Атырауда үздік спортшылар марапатталды

0

2018 жылғы 26 желтоқсан 16:33 285

Атырауда үздік спортшылар марапатталды


АТЫРАУ. ҚазАқпарат —  Атырауда  кеше  спортшылар балы өтті. Бұл кеш спортшылар үшін өткен жылды қорытындылайтын кеш болды. Шарада 18 номинация бойынша облыс үздіктері анықталды, деп xабарлайды ҚазАқпарат өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.

Облыста жыл сайын дәстүрлі түрде үздіктерді қорытындылайтын шараға республикадағы спорт саласының майталмандары жиналды. Шараны салтанатты түрде ашқан облыс әкімі ел мақтанышына айналған жерлес спортшыларға атыраулықтар атынан алғыс білдірді.

«Сіздерге қарап жастар бой түзейді, спортпен айналысқысы келеді. Сіздердің жетістіктеріңізді көріп сіздер сияқты болуға талпынады. Арттарыңыздан ерген көптеген іні-қарындастарымыз да бастаған істі абыройлы жалғастырып келе жатыр. Облыстың спорт саласындағы жетістіктерін қысқаша тамашаладық. Бұл бір ғана бөлігі. Біз өз спортшыларымызды құттықтаймыз. Алда талай жетістікке жетіп, облыс қана емес, ел мақтанышына айналуларыңызға тілекшіміз және әрдайым қолдау білдіреміз», — деді Нұрлан Ноғаев.

Сонымен қатар, аймақ басшысы үздіктерге Қазақстан Республикасы Мәдениет және Спорт министрлігінің Төсбелгісін және облыс әкімінің Алғыс хатын табыстады.

Сондай-ақ, «Жыл спортшысы» мен «Жыл жаттықтырушысын» анықтады. Биылғы жылы «Жыл спортшысы» болып Джакарта қаласында өткен Паражүзуден екі алтынға ие болған Халықаралық дәрежедегі спорт шебері Ержан Сәлімгереев атанса, «Жыл жаттықтырушысы» аталымы каратэден облыстық жастар командасының жаттықтырушысы Болат Ізбасқановқа бұйырды. 

Мерекелік жиында Жақсылық Үшкемпіров, Ермахан Ибраимов, Болат Теміров, Максим Раков, Айбек Нұғымаров, Спорт ардагері Ақмырза Батырхайыровтар құттықтау сөз сөйлеп, «Ең үздік жас спортшы», «Жыл серпілісі», «Ең үздік жасөспірім спортшы», «Үздік федерация», «Спорт жанашыры», «Үздік спорттық әкім», «Үздік спорт серіктесі», «Үздік спорттық басшы», «Үздік спорттық бөлім», «Үздік бұқаралық-спорттық шара», «Үздік спорт ардагері», «Үздік команда», «Үздік спорттық ұйым», «Үздік спорт жаңалықтарының шолушысы», «Үздік спорттық жоба», «Үздік спорт тілшісі» номинацияларының жеңімпаздарын анықтады.
Атырауда үздік спортшылар марапатталды 

Атырау облысы Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ринат Ибрагимов спорт жанашырларына басқарманың Алғыс хатын табыстады.

Спорт балына қатысқандар облысымыздың спортшылары республикалық және халықаралық жарыстарда иеленген 300 кубоктен тұрғызылған жаңа жылдық шыршаны тамашалады.            

Атырауда үздік спортшылар марапатталды  

 

Дереккөз: https://www.inform.kz/kz