Арыстықтардың наразылығында тәртіп бұзылған жоқ

0

Шымкент қаласы полиция департаментінің басшысы Ералы Жұмаxанбетовтің сөзінше, 27 маусымда қалада болған Арыс тұрғындарының наразылығында тәртіп бұзылған жоқ. Бұл туралы ол 27 маусымда кешкісін журналистерге берген сұхбатында айтты.

Жұмаханбетовтің сөзінше, Шымкенттің орталық алаңына келген наразы тұрғындар «жағдайларын айтып, көмек сұраған соң» тараған.

— Олар (Арыс тұрғындары — ред.) плакатта «Арыс көмек» деп жазып, шынымен көмек сұрап жүрді. Бәрі ойдағыдай өтті. Ешқандай тәртіп бұзу болған жоқ, сол үшін рақмет. Барлығы қайтып, жататын орындарына оралды. Арыс тұрғындары бізге «көшемен жүреміз, тәртіп бұзбаймыз, бірақ арандатушылар болуы мүмкін, көмектесіңіздер» деп алдын ала ескертті. Осыдан соң, біз (полиция — ред.) алаңға келдік, — деді ол.

Бүгін, 27 маусымда жарылыс болған күні Шымкентке бас сауғалап келген жүздеген Арыс тұрғыны «Ақмешіт» мешіті алдындағы Темірлан көшесін жапқан. Наразылар «өздерін төрт рет жарылыс болған Арыс қаласынан басқа жаққа көшіруді, Түркістан, Шымкенттен үй не жер беруді» деп талап етті. Наразы жұртқа Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев пен Шымкент әкімі Ғабидолла Әбдірахымов келіп, мешіт ішінде кездесу өткізді. Әбдірахымов наразыларға «Шымкентте баспана кезегінде 150 мың адам тұр, тарататын үй жоқ» деп жауап берді.

Әбдірахымов наразы жұртпен кездесіп жатқанда, мешіт іші шулаған соң молда құран оқыған. Шөкеев келгенде жұрт әкімді тыңдамай қойды. Кейін мешіт имамдарының бірі «намаз уақытының болғанын» айтып, азан шақырды.

Арыс тұрғындары әкімдердің кездесуді мешітте өткізгеніне наразы болды. Наразылардың бірі «[әкімдер] халықты құран оқып басып тастап жатыр, талабымызды алаңда айтамыз» деді.

Осыдан кейін жұрт мешіттен шығып, орталық алаңға қарай бет алды. Жүздеген наразы мешіттен орталық алаңға бара жатқанда оларды ондаған полиция бақылап жүрді.

24 маусым күні таңертең Арыстағы әскери оқ-дәрі қоймасында алдымен өрт шығып, кейін жарылыстар болған. Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, жарылыстан үш адам мерт болып, 160-тан астам адам зардап шеккен.

Қазақстан үкіметінің хабарлауынша, жарылыс болған күні 39 мың адам өз күшімен қаланы тастап шыққан, 3500 адам Түркістан облысы әкімдігі ұсынған автобустармен Шымкентке жеткен. Түркістан облысы әкімдігінің мәлімдеуінше, қазір Шымкентте қырыққа жуық, облыстың басқа аудандарында жиырмадай эвакуациялық пункт жұмыс істеп жатыр. Түркістан облысы әкімдігі 24 маусымда аймақта төтенше жағдай жариялады.

Шымкентке жеткізіліп, пунктерді паналап жатқан Арыс тұрғындары «билік ұсынып жатқан көмек мардымсыз» деп шағынған. Олар көбінесе билік емес, еріктілер мен халық көмектесіп жатқанын айтады. Шымкент әкімі Ғабидолла Әбдірахымов 26 маусымда өткен баспасөз мәслихатында Арыс тұрғындарының «биліктен мардымды көмек болмай жатыр» деген сөзін жоққа шығарды.​ Әкімнің сөзінше, қаладағы барлық пункте Арыс қаласынан келгендерге қолдан келгенше тиісті көмек көрсетіліп жатыр.

Шымкенттен 97 шақырым жерде жатқан Арыс қаласында 45 мыңға жуық адам тұрады.

Арыс қаласында бұған дейін бірнеше рет жарылыс болған. 2015 жылы қарашада қаладағы полигон аумағындағы жарылыстан бір адам мерт болған еді. Ресми ақпарат бойынша, жарылыс әскери оқ-дәрі мен өндіріс қалдықтарын жою кезінде болған.

2014 жылы Арыстағы «Қазақжарылысөнеркәсібі» акционерлік қоғамы аумағында болған жарылыс салдарынан екі адам қаза тапқан.

Он жыл бұрын, 2009 жылы наурызда Арыстағы қоймада жарылғыш заттар жарылып, сақтаулы тұрған оқ-дәрі атылған. Ол оқиғадан төрт адам қаза тауып, жиырмаға тарта адам жапа шеккен еді. Ресми билік жарылысқа қоймадағы қарудың дұрыс сақталмауы және жарылғыш затпен дұрыс жұмыс істемеу себеп болды деп мәлімдеген.

Azattyq