Баспанасыз әскери зейнеткерлер биліктен жәрдемақы талап етті

0

Қазақстан қарулы күштері қатарынан қызметтен босатылып, баспанасыз жүрген зейнеткерлер қолданыстағы тұрғын үй мәселелері туралы заңға өздеріне қаржылай өтемақы төлеу жөнінде өзгертулер енгізуді сұрап ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жариялады. Бұл туралы 20 мамырда Алматыда өткен баспасөз жиынында мәлімдеген бір топ әскери зейнеткер мәлімдеді. Олардың айтуынша, бұл жағдай әскер қатарында 10 жылдан аса, бірақ 20 жылдан кем қызмет атқарған, 2018 жылғы 1 қаңтарға дейін жасына немесе денсаулығына байланысты қызметтен босатылған зейнеткерлердің басында бар.

«Көбіміздің үш және одан да көп баламыз бар, әскери қызмет атқара жүріп денсаулықтан айырылдық және тек біздің санаттағы әскери зейнеткерлер ғана үймен қамтамасыз етілмеді» дейді әскери зейнеткер Орман Омарбаев.

Ол әскери қызмет атқарған жылдары әріптестері сияқты өзіне де қызметтік баспана берілмегенін айтады. «Бізге баспана жалдауға ақша берілген жоқ, біз ақшамызға жалдап тұрдық, қызметтен де үй-күйсіз босатты» дейді әскери зейнеткер.

Омарбаевтың сөзінше, қарулы күштер қатарынан босатылғаннан кейін олар әскерилердің үй кезегінен алынып, мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алуға қайта тұруға мәжбүр болған, «алайда әскери қызмет атқарғ ан жылдар есепке алынбаған». Омарбаевтың айтуынша, прокуратура Талдықорған әскери гарнизонындағы кейбір келеңсіздіктерді анықтаған. «Әскерилер тұруы тиіс үйде Қазақстан қарулы күштеріне еш қатысы жоқ азаматтар тұрып келген, тұрғын үй комиссиясы баспана кезегі тәртібін өрескел бұзған» дейді ол.

Әскери зейнеткерлер ел басшылығын баспананы жекешелендіру құқығын қаржылай өтемақымен алмастыруды сұрайды. Олар өтемақы мөлшері қызметтік баспана көлемімен бірдей, республика бойынша сатылып жатқан жаңадан салынған үйдің шаршы метрінің орташа бағасы шамасында болуын, ақшалай өтемақы алуға құқылы әскери зейнеткерлер балаларының шекті жас мөлшерін 18 жастан 23-ке дейін ұлғайтуды, қарулы күштер қатарында 20 жылдан кем қызмет атқарып, 2018 жылғы 1 қаңтарға дейін әскери қызметтен босатылған әскери зейнеткерлердің жесірлері мен жетім балаларына ақшалай өтемақы төлеуді ұсынады.

Бұған қоса олар жабық, оқшауландырылған әскери қалашықтарда өз баспанасы жоқ бұрынғы әскери қызметкерлерге ақшалай өтемақы төлеуді, сонымен бірге «әскери қызметке келмес бұрын өмірін қауіп-қатерге тіге жүріп мемлекетке қызмет еткен» арнайы және құқық қорғау органдарындағы жұмыс мерзімін әскери қызмет өтіліне қосып есептеуді талап етеді.

Azattyq