атаулы күндер, танымал есімдер, тарихи оқиғалар

0

Бұл – Григориан күнтізбесінде 176-ші күн. Жыл соңына дейін 189 күн бар

25 маусымда не болғанын білесіз бе?

Бұл күннің несміне есте қалғанын Sputnik дерекқорынан оқыңыз.

25 маусымда қандай айтулы оқиға болды

Жыл сайын 25 маусымда бүкіл әлемдегі славян халқы Славяндардың достығы мен бірлігі күнін атап өтеді. Дүние жүзінде 270 миллиондай славян бар. Бұл мейрам әсіресе үш бауырлас елде кең тойланады – Ресей, Украина және Беларусь. Мереке славяндардың түп-тамыры бір, мәдениеті мен салт-дәстүрі ортақ екенін білдіреді. Жалпы, славяндар мына мемлекеттерде тұрады: Ресей, Словакия, Сербия, Болгария, Беларусь, Босния және Герцеговина, Польша, Македония, Словения, Украина, Черногория, Хорватия, Чехия.

Сонымен қатар бүгін – Халықаралық теңізші күні. Бұл мейрамды әлемдік экономикаға теңдессіз үлес қосып жатқан сауда флотының теңізшілері атап өтеді. Теңізші күні 2010 жылы Миландағы конференцияда қабылданды. Бұрын ежелден келе жатқан теңіз кәсібінің төл мерекесі жоқ еді. Көне заманнан бері мемлекеттер мен құрылықтар сауда кемелері арқылы өзара байланысады. Әлемдік сауданың 80 процентінен астамы сауда флоты арқылы жүргізіледі. Бұл салада бір жарым миллион теңізші қызмет етеді. Олардың мамандығы әскери болмаса да, қиын әрі қауіп-қатерге толы.

Сонымен бірге бүгін – Дүниежүзілік витилиго күні. Витилиго (Ақтаңдақ) – тері ауруы: теріде, шашта, көздің торлы қабатында меланоциттер қызметі төмендеп немесе мүлдем жоғалған кезде ақ түсті дақтар пайда болады. Ауру кез келген жаста басталуы мүмкін, бірақ 70%-і жиырма жасқа толмаған адамдарда таралған. Витилигоның пайда болу себебі мен механизмі осы күнге дейін анықталмаған, сол себепті дерттің дауасы әлі табылған жоқ.

25 маусымда әлемде болған тарихи оқиғалар

1899 жылы Денвер газеттерінде Ұлы Қытай қорғанының бұзылатыны туралы хабар тарады;

1950 жылы Корея соғысы басталды;

1967 жылы бүкіл әлемде телебағдарлама тікелей эфирде көрсетілді. «Біздің әлем» бағдарламасы әлемнің 24 елінде көрсетіліп, 400 миллион көрермен The Beatles тобының All You Need Is Love (Саған бар керегі — махаббат) әнін тыңдады;

1969 жылы КСРО-дағы алғашқы рок музыкасын орындаушы «Машина времени» тобы құрылды.

25 маусымда Қазақстанда болған тарихи оқиғалар

1916 жылы Қазақ және Түркістан өлкелерінен және ішінара Сібірден 19-43 жас аралығындағы ер азаматтарды майдандағы қара жұмысқа шақыру туралы орыс патшасының жарлығы шықты. Бұл қазақ жеріндегі ұлт-азаттық көтерілістің тұтануына түрткі болды;

1934 жылы академик Ахмет Жұбановтың бастамасымен Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік оркестрі құрылды;

1991 жылы «Қазақ КСР министрлер кабинеті туралы» заң қабылданды;

1993 жылы Қазақстан мен Аргентина арасында дипломатиялық қарым-қатынас туралы хаттамаға қол қойылды;

2010 жылы Алматыда «Ұлы Жібек жолы — 1000 жыл өткен соң» жобасы басталды;

2011 жылы Түркістанда  Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне жақын жерде белгісіз діннің ғибадатханасы табылды.

25 маусымда дүниеге келген танымал тұлғалар

1903 жылы ұлыбританиялық жазушы және публицист Джордж Оруэлл дүниеге келді. «1984» антиутопиялық романы және «Мал қора» повесімен көпшілікке танымал;

1946 жылы ағылшын рок музыканты, King Crimson және Foreigner тобында өнер көрсеткен Иэн Макдональд дүниеге келді;

1963 жылы ағылшын поп әншісі әрі композиторы Джордж Майкл дүниеге келді;

1975 жылы ресейлік шахматшы Владимир Крамник дүниеге келді.

25 маусымда Қазақстанда кім туды

1893 жылы қазақ ақыны Мағжан Жұмабаев дүниеге келді;

1943 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, «Алтын адам» сыйлығының иегері, Ресей мемлекеттік сыйлығының иегері Владимир Толоконников дүниеге келді;

1952 жылы мәжіліс депутаты, халық қаһарманы, генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев дүниеге келді;

1961 жылы қазақ продюсері, кинорежиссері Тимур Бекмамбетов дүниеге келді.

Ай күнтізбесі

Ай Тоқты жұлдызында орналасады. Жан дүниеңізді, үйіңізді, шаруаларыңызды ретке келтіруге өте қолайлы күн. Пайдасы жоқ тірлікке уақыт кетіріп, күш жұмсамас үшін жоспар құрыңыз.



sputniknews.kz