Баяхмет Жұмабайұлының этнографиялық тақырыптағы 7 кітабы жарық көрді

0

5 сәуір күні Алматыда Жазушылар одағының кітапханасында этнограф ғалым Баяхмет Жұмабайұлының жеті кітабының тұсауы кесілді. Тек этнографиялық тақырыптарды өзек еткен жеті бірдей кітап қазақ руханиятына қосылған мол қазына.

Кітаптардың тұрсаукесер рәсіміне «Жұлдыз» журналының бас редакторы, ақын Ғалым Жайлыбай, тарихшы ғалым Нәбижан Мұхаметханұлы, журналист, қоғам қайраткері Нұртілеу Иманғалиұлы, әдебиеттанушы ғалым Темірхан Тебегенов және т.б зиялы қауым өкілдері қатысты.

Баяхмет Жұмабайұлы – тумысынан елгезек, жүрген жолында кездескен, қазақ болмысы жөнінен құнды деп таныған дүниелерін жинап, зерттеп, зерделеп жүруді әдетіне айналдырған, көптің дүниесін көз жанарындай қорғаған азамат.

Аты тұсаукесер болғанымен, аталған шарада ғылыми конференцияға бергісіз жаңаша ойлар мен толғақты түйіндер сөз болды. Қос қолдап қолпаштаудан көрі, нақты, дәйекті, тиянақты көрсетілген ой-пікірлер айтылды. Бұл Баяхмет Жұмабайұлының ұшан-теңіз жиған-тергенінің бір бөлегі ғана. Ел мен жұртына алда тағы да көптен-көп құнды мұралар сыйға тартады деп ойлаймыз. Кітаптың шыққаны бір әңгіме де, шыққан кітаптың жұрт жүрегінен орнын тауып, ғылыми айналымға еніп, өсеген ұрпақтың бойындағы қаны үшін, ұлттық дүниетанымы үшін қызмет атқаруы бір бөлек әңгіме. Біз Б.Жұмабайұлы еңбектерін ғасырлар өтсе де құнын жоймайтын сүбелі дүриелер қатарынан орын алуына тілектестік білдіреміз!

Баяхмет Жұмабайұлы – этнограф, жазушы. Ғалымның «Шәкәрімнің өр Алтайда ізі бар», «Жер атында жетерлік тарих бар», «Шәкәрімнің еш жерде жарияланбаған философиялық өлеңдері» сынды еңбектері ел есінде.
Б.Жұмабайұлының Қазақстанға келуі – үлкен рухани байлықтың тәуелсіз елімізге деп түсінсек артық болмайды.

Әділет Ахметұлы

KzNews.kz