Атышулы ломбардтарға қатысты тың дерек шықты

0

 

НҰР-СҰЛТАН, 24 ақпан – Sputnik. Қазақстанда «Гарант 24» және «Estate Ломбард» ломбардтары төңірегіндегі дау өршіп барады. Республика өңірлерінде директорлар бірінен соң бірі ұсталып жатыр, ал полиция салымшылардың арыз-шағымына толды. Sputnik Қазақстан атышулы ломбардтарға қатысты көпке беймәлім ақпараттарды назарларыңызға ұсынады.

Даудың басы 21 ақпан жұма күні басталды. «Гарант 24» және «Estate Ломбард» клиенттері кеңсеге жиналып, салған ақшасын қайтаруды талап еткен.

Нұр-Сұлтан мен Ақтөбеде ломбард кеңселерінің алдында ұзын-сонар кезек түзілді.

22 ақпан, сенбіде Атырауда тағы бір ломбард – Home Avto Invest директорын клиенттер тұтқынға алғаны белгілі болды.

Өңірлік «Ақ Жайық» басылымының ақпаратынша, ер адамды драма театрының маңындағы көп қабатты үйдегі пәтерлердің бірінде ұстап отырған.

Қала тұрғындары ақшасын қайтарып алғаннан кейін ломбард иесін босатуға уәде етті.

Қазір ломбард қожайыны ұсталды.

Атышулы ломбардтар туралы не білеміз

«Гарант 24»

«Гарант 24» ломбарды – жауапкершілігі шектеулі серіктестік. Басшысы – Аслан Мұрзабеков.

Кәсіпорынның бас кеңсесі Нұр-Сұлтанда Сығанақ көшесі, 25, 4Б пәтері мекенжайында орналасқан. Бұдан бөлек, елордада екі ломбард бар: Майлин, 23 және Момышұлы, 17а мекенжайында. Сондай-ақ, басқа өңірлерде де ломбард бөлімшелері жұмыс істейді.

«Учет. Проверка контрагента» сайтының мәліметінше, кәсіпорын ломбард қызметін жүзеге асырады, бұған қоса, «Несиелеудің өзге де түрлері» атты тағы бір қызмет түрі көрсетілген.

Еске сала кетсек, бұған дейін қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі компанияның банк қызметін жүзеге асыруға лицензиясы жоқ екенін мәлімдеген еді. Тиісінше, қандай да бір кредит операцияларын жүргізе алмайды.

Сондай-ақ, статистика комитетінің дерегінше, кәсіпорында 51 адамнан 100 адамға дейін жұмыс істейді.

Фирманың салық бойынша берешегі де бар. Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, қарыз сомасы 121 мың 277 теңгені құрайды.

Тағы оқыңыз: Бірнеше басшы ұсталды: Қазақстан ломбардтарында не болып жатыр

«Гарант 24» компаниясының ресми сайтын таба алмадық. Алайда мессенджерлерде өз клиенттеріне арналған арнайы чаттары бар. Қазір ол жерде ломбард басшылығының алаяқтығына қатысты қызу пікірталас жүріп жатыр.

«Estate Ломбард»

«Estate Ломбард» ЖШС бас кеңсесі Алматыда орналасқан: Жамбыл көшесі, 175, 1 пәтер. Басшысы – Нұржан Елеуов.

Бұл кәсіпорын да ломбард қызметін жүзеге асырады, жұмысшылар саны – 11-ден 15-ке дейін. Мұндай мәліметтер статистика комитетіне сілтеме жасаған «Учет. Проверка контрагента» сайтында көрсетілген.

Кәсіпорын сенімді деп танылған, заң бұзушылықтары мен берешегі жоқ.

Home Avto Invest

Home Avto Invest ЖШС-ның заңды мекенжайы Ақтөбеде тіркелген: Әлия Молдағұлова даңғылы, 57В, 74 пәтер. Кәсіпорын басшысы – Нұрбек Зейнеденов.

Фирманың нарықта жұмыс істеп жатқанына үш жылдан асты, бірақ қызмет түрі бөлімінде «Жарнама агенттігі қызметі» деп көрсетілген. Жарнаманың ломбардқа не қатысы бары белгісіз.

24 ақпандағы мәлімет бойынша, Home Avto Invest компаниясының 1832 теңге салық берешегі бар. Бұдан бөлек, кәсіпорын мемлекеттік сатып алуларға қатысқан. Мемлекеттік сатып алулар порталының дерегінше, ол сенімсіз жеткізуші болып танылды.

«Реестрге енгізу себебі: әлеуетті жеткізуші мемлекеттік сатып алулар туралы келісімшарт бекітуден бас тартты», – делінген хабарламада.

Sputnik Қазақстан тілшісі бұл кәсіпорынға қатысты қандай шара қолданылып жатқанын білу үшін ішкі істер министрлігінен ақпарат сұратты.

Қазақстандықтар шағымданып жатыр

Нұр-Сұлтан, Ақтөбе, Атырау және басқа өңірлердің тұрғындары бірнеше күннен бері «Гарант 24», «Estate Ломбард» және Home Avto Invest ломбардтарына салған ақшасын қайтара алмай жатқанын айтып шағымданды.

Ақтөбе облысы тергеу басқармасының мәліметінше, «Гарант 24» ломбардында тексеріс басталған, нәтижесі кейінірек белгілі болады.

Тағы оқыңыз: Қуат «Найман» Хамитовтың басы бәлеге қалды

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінен атап өткендей, бұл компаниялар лицензиясы да болмаса да, банк қызметін заңсыз жүзеге асырған.

Агенттік ломбардтардың қызметін қаржы пирамидасымен салыстырды.

Директорлардың ұсталуы

22 ақпанда бірқатар өңірде «Гарант 24» ломбарды филиалдарының директорлары ұсталды.

Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі Павлодар, Тараз және Қарағандыда ломбард директорлары қамауға алынғанын мәлімдеді.

Өңірлердегі тергеу басқармалары кәсіпорындарда тексеріс бастады. Құқық қорғаушылар алаяқтық және қаржы пирамидасын құру бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр.

Қазақстандықтардың алаяқтықтан қанша жоғалтқаны әзірге белгісіз. Алайда миллиондаған қаржыдан айырылғаны аян.

Жұлдыздар да сан соғып қалды

23 ақпанда қазақстандық әншілер, актерлер мен вайнерлер атышулы ломбардтың арбауына түсіп қалғанын мойындап, желіде мәлімдеме жасай бастады.

Танымал вайнер Мейіржан Төребаев «Гарант 24» ломбардының үстінен полицияға арыз жазған. Айтуынша, ломбард қызметкерлері оны алдап, автокөлігін алып қойыпты.

Өз сөзінің дәлелі ретінде ол ломбардпен бекітілген келісімшартты көрсетті.

Опық жеп қалғандардың қатарында әнші Айқын Төлепберген де бар. О инстаграмдағы парақшасында ломбард жарнамасына түскеніне өкінетінін мәлімдеді. Айтуынша, ол да өзге клиенттер секілді алданып қалған.

Әртіс Асылхан мен Артур Төлеповтер де сан соғып қалған.  Олар ломбард жарнамасына түскені үшін қазақстандықтардан кешірім сұрады.

Ал файтер Қуат «Найман» Хамитовтің жанкүйерлері болса, «Гарант 24» ломбардын жарнамалағаны үшін халықтан кешірім сұрауды талап етуде.

sputniknews.kz

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз