БАҚ: БҚО-да зымыран бөлшегі құлады

0

Батыс Қазақстан облысында зымыран бөлшегі табылды деп хабарлады жергілікті «Мой город» сайты 31 қаңтарда.

«Бұл жанармай багы сияқты, 30 қаңтарда шекарашылар тапқан. Кеше (30 қаңтар — ред.) Ресей жаттығу өткізген және зымыран бөлшегі сол жақтан ұшып келді деп ойлаймыз. Оқиға орнында шұғыл топ жұмыс істеп жатыр. Ешкім зардап шекпеді» деді Бөкейорда ауданының әкімі Нұрлан Рақымжанов.

Сайттың жазуынша, зымыран бөлшегі Батыс Қазақстан облысы Бөкейорда ауданындағы «Молодость» өткеліне жақын маңға құлаған. Бұл аумақтан мемлекеттік шекараға дейін үш шақырым жер бар.

Қазақстанның батыс өңірінде осыған ұқсас оқиғалар жиі болады. 9 қаңтарда да Ақтөбе облысы Байғанин ауданы Ноғайты ауылынан екі-үш шақырым жерде ауыл мен зират арасына әуеден белгісіз темір бөлшегі құлаған еді. Қорғаныс министрлігі 11 қаңтарда зымыран Ресейдің қорғаныс министрлігінің жоспарлы жаттығуы кезінде ұшырылған деп мәлімдеді. Нақты қай полигоннан ұшырылғаны айтылмады.

Кейбір ресейлік БАҚ Ақтөбе облысына «Искандер-М» жедел-тактикалық зымыран кешенінен ұшырылған зымыран бөлшегі құлады деп хабарлаған. Қорғаныс министрлігі бұл ақпаратты жоққа шығарып, темір бөлшекті «атмосфераның жоғары қабатын зерттеу үшін жіберілген геофизикалық зымыранның» қалдығы деп атады.

Оқи отырыңыз: Министрлік Ақтөбе облысында құлаған зымыран бөлшегі туралы айтты

Қазақстанда Ресейдің үш әскери полигоны бар. Ресейдің қорғаныс министрлігі онда зениттік-зымыран кешендерін, зымыранға қарсы жүйе құралдары мен жедел-тактикалық зымырандарды сынақтан өткізеді. Бұған қоса, Ресейдің өз ішіндегі полигондардан ұшырылған зымырандарға шартты нысан ретінде пайдаланады.​

Оқи отырыңыз: Нью-Йорк қазақтары Қазақстандағы Ресей полигондарын жабуды талап етті

Azattyq