«Бала туу – ауыр емес»: Әйелдің босанған сәтін суретке түсіретін қазақстандық фотограф жұмысының «ұят емес» екенін айтты — Қазақстан жаңалықтары

0

Камила Исаева — босану сәтін суретке түсіретін Қазақстандағы алғашқы фотограф. Ол әйелдің толғағы басталғаннан бастап босанғанға дейінгі эмоциясын суретпен көрсетеді. Бұған қазақтар қалай қарайды? Мұндай мамандық менталитетімізге жат дейтіндер көп пе? Осы туралы және жұмыс кезіндегі қызық, әрі қиын сәттерімен Камила ханым Stan.kz ақпарат агенттігінің тілшісімен бөлісті. 

–    Камила ханым, босану сәтін суретке түсіру қиын емес пе? 

–    Мен жұмысымды сүйіспеншілікпен жасаймын. Әрине, кейде қиын сәттер туып жатады. Перзентхана басшылығынан рұқсат алғаныммен де кейде дәрігерлер босану процесіне қатысуыма қарсылық білдіреді. Босану сәті оңай шаруа емес. Сондықтан да ондағылардың ешқайсысына кедергі келтірмеуге тырысамын. Босану процесі бірдей болғанымен, әр баланың дүниеге келуі әртүрлі болады. Өйткені әр әйелдің өзіндік ерекшелігі бар. Мен үшін босану кезеңі қызық. Сол үшін де Мәскеудегі ана болу кеңесі мектебінен білім алып, «босануға даярлық» онлайн курсын жасадым. Мен тек суретке ғана түсіріп қоймай, сондай-ақ, босану кезінде әйелдерге өз кеңесімді беріп отырамын. Қалай тыныс алу керек, қандай қимылдар жасау керек, қандай түрлі жаттығулармен жеңіл босануға болатыны туралы айтамын. Көп әйелдер түнде босанады. Осы себептен қаланың сыртына шыға алмаймын. Сол жағынан кішкене қиындау. Содан кейін әр әйелдің босану уақытын алдын-ала жоспарлап біліп жүремін. Бірде 15 сағат бойы суретке түсіріп, перзентханадан шығып келе жатқанымда басқа бір клиентімнен «босанғалы жатырмын» деген хабар келді. Міне, осындай жағдайлар көп болады. 

–    Біздің қоғамда әр ашық сипаттағы нәрсеге «ұят болады» деп қарайды. Осыған байланысты жұмысыңызда кедергілер тумады ма?

–    Бұл сала мен үшін қатты маңызды. Өмірге сәби әкелу – ол ең керемет дүние. «Ұят болады» деген қоғамдағы әр әйел мен еркекке босану сәтіндегі суреттерім арқылы осыны түсіндіргім келді. Бала туу ол – ұят емес. Бұл үлген өзгеріс және өміріміздегі ең маңызды сәт. Әйелдің босануын сурет арқылы көрсете білгенім үшін қуаныштымын. Әйелдерге бала туу – ауыр нәрсе емес, ең бақытты сәт екенін түсіндіргім келеді. Бұл тек бала туу кезеңі ғана емес, әйелдің ана болу шағы.

–    Сіздің мамандығыңызға қатысты жағымсыз пікір білдірушілер кездесе ме?

–    Жоқ жағымсыз пікір естіген емеспін. Мен перзентханада жасаған фотосессияларымды көрсеткенде адамдар өздері-ақ түсініп жатады. Егер қарсы болса, онда мені ешкім перзентханаға кіргізбес еді. 

–    Мұндай фотосессия түрін таңдауыңызға не себеп болды? 

–    Қызымды босанғаннан кейін осы саламен айналысуды ойладым. 2012 жылдан бері фотограф болып жұмыс істеймін. Бірақ әдеттегі фотосессияларды жасайтынмын. Сөйтіп 2017 жылы декретте отырып ойыма әйелдердің босану кезін суретке түсіру келді.

–    Босану сәтін суретке түсіру үшін қанша сағат кетеді?

–    Егер кесар тілігі болса, онда 4-5 сағат. Ал табиғи жолмен босанса, 8-12 сағат. Кейде босану процесі 16 сағатқа дейін созылып жатады. Әр кезде әртүрлі болады. 

–    Жұмыс барысы кезінде қандай қиындықтар орын алады?

–    Бұл жұмыстың қиындығы өте көп. Дәрігерлермен сөйлесе білу керек және босану кезінде ешкімге кедергі жасаму керек. Көп әйелдер түнде босанатындықтан, алыс жерге кете алмайсың, өйткені әйел босанып қалуы мүмкін. Бұл өте жауапты жұмыс. Әр эмоцияны, жағдайды сол уақытта түсіріп үлгеруің қажет. Өйткені ол сәт қайтып айналып келмейді. Жарық түсу жағынан қиын. Кейбір кезде жарық аз болады. Осындай кездерде фотографқа қиын. 

–    Тапсырыс көп бола ма?

–    Қазір карантин уақытында жұмыс істеп жатқан жоқпын. Тапсырыстар жетерлік. Бірақ көп тапсырыс алмаймын. Жұмыстан кейін демалып алған жөн. Өйткені босану процесі оңай дүние емес. Оның қандай жағдайда өтетіні де белгісіз. Кейде толғақ кезінде әйелді шұғыл жағдайда кесар тілігіне алып кетеді. Соған фотограф та дайын болуы қажет.

–    Бір айда қанша тапсырыс аласыз?

–    Егер бір перзентхана болса, айына 6-7 фотосессия жасауға болады. Мен бірнеше перзентханамен жұмыс істеймін. Сол үшін айына 4 фотосессия ғана жасаймын. Өйткені басқа әйелдердің босануына үлгермей қалуым мүмкін. 

–    Жалпы бізде босану кезінде серіктес ертіп апарғанға көбі қарсылық білдіріп жатады. Сіз бұған қалай қарайсыз?
–    Қарсы емеспін. Босану кезінде ер адамдарды да суретке түсіремін. Сәбиін алғаш қолға алуын және кіндігін өздері кескенін көрсетемін. Әйелде кесар тілігі болған жағдайда, баланы әкесінің кеудесіне қояды. Бұл әке үшін де және сәби үшін де өте маңызды сәт. Мен жұмысымды бастаған жылы мұндай фотосессияға шетелдіктер келісетін шығар деп ойлаған болатынмын. Бірақ тапсырыс өзіміздің жергілікті тұрғындардан түседі. Заманауи көзқарастағы ер азаматтардың әйеліне, сәбиіне деген қарым-қатынасы ерекше. Осындай жұмысым арқылы серіктеспен босануды көрсете алғаным үшін бақыттымын. Фотограф мамандары үшін босану кезінде қалай суретке түсіру туралы курс жасадым. Сонымен қатар, қыста өткізген «босануға даярлық» курсын ары қарай дамытуды жоспарлап отырмын. Ол жерде өзіңді босануға қалай даярлау керек, демалумен жұмыс істеуді, массаж жасау, туудан қорықпауды үйретемін. Карантин бітсе, бұрынғы тірлігімізге қайта оралғанымызды тілеймін. Қазақстандық еркектер мен әйелдерге бала сүю ол – ұят емес, ең керемет сезім екенін суреттерім арқылы түсіндіретін боламын. 

— Камила, қызметіңіз қанша тұрады?

— Әртүрлі, оны біз клиентімізбен келісеміз. 

 

Сұхбат алған: Анар Дәукен

stan.kz