Белсенділерді ұстау жалғасып жатқан тұста тұрғын «пікірін айтып үлгеру үшін» пикетке шықты

0

Митинг қарсаңында белсенділерді ұстаулар жалғасып жатқан тұста Алматы тұрғыны Біржан Төлеубекұлы «пікірін айтып үлгеру үшін» Тәуелсіздік монументінің алдына жалғыз адамдық пикетке шықты. Оның қолында «Жуаны қылады зорлық, Момынның көргені қорлық. Теп-тегіс қулық пен ұрлық, Ал енді қайтіп ел болдық?» деген Шәкәрімнің өлеңінен үзінді жазылған плакат болды.

– 22 ақпан күнгі митинг қарсаңында белсенділерді ертерек ұстау басталып кетті. Қазір білуімше, оннан астам адам қамауда отыр екен. Мен бұған наразымын. Митинг алдында аңдудан бөлек, телефоныма жаза бастады. Қысым көбейді. 22-іне дейін мені де ұстап алады деп күдіктенем. Сол себепті ертерек алаңға келіп, өзімнің пікірімді айту үшін келдім, – деді белсенді.

Өткен жылы «бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзғаны үшін» үш рет қамалғанын айтқан Біржан Төлеубекұлы елде азаматтардың еркін пікір айту құқығы сақталмай отырғанын айтты. Бұған қоса, белсенділерге қысым көрсетіліп отырғанын сынады.

– Қазір бізде адамдар сайлау құқығынан айрылған. Халық, зиялылар топтасып, партия құрайын десе, ол мүмкіндік те айрылған. Өйткені біреу оппозиция болып, өз пікірін айта бастаса, билік оны қысады. Жала жабады. Бізде тіпті қоғам белсенділерін «адам зорлады» деп жала жапқан кездері де болған. Біреуден ақша алды, бүлік ұйымдастырды деп жала жапқандары да бар, – деді Біржан Төлеубекұлы.

22 ақпан күнгі ықтимал митинг қарсаңында бұған дейін билік орындары әртүрлі айып тағып, 20-дан астам белсендіні әкімшілік жауапқа тартқан. Белсенділердің ұсталуын құқық қорғаушылар «22 ақпанда өтетін қарсылық акциясына биліктің дайындығы» деп бағалаған.

Қарай отырыңыз: Жоспарланған митинг алдында қанша белсенді ұсталды? (18 ақпан 2020 жыл).

Қазақстан билігін сынаушы, шетелде тұратын оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов басқаратын «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысы (ҚДТ) жұртты ақпанның 22-і күні билікке қарсы митингіге шақырған. 2018 жылы Қазақстан соты ҚДТ қозғалысын «экстремистік ұйым» деп таныған. Осыдан кейін қозғалысты қолдайтын ондаған адам «тыйым салынған ұйым қызметіне араласты» деп айыпталған. Әблязов Қазақстан сотының шешімімен келіспейді. Еуропарламент 2019 жылғы резолюциясында ҚДТ-ны «бейбіт оппозициялық қозғалыс» деп атаған.

Azattyq

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз