атаулы күндер, тарихи оқиғалар, танымал есімдер

0

Бұл Григориан күнтізбесіндегі 360-шы күн. Жыл соңына дейін 5 күн қалды

26 желтоқсанда не болды?

Бұл күннің несімен есте қалғанын дерекқорынан оқыңыз.

26 желтоқсанда қандай қызықты оқиғалар болды

Бүгін халықаралық крупье күні. Логикасы мен математикалық және аналитикалық ойлау қабілеті мықты, айналасындағылармен әңгімелесіп, ойыншыларды қызықтыра білетін кәсіби мамандардың барлығын бұл мерекемен құттықтауыңызға болады. Әдетте крупье деп казинодағы ойынды жүргізетін адамды айтады. Ол ұтыс мөлшерін белгілеп, оны жеңімпазға табыстайды және ойынның барынша әділ өтуін бағалайды. Сондай-ақ, крупьені Америкада диллер деп атау сәнге айналды.

Мұнымен қатар, бүгін әлемнің түкпір-түкпірінде сыйлық беру күнін атап өтіп жатыр. Католигтердің Рождествосынан кейін әлем халқы бір-бірлерін тағы бір мәрте осы мерекенің құрметіне сыйлық беріп қуанта алады. Бұл мерекені америкалықтар, канадалықтар, ағылшындар, норвегиялықтар және Жаңа Зеландия тұрғындары атап өткенді жақсы көреді. Әр мемлекетте өзіндік атап өту дәстүрі қалыптасқан. Мысалы, Норвегия тұрғындары оны достармен бірге өткізіп, түрлі ойын ойнағанды ұнатады. Мереке қарсаңында әдетте дүкендерде тауарлар арзандатылған бағамен сатыла бастайды.

Сондай-ақ, бүгін түстерді «аулау» күні мерекесі. Түс нағыз таңғажайыптың өзі. Бірде белгісіз жаққа алып кетсе, енді бірде сюжеттерінің жиі алмасуымен қызықтырады. Түсті күндіз ұйықтамаған кезде көру мүмкін емес. Оның белгілі бір бөлшектерін ғана оянған соң есімізде сақтай аламыз. Осы орайда халық түстерді көбірек есте сақтау үшін оларды «аулау» күнін ойлап тапты. Ал неліктен 26 желтоқсан? Мәселе бұл кезде түннің барынша ұзақ болатынында.

26 желтоқсанда әлемде қандай тарихи оқиғалар болды

1898 жылы француз ғалымдар Пьер мен Мария Кюри Радийдің ашылғаны туралы хабарлады;

1931 жылы Токиода бір жылдан кейін Nissan деп атын ауыстырған Dat Jidosha Seizo компаниясы құрылды;

1946 жылы Лас-Вегаста әйгілі гангстер Багс Сигель салдырған «Фламинго» қонақүйі ашылды. Осы күннен бастап Лас-Вегас ойын бизнесінің әлемдік астанасына айналды;

1975 жылы кеңестің жолаушыларға арналған «Ту-144» ұшағы тұрақты түрде ұша бастады.

26 желтоқсанда Қазақстанда болған тарихи оқиғалар

1991 жылы Қазақстан Республикасы мен АҚШ арасында толық масштабтық дипломатиялық қарым-қатынас орнатылды;

2005 жылы Ақтөбе облысы Алға аудан орталығында Мұхамбетқазы Меңдіқұлов хазреті атындағы мешіт ашылды;

2009 жылы Павлодар облысы Екібастұз қаласында жылына 50 миллион кірпіш құрайтын жаңа зауыт іске қосылды.

26 желтоқсанда әлемде дүниеге келген танымал тұлғалар

1949 жылы кеңес және Ресей киносы мен театрының актері, әнші, тележүргізуші Михаил Боярский дүниеге келді;

1963 жылы америкалық рок-музыкашы, «Metallica» тобының құрушыларының бірі Ларс Ульрих туды;

1971 жылы фотомодель, сән сыншысы, редактор Татьяна Сорокко дүниеге келді;

1986 жылы телевидение, кино және театр актері Кит Харингтон дүние есігін ашты.

26 желтоқсанда Қазақстанда кімдер дүниеге келді

1894 жылы мемлекет қайраткері, Орталық Азиядағы алғашқы тарихшылардың бірі, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліске қатысушысы Тұрар Рысқұлов дүниеге келді.

Ай күнтізбесі

Ай Арыстан белгісіне келіп тоқтайды. Бүгін бұрын-соңды өзіңіз аса елемеген майда-шүйделерге барынша мән беріңіз. Сондай-ақ, сүйіктіңізбен арадағы қиындықтар туралы сөйлесетін уақыт келген сияқты. 


Дереккөз: https://sputniknews.kz/