«Атажұрт еріктілерінің» жетекшісі Серікжан Біләштің ісі сотқа кетті

0

Бүгін, 24 шілдеде адвокат Айман Омарова өзінің қорғауындағы белсенді, Шыңжаң қазақтарының мәселесін көтеріп жүрген «Атажұрт еріктілері» тіркелмеген ұйымының жетекшісі Серікжан Біләшқа (құжаттағы тегі — Бияш) қатысты тергеу аяқталып, істің сотқа кеткенін хабарлады.

— Нұр-Сұлтан қалалық прокурорының орынбасары, әділет кеңесшісі Өтегеновтің 19 шілде күні қол қойған айыптау актісі шықты. Іс сотқа кетті, — деді Алматыдағы «Атажұрт еріктілері» ұйымының офисінде өткен баспасөз маслихатында сөйлеген Айман Омарова.

Адвокаттың сөзінше, Серікжан Біләшқа Қылмыстық кодекстің «Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру» бабы бойынша (174-батың 1-бөлігі) айып тағылған.

Бұл бап бойынша екi жылдан жеті жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеу не сол мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Біләш қазір Нұр-Сұлтанда үйқамақта отыр. Қазақстан билігі биыл наурызда оны Алматыда ұстап, үстінен Қылмыстық кодекстің «араздық тудыру» бабымен іс қозғаған. Қазақстандық құқық қорғаушылар Шыңжаң қазақтарының мәселесімен айналысатын Біләшқа Нұр-Сұлтан қысым көрсетіп отыр деп мәлімдеген.

Бұрын Шыңжаңда тұрған этникалық қазақ Серікжан Біләш Қазақстанға келген соң «Атажұрт еріктілері» ұйымын құрған. Ұйым 2017 жылдың көктемінен бастап Қытай билігінің аз ұлттарға көрсетіп жатқан қысымына қарсы шығып, Алматыда түрлі жиындар мен баспасөз мәслихатын өткізді. Туған-туыстары мен жақындары Шыңжаңда қамауда отырғандардан сұхбат алып, видеоларды Youtube және Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшаларында үздіксіз жариялап келген. Қазақстан билігі бұл ұйымды бірнеше рет тіркеуден бас тартты.

Azattyq