аштық жариялаған аналар бүгінгі жағдайды айтып берді

0

Қоғам

Қысқа сілтеме алу

1 0 0

Есіл ауданы бас санитар дәрігерінің түсіндіруінше, митингке шыққан аналар арақашықтықты сақтамаған және бетпердені дұрыс кимеген

НҰР-СҰЛТАН, 9 маусым – Sputnik. Үнсіз митингке шыққан аналар аштықта қалай отырғанын айтып берді. Олардың ішінде жүкті әйелдер де бар, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

«Біз осы жерде түнедік. Кеше сағат 10:00-де келдік, әлі тұрмыз. Дәретханалардың бәрін жауып тастады. Енді дәретхана іздеп, айналаның бәрін аралап жүреміз. Қарапайым халық көмектесіп тұрады. Кешеден бері нәр татқан жоқпыз. Біздің талаптарымыз орындалғанша отырамыз», – дейді Нәзира Мұқашева.

Оның айтуынша, түнде суық болды. Оған қоса, мәрмәр тастың үстінде жатқан оңай емес. Көпбалалы аналар картон қорапты төсеп жаттық дейді.

Ал «Күміс алқа» иесі Құралай Алиясова жедел жәрдем мен полицияның әрекетіне арызданды. Оның сөзіне қарағанда, бүгін жедел жәрдем қызметкерлері температурасын өлшегеннен кейін карантинге жауып тастамақшы болған.

«Полиция мені шығармай, ұстап тұрды. Осы жерде отырған аналар барып, мені жұлқылап шығармаса, мені босатпайтын еді. Температураңыз жоғары деп, карантинге жаппақшы болды. Киімді жыртып тастады», – деді Алиясова.

Журналистерге сұхбат берген жедел жәрдем қызметкерлері көпбалалы ананың киімін жыртпағанын айтты. Ал температурасын өлшегенде 35 градусқа да жетпеген.

Бүгін митинг өтіп жатқан жерге Есіл ауданының бас санитар дәрігері Арман Құрбанов та келді. Ол таңертең болған жағдайды түсіндірді.

«Ол кісінің температурасын өлшегенде 36,9 градус болған. Бұл – коронавирус инфекциясының белгісі. Тәртіп бойынша адамда дене қызу анықталса, жедел жәрдем оны сынамаға алып кетуі керек. Ол адаммен қарым-қатынаста болған адамдар да тексерістен өтуі шарт. Мен өзім болған жоқпын. Сондықтан киімді кімнің жыртқанын білмеймін», – дейді Құрбанов.

Оқи отырыңыз: Нұр-Сұлтанда көпбалалы аналар үнсіз митингке шықты

Осыдан кейін бас санитар митингке шыққан аналарды арақашықтықты сақтамайды деп айыптады. Бетпердені дұрыс киіп тұрған жоқ деді.

«Негізі, карантин кезінде көп адамның бір жерге жиналуына болмайды. Бас мемлекеттік санитар дәрігердің тиісті қаулысы бар. Содан соң бұл жерде 2 метрлік арақашықтық сақталмайды. Бетпердені де дұрыс кимейді, мұрындары ашық», – деп атап көрсетті Құрбанов.

Аштық жариялаған аналар көп қарсылық білдірген жоқ. Арақашықты сақтай отырып, өз орындарына жайғасып алды да, үнсіз митинг пен аштықты әрі қарай жалғастыруда.



sputniknews.kz