Астанаға газ тартуға зейнетақы қорынан ақша алудың не қажеті бар? Жаңалықтарға шолу

0

Қазақстандық жастардың көбі отанын тастап, өзге елге кетуге дайын емес

«Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы жүргізген сауалнама нәтижесі осындай. Сұралғандардың 63,7% шет ел асу жоспары жоқ. Ал жастардың 8,7% ғана өзге елге көшуге ынталы. Олардың шет елге кетуге ұмтылуының басты себебі — әлеуметтік жағдайын жақсарту.

Теміржол билеттерін алыпсатарлармен күрес жалғасуда

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бақылау жүргізді. Кассаларда бірде бір билет жоқ болса да сұранысқа ие бағыттарға жүретін пойыздардың вагондарында бос орындардың болатындығы анықталды. Алыпсатарлар билетті брондау жүйесінен оңай шешіп алып, екі есе бағасына сатуды кәсіпке айналдырған.

«Тексеру кезінде оңай ақшаны олжалап жүргендерге ҚТЖ және оның еншілес ұйымдары қызметкерлерінің қатысы жоқтығы расталды», – дейді «Жолаушылар тасымалы» АҚ департамент директоры А.Сұлтанов. «ҚТЖ» брондау жүйесінде алыпсатарлардың әрекетін бұғаттайтын «Адал жол» кеңсесін құруды ұсынып отыр.

Алматыдағы Медеу мұз айдыны 19 қазанда ашылады

Жұма күні кешкі сағат 18:00 сырғанаушылар үшін маусым ашық деп жариялады әкімшілік. Билеттер құны ересектерге – 1800 теңге , жастарға (13-23 жас) – 800 теңге, балаларға (7-12 жас) – 400 теңге. 7 жасқа дейінгі балаларға, мүгедектер мен зейнеткерлерге кіру – тегін. «Шымбұлақ» тау-шаңғы кешенінің кезекті маусымы 9 қарашада ашылады.

«ҚИК» 12% жылдық мөлшерлемемен ипотека бере бастайды

«Орда» деп аталатын жаңа ипотекалық бағдарламамен қазақстандықтар осы айдың соңынан бастап пәтер ала алады. Кредит беру екінші деңгейлі банктер арқылы жүргізіледі. Үміткерлердің басында баспанасының бар-жоғы маңызды емес. Бағдарлама арқылы 40 млн теңгеге дейінгі сомаға Қазақстанның 16 қаласынан баспана алу мүмкіндігі бар. Қарыз 20 жылға беріледі. Бастапқы жарнаға төлем қабілетін растаумен үй құнының 30%, растай алмаса 50% құю керек. Бастапқы жарна болмаған жағдайда клиент өзінің басындағы жылжымайтын мүлкін кепілге қоя алады.

Астанада дәрігерлер жүкті әйелді өлім аузынан алып қалды

№2 қалалық көпбейінді ауруханаға 31 жастағы жүкті әйел жүрек ауруымен және жоғары артериялық қысыммен түскен. Алдымен акушер-гинекологтар нәрестені кесарь тілігімен дүниеге әкеліп, одан кейін кардиохирургтер анасының жүрегіне ота жасаған. Дәрігерлер мұндай ауыр паталогиялық жағдайдың алғаш кездескенін айтады. Арада 13 тәулік өткен соң әйел жансақтау бөлімінен кардиохирургия бөліміне ауыстырылған. Қазір сәбиі екеуінің де жағдайы жақсы.

Түркістан облысына еліміздің басқа аймақтары амфитеатр, ипподром және шығыс хауызын салып береді

Облыста жаңа көп бейінді клиника, жастар және оқушылар сарайы, қазақ драма театры сынды жаңа 29 нысан пайда болады. Олардың 17-сін Елбасының тапсырмасы бойынша алпауыт компаниялар, 12-сін Қазақстанның басқа өңірлері сый ретінде салып бермекші. Нысандардың нақты қай жерде бой көтеретіні қаланың бас жоспары бекітілгеннен кейін белгілі болады.

Ұлттық банк төрағасы газ құбыры құрылысына 85 млрд теңгенің неліктен Зейнетақы қорынан алынғаны туралы айтты

Қазақстандықтардың БЖЗҚ ақшасы өздерінің өмір жағдайларын жақсартуға жұмсалып жатыр деп есептейді Д.Ақышев.

– Жоба шығындары өзін-өзі ақтайды: мемлекеттің инфрақұрылымын жақсарту арқылы, халықтың жағдайы жақсарады. Жоба жүзеге асырылған соң солтүстік облыстарының халқы оны бейнетіміздің зейнеті деп қабылдау керек.

Зейнетақы активтерін инвестициялау бойынша барлық шешімдер ашық түрде қабылданады. Қаражат қандай шартпен, қайда кеткені туралы ақпаратты ай сайын көріп отыра аласыздар. БЖЗҚ салымшыларына олардың ақшасы сақтаулы, әрі кіріс кіргізіп тұрғаны маңызды. Сондықтан мұндай шешімдерді құптау керек, – дейді Ұлттық банк төрағасы.

Доллар үш теңгеге арзандады

Қазақстан фонд биржасының таңертеңгілік сессиясында АҚШ доллары орташа бағаммен 363,6 теңгеге сатылды. Кеше, 16 қазан күнгімен салыстырғанда АҚШ валютасы үш теңгеге, 12 қазаннан бері шамамен он теңгеге арзандаған.

Қазақстандық басқа БАҚ-қа шолу:

BAQ.KZ: Еліміздегі жүзімнің 72,5 пайызы Түркістан облысында өсіріледі. Жетісай ауданына қарасты Абай ауылдық округіндегі жүзім алқабы 280 гектарға жетіп отыр. Өңірдегі ең ірі «Махарам» шаруа қожалығы егіс алқабының әр гектарынан 25 центнерге дейін өнім алды.

– Жүзімнің «Тайфы» сортынан жиналған өнімнің басым бөлігі Ресейге жөнелтіліп жатыр. Қазіргі таңда жүзімнің бір келесі 120 теңгеден саудаланып отыр, – дейді қожалық төрағасы.

inform.kz: Санкт-Петербургте Əлихан Бөкейхановқа естелік тақта орнатылады. Алаш көсемінің есімі жазылған тақта 1890-1894 жылдары өзі оқып бітірген бұрынғы Императорлық орман институты, қазіргі Санкт-Петербор мемлекеттік орман-техникалық университетінің Ғылыми кеңесінің бас ғимаратына орнатылатын болды.