Bek Air ұшағы апатқа ұшырағанда аяғы ауыр әйелді құтқарып қалған жолаушы марапатталды

0

Алматы қалалық полиция департаменті Bek Air ұшағы апатқа ұшыраған кезде аяғы ауыр әйелді құтқарып қалған 23 жастағы Темірлан Қадауовты “Төтенше жағдайлардың алдын алуда және жоюда үздік шыққаны үшін” медалімен марапаттады. Бұл туралы 2 қаңтарда Алматы қалалық полиция департаменті хабарлады.

Темірлан Қадауов Bek Air ұшағы апатқа ұшырағанда жанында отырған аяғы ауыр Гүлім Әкішеваны қалқалап құтқарып қалып, ұшақтан алып шыққан. Кейін Қадауов ұшақта қалған басқа да жолаушыларды құтқаруға көмек қолын созған.

Әкішева апаттан бірер күн өткен соң әлеуметтік желіде Темірлан Қадауовқа алғыс айтып, пост жазған.

27 желтоқсанда таңертең Bek Air әуе компаниясының Fokker-100 ұшағы Алматы әуежайына жақын жерге құлап, сол маңдағы үйге соғылған. Ұшақта 93 жолаушы және экипаждың бес мүшесі болған. 12 адам қаза тауып, ондаған жолаушы ауруханаға түскен. Ұшақ соғылған үйдің жаңадан салынып жатқаны, апат кезінде үйде ішінде адам болмағаны хабарланған.

Azattyq