Астанада Тұңғыш Президент күніне арналған халықаралық конференция өтіп жатыр

0
26 Қараша 2018, 11:43 152 0

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Елордада «Астана – жаһандық интеграция, қауіпсіздік және бейбітшілік орталығы» халықаралық парламенттік конференциясы өтіп жатыр.

Жиынға Әзербайжан, Италия, Қырғызстан, Литва, Ресей, Түркия және Өзбекстан Парламенті басшылары, сондай-ақ, Германия, Үндістан, Қытай, Швеция және басқа елдердің сарапшылары мен халықаралық ұйым өкілдері қатысуда. Конференцияны Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин ашты.

«Бұл маңызды форум Тұңғыш Президент күні қарсаңында жыл сайын өтіп келе жатқан дәстүрлі жиын саналады. Себебі биыл 27 жыл толатын егемен еліміздің әрбір күні, әрбір айы, әрбір жылы тікелей Тұңғыш Президентіміз Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың атымен байланысты. Шын мәнінде, әлемдік саясаткер, тарихи тұлға Нұрсұлтан Назарбаевтың көреген, салиқалы саясатының арқасында жаңа Қазақстанның, жаңа экономиканың, жаңа қоғамның іргесі қаланды. Мемлекеттің шекарасы бекітіліп, дамудың қазақстандық жолы қалыптасты. Бүгін міне бірлігі жарасқан, болашағы жарқын, тәуелсіз еліміз бүкіл әлем таныған абыройлы, беделді және мәртебелі мемлекетке айналды. Осының барлығы Елбасымыздың ерен еңбектерінің, сонымен бірге әрқашан да президентімізге тірек болып, қолдау білдірген халқымыздың береке-бірлігінің жемісі. Сондықтан осы дәстүрлі конференция Мемлекет басшысының елімізді дамыту жолындағы тарихи ерліктерін, халықаралық батыл қадамдарын ұрпақтарға жеткізуге арналған игі шара екені сөзсіз», – деді Нығматулин.

Мәжіліс төрағасы Елбасының ұлы ерліктерінің бірі Астана екенін атап өтті. Оның айтуынша, биыл 20 жыл толған бас қаламыз бүгінде отандық және халықаралық ірі бастамалардың орталығына айналған.

«Мысалы, конфессия және өркениетаралық диалогты көздейтін әлемдік және дәстүрлі діндер жетекшілерінің алтыншы съезі біздің елімізде, осы Астанада өтті. Өткен жылы мемлекетімізде ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі де өткізілді. Бүкіл әлем назарын аударған Сирия дағдарысы бойынша Астана процесінде жақсы нәтижелерге қол жеткізілді. Сондықтан бүгінгі конференцияда жеткен жетістіктермен қатар жаһандық интеграцияның, қауіпсіздік пен бейбітшіліктің маңызды сұрақтары талқыланады», – деді Нұрлан Нығматулин.


















Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!


Дереккөз: BAQ.KZ

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз