Арнайы комиссия Атамбаевқа тағылған айыптарды жариялады

0

Қырғызстанда депутаттардан құралған арнайы комиссиясы 18 маусымда елдің бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаевты тиіспеушілік мәртебесінен айыру мәселесіне қатысты екінші отырысын өткізеді.

Кеше, 17 маусымда өткен алғашқы отырысында Атамбаевқа бірнеше айып тағылды.

Депутаттар, Алмазбек Атамбаев президент болып тұрған кезде 123 адамға оның ішінде ұйымдасқан қылмыстық топ өкілдеріне қару-жарақ берген, қылмыс әлемінің атышулы өкілі Азиз Батукаевты түрмеден заңсыз босату ісіне араласты, табысы мен дүние-мүлкіне қатысты тапсырған деклорацияда дұрыс мәлімет бермеді және Бішкектегі ТЭЦ-ті жаңарту кезіндегі жемқорлық схемасына қатысы бар деп айыптап отыр.

Комиссияның мәлімдеуінше, Атамбаевтың кезінде бірқатар жер телімдері заңсыз трансформацияға ұшыраған. Ауылшаруашылығына арналған 39,65 га жер тұрғын үй құрылысына арналған жерге ауыстырылған.

Комиссия жеті күннің ішінде Атамбаевқа тағылған айыптарды қарап, егер олар расталса, онда экс-президентті тиіспеушілік мәртебесінен айыру үшін дауыс бере алады. Ерег мәртебесі алынып тасталса, Атамбаев сот алдында жауап беруі мүмкін.

12 маусымда парламенттегі «Қырғызстан» фракциясының жетекшісі, депутат Канатбек Исаев бұрынғы президент Алмазбек Атамбаевты тиіспеушілік мәртебесінен айыру туралы бастама көтерген. Ол бұл бастаманы 60 депутат қолдайтынын және осының негізінде комиссия құруға болатынын айтқан. Исаев пен тағы бір депутат Талант Мамытов Атамбаевты «билікті заңсыз иемденіп алмақ болды» деп айыптаған еді.

13 маусымда құрамына парламент депутаттары Каныбек Иманалиев, Омурбек Бакиров, Евгения Строкова, Кожобек Рыспаев, Максатбек Эгембердиев, Талант Мамытов, Бактыбек Райымкулов, Жыргалбек Турускулов, Алтынбек Жунусуулу, Бактыбек Турусбеков, Канатбек Исаев және Алмазбек Токторов енген комиссия құрылды.

16 мамырда Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков «Қырғызстан президентінің қызметіне кепілдік беру туралы» заңға өзгерістер енгізу туралы заңға қол қойды.

Онда Жогорку кеңеш қылмысқа қатысы бар деген айып тағып, оны бас прокуратура растаған жағдайда бұрынғы президентті тиіспеушілік мәртебесінен айыру қарастырылған. Сондай-ақ, заң жобасының 11-бабына сәйкес, бұрынғы президенттің мемлекеттік билік органдарында саяси, арнаулы мемлекеттік лауазым атқаруына, саяси партияларда басшылық қызмет істеуіне немесе оның қызметіне араласуына тыйым салынады.

Қырғызстанда бұрынғы президент мәртебесіне Роза Отунбаева мен Алмазбек Атамбаев ие. Ал халық толқулары нәтижесінде биліктен кетуге мәжбүр болған елдің бірінші президенті Асқар Ақаев пен екінші президенті Құрманбек Бакиевке ондай мәртебе берілмеген.

Azattyq

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз