шығуы мүмкін. Есірткі де тура солай. Адам шариғатта жазылған теріс әрекеттерден жанын аулақ ұстаса, дені де сау болады. Жын да ондайларға жоламайды», — деген Рустамбек қария жыннан сақтанудың басты жолы ретінде мына бір жайтты атап өтті.

«Қараңғыда жүрмеу, қоқыстан жанын аулақ ұстау. Теріс әрекеттерге жол бермеу… Сонымен қатар кез келген адам күн сайын Кәлима Таухидті күн шыққанға дейін жүз рет айтып, сүрелерді оқып, Алладан дұға сұраса, Жаратқан ие оны жыннан қорғайды. Алла оған көзге көрінбейтін қорған береді. Тек жын емес, қара дуа, сиқыр сынды кез келген дұшпаннан сақтайды»,-деді жын шығарушы.  

«Бес жастағы бүлдіршінді жыннан аман алып қалдық»

«Жоғарыда атап өткенімдей, жынның түрі әртүрлі. Олар кейде бір рет дұға оқығаннан соң шығып кетуі мүмкін. Ал кейде айлап, тіпті бір жылға жуық уақыт оқып, әрең дегенге сыртқа шыққан жағдай болған. Бәрі де адамның өзіне байланысты. Егер ол бір рет тазарған соң қайтадан теріс әрекетін тоқтатпаса, жын қайта оны пана етуі мүмкін», — деген Рустамбек қария жынды Құран сүрелерін оқып шығаратынын айтты.

«Әр сүренің түрлі дертке емі болады. Соның ішінде мен көп жағдайда «Бақара» сүресін оқимын. Тағы да қайталап айтамын, мен керемет күш иесі емеспін. Бәрі де Алланың арқасында»,-деді ол.

Рустамбек Бегметов бұрындары өзінен сұхбат алушыларға дем салу кезін фото, видеоға түсіруіне рұқсат беріп келіпті. Тек соңғы кездері ем алушылар тарапынан реніш түсе бастаған соң тек сұхбат қана беріп жүрмін дейді.

«Емделіп, дұрыс жолға түскендердің кейбірі «Туысымыз, жақынымыз бар. Танып қойып жатыр. Айтпай-ақ қойыңызшы» деп өтініш айтады. Мен үшін  адамның жыннан аман болуы маңызды»,  деген ол жыннан айыққан адамдардың оқиғаларын айтуға алғашында үзілді-кесілді қарсы болды. Дегенмен сұхбат соңында, бірді-екілі оқиғаны айтып беруге келісімін берді.

«Бәрі де жақсы оқиғалар емес қой. Жынмен күресер кезде небір жайттар болады. Осы жақында Ленгір деген қаладан 4-5 жастағы бүлдіршінді туыстары алып келді. Ол қызды оқи бастағанымда ішіндегі жынның ашуға булыққаны соншалық, қатты қарсылық танытты. Ірі денелі, мықты деген спортшылар әлгі қыздың қол-аяғын ұстап тұрды. Ішіндегі жын көнер емес, оларға қарсылық танытып, жігіттердің бірін ұшырып түсірді. Айтса, адам сенгісіз. Бірақ, сол жағдай көз алдымызда болды. Сүрелерді оқып, жынды әрең шығардық. Кейіннен белгілі болды, қаршадай ғана қызға жын бұрын тұрған үйінен кірген екен. Ол үй таза болмаған, ішінде небір алай-дүлей оқиғалар болған көрінеді»,-деді Рустамбек Бегметов. 

Тағы бір оқиға, қара дуаның күшімен жасалынған екен. Осыдан біраз жыл бұрын әжептеуір қызметтегі бір ер кісі қариядан көмек сұрап келіпті. Қатты науқастанып, төсек тартып қалған  ер азаматты емдеу оңай болмайды дейді ол. Кейін белгілі болғандай, оның жолын кесу үшін танысы қара дуа жасапты. Сүре оқығанда ер кісі шылқылдап терлеп, қатты қиналыпты. Бірнеше оқыған сүренің арқасында оның бойын паналаған жын сыртқа шығады. Осы ретте Рустамбек Бегметов қандай жағдай болмасын, дуа жасаған адам жазасыз қалмайды дегенді алған тартты. Ондайларға Алла тағала ең қатаң жаза қолданады деп сөзін түйді жын шығарушы.