Бекшин Алматыда коронавирус жұқтырғандардың көбею себебін түсіндірді

0

Бас санитар дәрігер егер жағдай қазіргіден де өрши түсетін болса, карантинді ұзарту туралы ұсыныс айтатынын ескертті

АЛМАТЫ, 10 маусым – Sputnik. Алматы қаласының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин қалада науқастар санының арту себебін түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Айтуынша, қалада 9 маусымда ауру белгісі жоқ 51 жағдай тіркелді, ал 35 адамнан аурудың клиникалық белгілері анықталды.

«3 маусымнан бері тіркелген 491 науқастың 248-і – ауру белгілері жоқ адамдар. Басым бөлігі қызмет көрсету саласында жұмыс істейтін адамдар. Көрсеткіштің көтерілу себебі – карантин режимінің жеңілдеуі мен көптеген кәсіпорындар мен ұйымдардың жұмысына рұқсат беру болып табылады», – деді Бекшин.

Жұмыс істейтін нысандар үшін карантиндік режим талаптарының нұсқаулығы бекітілгені белгілі. Соның өзінде заңбұзушылық жағдайлар жиі анықталып жатқанын атап өткен бас санитар дәрігер қызметті жалғастыру үшін талаптарды қатаң сақтауға шақырды.

«Бақылау жүргізетін топтардың ескерту жасағанына қарамастан осындай жағдайлар болып жатыр. Сол себепті алдағы уақытта қаладағы аурушаңдық деңгейінде өсу байқалса, карантин шаралары күшейтіледі», – деді ол.

Оқи отырыңыз: Нұр-Сұлтан мен Алматыда қандай жағдайда карантин күшейтілетіні айтылды

Бас санитар мысал ретінде Қытайдағы қатаң карантиндік шараларды еске салды.

«Егер ауру тіркелетін болса, біз әрі қарай карантинді ұзарту туралы ұсыныс айтамыз. Талаптар аса қиын емес. Қытайда және басқа да елдерде қатаң шаралар қабылданды. Ол шаралар жағдайды бақылауда ұстауға мүмкіндік берді. Біздің тараптан да барлық қызмет саласы бойынша шаралар қолданылып жатыр», – деді Бекшин.

Айта кетейік, Алматыда науқастардың саны 2 939 адамға жетіп, 1 929 адам жазылып шықты. Індет салдарынан 10 адам көз жұмып, ауру белгісі жоқ 248 адам тіркелді.



sputniknews.kz