Астана мен Алматыда «митинг өтеді» деген орындарда интернет істемей қалды

0

22 ақпанда «митинг өтеді» делінген Қазақстанның бірқатар қалаларында қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Астанада «Жастар» сарайы аумағына полицей автобустары қойылып, айналасындағы көшеде штаттық киім киген қызметкерлер жүрді. Сенбі күні осы аудандағы сауда және қаржы ұйымдары жабылды.

Алматыда «Астана» алаңында таңертеңнен бері полиция мен арнайы жасақ өкілдері жүр.

Түс кезінде мұнда полиция «Қазақстанның демократиялық партиясын» құру бастамашыл тобының ондаған мүшесін ұстаған. Олар 22 ақпанға қараған түні «бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзу» бабы бойынша үш күнге қамалған топ жетекшісі, саясаткер Жанболат Мамайды босатуды талап етіп, Әлия мен Мәншүк ескерткіші жанында пікірлерін айтқан.

Бүгін мұнда сағат 14.00-де бұрынғы банкир, шетелде тұратын оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов пен ол жетекшілік ететін «Қазақстанның демократиялық таңдауы» (ҚДТ) қозғалысы шақырған екінші митинг өтуі тиіс.

Осы аумақтан хабар таратқан Азаттық тілшілері қаланың орталық бөлігінде интернет істемей тұрғанын айтты. Бірақ телефон байланысы әзірге бар.

Жергілікті байланыс операторы неміс журналисі Эдда Шлагерге берген жауабында «қазіргі кезде құзыретті органдар қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін байланысты өшірді» деп жазды. Кейіннен бұл жауап өшірілді.

Түстен кейін Нұр-Сұлтандағы «Жастар» алаңында да мобильді интернет істемей тұрғаны белгілі болды.



Azattyq