Арыстағы жарылыстан мешіттер аман қалды  

0

Оқиға

Қысқа сілтеме алу

1 0 0

Жойқын жарылыстан 9 мешіттің терезесі шағылған

НҰР-СҰЛТАН, 26 маусым – Sputnik. Әлеуметтік желіде жұрт Арыс қаласындағы жойқын жарылыстан мешіттің аман қалғанын қызу талқылап жатыр, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Instagram желісіндегі shymgramm парақшасында жарияланған видеода Арыста мешіттің жарылыстан аман қалғаны айтылады.

«Мешіттің бірде-бір әйнегі сынбапты. Ал айналасындағы үйлердің әйнегіне зақым келіпті. Құдайдың құдыретін қара», — дейді видеодағы ер азамат.

Желі қолданушылары видеоны қызу талқылап, Алланың құдіреті шексіз екенін айтып жатыр.

Осы орайда біз Арыс қаласы орталық мешітінің бас имамы Абдукаман Абдукаримге хабарластық. Ол видеодағы кадрда Ысқақ мешіті бейнеленгенін айтады. Бірақ бас имам мешіттің терезі сынғанын атап өтті.

«Бұл мешіттің құрылысы 1990 жылдары басталып, 1994 жылы біткен. Алланың үйі халықтың қолдауымен асарлатып сапалы салынды. Жарылыстан мешіттің терезесі мен есігі сынған. Мешітке қатты зақым келмеген. Арыс өңірінде жалпы 27 мешіт бар. Ал қаладағы мешіттің саны – 9. Жарылыстан 9 мешіттің терезесі мен есіктері сынды», — дейді бас имам.

Сондай-ақ жойқын жарылыстан қаладағы жалғыз провослав шіркеуі де аман қалыпты.

«Шіркеудің шатыры бүлінген. Бірақ шіркеуге қатты зақым келмеген. Таңғаларлық жағдай. Құдайдың арқасы. Шіркеудің жанында мектеп бар. Ондағы барлық терезе қираған. Шатырына қатты зақым келді», — дейді шіркеу қызметкері Дионисий.

Шымкент қаласының бас имамы Бақтыбай Бейсенбаев Арыстағы мешіттерді жөндеу мәселесі алдағы уақытта талқылатынын жеткізді.

«Жарылыстан бірнеше мешіттің терезі сынды, оны жөндеу керек. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бұл мәселені қарастырады», — деді ол.

Әңгіме барысында бас имам Арыс қаласының тұрғындарына қандай көмек көрсетіліп жатқанын айтты.

«Шымкент қаласына Арыстан келген 25 мың адам орналастырылды. Имамдар халықты сабырға шақырды. Қала халқы барынша көмектесіп жатыр», — деп түйіндеді сөзін Бақтыбай Бейсенбаев.

Арыстағы жарылыс

24 маусым күні таңертең Түркістан облысы Арыс қаласындағы әскери бөлімде өрт шығып, қоймада сақталған оқ-дәрілер жарылды. Салдарынан үш адам көз жұмып, 160-тан астамы дәрігерлердің көмегіне жүгінген.

Түркістан облысында төтенше жағдай жарияланды. Қауіпсіздік мақсатында қала тұрғындары түгелдей жақын маңдағы елді мекендерге көшірілді.

Аталған оқиғаға қатысты «Қару, басқаларға қауіп тудыратын заттар мен нәрселерді сақтау ережесін бұзу» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Кешке таман Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Арыс қаласына ұшып кетті. Мемлекет басшысы жарылысқа кінәлілердің заң жүзінде қатаң жазаланатынын айтты.

 



sputniknews.kz