Арыстағы жарылыс: арыстықтар қалаға қашан қайтады

0

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Арыс халқының қалаға қашан оралатынын айтты

НҰР-СҰЛТАН, 27 маусым – Sputnik. Арыс қаласының тұрғындарын қалаға кіргізу 28 маусымда таңғы 8.00-де басталады. Бұл туралы Түркістан облысында құрылған штабта өткен баспасөз мәслихатында облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев мәлімдеді.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлағандай, өңір басшысы Арыс қаласы мен әскери қойманы оқ-дәрілерден тазалау және қаланы дезинфекциялау шаралары аяқталғанын, қауіптің толық сейілгенін айтқан.

Арыс халқы қалаға қашан қайтады?

«Арыс қаласының тұрғындарын ертең 28 маусым күні сағат таңғы 8.00-ден бастап  ұйымдасқан түрде автобустармен кіргізе бастаймыз. Ал жеке тұлғалардың көліктерін сағат 12.00-ден бастап кіргіземіз», — деді Шөкеев.

Әкімнің айтуынша, тұрғындарды қалаға кіргізу үшін Арыс 17 секторға бөлініпті. Секторларға облыстың аудан, қала әкімдіктерінен 640 жауапты (1 аудан — 40 адам) азамат бекітілді. Әрбір 10 үйге бір қызметкерден жауапты болады.

Тағы оқыңыз: Тоқаев Арыстағы әскери базаны көшіруге тапсырма берді

«Тұрғындарды жайғастыру кезінде осы жауапты азаматтарға Арыстың көше, аула белсенділері көмек беретін болады. Қазір Арыс қаласындағы төтенше жағдай толық бақылауға алынды. Өрт ошақтары сөндірілді. Алаңдауға еш негіз жоқ», — деп сендірді өңір басшысы.

Әкім Арыс тұрғындарына қандай уәде берді?

Шөкеевтің сөзіне сүйенсек, арыстықтарға көмек ретінде «Түркістан» ұжымдық әлеуметтік даму қорында арнайы шот ашылып, 721 миллион теңге жинақталған. Түркістан облысы әкімдігі тарапынан тұрғындарды азық-түлікпен қамтамасыз ету штабы құрылды.

Қайырымдылық акциясы аясында Қарағанды, Жамбыл, Қызылорда, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Алматы облыстары мен Алматы және Шымкент қалаларынан халыққа қажетті жалпы көлемі 150 тонна зат жеткізіліпті.

«Мемлекет тарапынан да қаржылай қолдау болады. Мұның бәрі ел игілігі үшін жұмсалады. Құрметті арыстықтар! Біздің жүрегіміз де, тілегіміз де бір. Біз елмен бірге Арыс қаласын 1 ай ішінде толық қалпына келтіріп қана қоймай, оны одан да жақсы жағдайға жеткіземіз. Ол үшін шыдам, ұйымшылдық және патриотизм керек», – деді әкім.

Тұрғындар үйіне оралған соң жауапты қызметкерлер фото және видеофиксация жасап, шығынды есептеуге көмектеседі. Облыстық полиция мен дәрігерлер, төтенше жағдай департаменті мен құзырлы мекемелер үздіксіз қызмет көрсетеді.

Тағы оқыңыз: Арыстағы жарылыстан нақты қанша адам қаза болды?

Сонымен қатар арыстықтарға құрылыс-жөндеу жұмыстарына көмек беру үшін Қазақстанның барлық өңірінен 160  арнайы бригада келеді. Әрбір облысқа Арыс қаласындағы бөлінген секторлар бойынша жұмыстар беріледі.

Арыстықтарға ескерту

Қорғаныс министрінің орынбасары Бақыт Құрманбаев Арыс қаласы мен әскери қоймада саперлер оқ-дәрілерден тазалау жұмыстарын атқарғанын айтты. Арыста 400-ден астам әскери қызметші қала аумағы мен әскери қойманы, көшелерді, темір жолды тексеріп шығыпты.

Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі ескерткендей, тұрғындар өз үйі мен ауласына кіргенде күдікті заттарды байқаса, 112 немесе 102 нөміріне қоңырау шалуы қажет. Ал ұрлық жасалды деген күдік болса, ешбір затқа тиіспей 102 нөміріне хабарласу керек. Сонымен қатар үйде қалған азық-түлікті жойып, суды 10 минут ағызған соң пайдаланған жөн.

Тағы оқыңыз: Сапарбаев арыстықтарға: көмек ашық әрі әділ бөлінетін болады

Айта кетсек, төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер қаладағы әлеуметтік нысандар тексеруден өткенін айтса, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев үкімет тарапынан арыстықтарға жағдай жасалатынын, қала жедел қалпына келтірілетінін жеткізді.

Арыстағы жарылыстар

24 маусым күні таңертең Түркістан облысы Арыс қаласындағы әскери бөлімде өрт шығып, қоймадағы оқ-дәрі жарылды. Төтенше оқиға салдарынан үш адам көз жұмып, 160-тан астамы дәрігерлердің көмегіне жүгінген.

Жарылыстан соң Түркістан облысында төтенше жағдай жарияланды. Қала тұрғындары түгелдей жақын маңдағы елді мекендерге көшірілді.



sputniknews.kz