Белсенділер «Қаһарман» адам құқығын қорғау қозғалысын құрды

0

12 шілдеде Нұр-Сұлтанда бір топ белсенді баспасөз мәслихатын өткізіп, «Қаhарман» адам құқығын қорғайтын азаматтық қозғалысының құрылғанын хабарлады. Қозғалысты құрғандардың арасында мамыр мен маусымда биліктен әділ сайлауды талап еткен наразылық шарасынан соң қамалғандар мен айыппұл төлегендер бар.

Қозғалыстың мүшелері «осы қозғалыс арқылы азаматтық ұстанымы үшін қуғынға түскендерге құқықтық көмек көрсетпек».

«Қаһарманның» құрушылары қозғалыстың филиалдары Алматы және Ақтөбе қалаларында жұмыс істейтінін, ұйымға қалаған адам мүше бола алатынын айтады. «Қаһарманды» құрушылардың бірі Жанбота Әлжанованың сөзінше, қозғалыс ресми түрде тіркелмейді.

1 мамырдағы билікке қарсы митингіде ұсталып, 15 тәулікке қамалған, кейін әскерге кеткен Әлімжан Ізбасаровтың әпкесі Әлия Ізбасарова да қозғалысты құрағандардың арасында бар. Ол інісі Әлімжан Ізбасаровтың жағдайынан кейін наразылық шараларында ұсталғандарға құқықтық көмек көрсетуге бел буған.

1 мамырда және 9 маусымда елде билікке қарсы наразылық шаралары өтіп полиция мыңдаған адамды күштеп ұстаған. Халық елдің бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев таңдаған кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың президенттікке келуіне күмән келтіріп, билік жүйесінің өзгеруін талап етті.

Ресми Нұр-Сұлтан наразылық шараларын «заңсыз, рұқсат етілмеген» деп санайды. Ал митингіге қатысушыларды «арандатушылар» дейді. Митинг кезінде адамдарды күштеп ұстаған полицияның әрекетін Қазақстан билігі «заңға сай» деп есептейді. Наразылық шарасында полицияның адамдарды күштеп ұстауын БҰҰ адам құқығы жөніндегі кеңсесі, Human Rights Watch және ЕҚЫҰ да сынаған.

Azattyq