Баспаналы болып, берешекке батқысы келетіндер неге дайын болуы керек?

0

Тұрақты жұмысы барлардың 42 пайызы ғана жеңілдетілген ипотекамен баспана ала алады. Отандық статистика комитетінің берген ақпары бұл. Оның өзі несиенің жеңілдетілген түріне қол жеткізе алатындары. Біз бакнтердің біріне барып, өзіміздің есебімізді жүргізіп көрдік. Сонымен, баспаналы болып, берешекке батқысы келетіндер неге дайын болуы керек? Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Статистика комитетінің шығарған есебі күрделі мәселенің бір шетін ашқандай болды. Тұрақты жұмыс істеп жүргендердің 42 пайызы ғана жеңілдетілген ипотеканы ала алады. Ал банктің өз бағдарламалары бойынша ұсынатын пәтер несиесі 22 пайыз адамға ғана қолжетімді. Жеңілінен үміттісі 106 мың теңгелік жалақысы болуы шарт делінген есепте. Біз банктердің біріне бас сұғып, өзіміз шарттармен танысқан болатынбыз. 

«Астана қаласы шеңберінде қарастырсақ. 1 бөлмелі пәтердің құны – 12 млн теңгенің шамасында. Пәтер іздеп жүрген ерлі-зайыптылардың бір баласы бар делік. «7-20-25» бағдарламасы бойынша баспанаға қол жеткізу үшін отбасының жалпы кірісі 170 мың теңгенің айналасында болуы керек. Оның 68 мыңы ай сайын несие жабуға жұмсалады. Сонда 25 жылда қарыздың үстіне 10 770 000 теңге бересіз».

“170 мыңнан біз ай сайын төлемді алып тастаймыз жаңағы 68 мыңды. Сосын 3 адамға шығындарды санаймыз. Ерлі-зайыпты болса және балалары болса, 3 адамның шығындары, коммуналдық төлемдерді санаймыз. Несиеден бөлек, бір адам басына 40 мың теңгедей қалуы керек. Ол коммуналдық төлемдерді санамағанда. Ол тек жаңағы кісінің күнделікті қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін қалатын ақша» — дейді жеке тұлғаларға несие беру басқармасының басшысы Бейбіт Ақмұров.

«Банктердің біріндегі жеке бағдарлама бойынша дәл осы шартты қолдансақ. Сол отбасы 12 млн теңгелік пәтерді алу үшін қолында баспана құнының 30 пайызы болуы керек. Яғни, 3 600 000 теңге  алғашқы жарна. 17 пайыздық мөлшерлемемен ай сайын 130 000 теңге беріп отыру керек. Отбасының кірісі кем дегенде 270 мың теңге болуы шарт. 15 жылда қарызыңыз екі жарым есе өседі. Берешектен бөлек 15 000 000 теңге асыра төлейсіз».

Сандарды көріп, шошып қалған шығарсыз. Ұсынылатын шарт осы. Банктерге жиі барып кеңес алатындар таң қалмас. Тәуелсіз экономистердің есебі бойынша, елде 6 млн жалдамалы жұмысшы бар. Медианды жалақы деген түсінік бар екен ортада. Ол осы жұмысшылардың жартысы қанша қолға алатынын білдіретін мән.

“3 миллионнан астам адам 108 мың және одан төмен жалақыны алады. Оларда жанұялары бар болуы мүмкін. 108 мың теңгені алатын адам Астана мен Алматыда немесе басқа үлкен қалаларда пәтер ала алады деу өте қиын менің ойымша», -дейді экономикалық зерттеу институтының жетекші ғылыми қызметкері Мадияр Кенжеболат.

«Қиналмай төлеймін» дегендердің бетін қайтарғанын да көрген едік. Мәселен, Астана тұрғыны Аслан Әбілов ипотекаға пәтер аламын деп тосын жайға тап болғаны бар. Мемлекеттік бағдарлама бойынша үмітін үздіріп, өз несиесін ұсынғанда бас тартқан.

«Осы күзде банктердің біріне құжат тапсырғанмын. Менің төлем қабілетімді тексеріп шыққан соң, маған «7-20-25» бағдарламасымен өте алмайтынымды айтты. Бірақ, дәл осы табысыммен сол банктің «ипотека лайт» деген бағдарламасына қатысуға мүмкіндігім бар екен. Оның пайызы өте жоғары. Сонда мемлекеттік бағдарламамен 89 мың теңгені төлей алмайды екенмін де, банктің өзінің бағдарламасымен үй алуға табысым жетеді екен», — дейді қала тұрғыны Аслан Әбілов.

Біреудің қолы қысқа, енді біреудің беті қайтып жатқанда, пәтер жалдап жағалап жүргендер таусыла қоймас. Айтпақшы, экономист мамандар ипотека төлемі жалдау құнымен шамалас болса ғана алу керек деп кеңес айтуда. Егер ай сайынғы төлем тым көп болса, банкке жолаудың қажеті шамалы дейді.

«Қамшы» сілтейді