Ақтөбеде ондаған адам сайлаудың әділ өтуін талап етті

0

1 мамырда Ақтөбедегі Тұңғыш президент атындағы орталық паркке ондаған адам жиналып, билікке наразылық білдірді.

Бірлік күніне орай ұйымдастырылған концерт аяқталған соң 13.00-ге қарай белсенділер топтанып, 9 маусымда өтетін сайлау мен елдегі әлеуметтік жағдай туралы пікірлерін айта бастаған.

Олар сайлаудың әділ өтуін талап етіп, «Нұр-Сұлтан – менің қалам емес, Тоқаев – менің президентім емес» деп айқайлаған.

Наразыларға Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов пен Ақтөбе облысының әкімі Мавр Абдуллин келіп, жиынның заңсыз екенін ескертті. Әкімдік өкілдері «Сайлау әділ өтеді. Қоғамдық ұйымдар арқылы сайлауды бақылауларыңызға болады» деп жауап берді.

Ескертуден соң да наразылар тарқаған жоқ. Жиналғандарды полиция мен қарапайым киім киген бірнеше азамат бақылап жүрді. Маңайда бірнеше автобус тұрды.

Біраздан соң шенеуніктер мен әкімдік қызметкерлері наразылардың әрқайсысын жеке-жеке шақырып, сөйлесе бастады. Екі сағаттан астам уақыттан кейін наразылар ақырын тарай бастады.

1 мамыр күні Алматы мен Нұр-Сұлтанда, Қарағанды мен Шымкентте мерекелік шара өтіп жатқан жерге жүздеген адам жиналып, билікке талап қойды.

Наразылар «Біздің өз таңдауымыз бар!», «Тоқаев — біздің президент емес!», «Дариға — спикер емес!», «Нұр-Сұлтан — астанамыз емес!», «АЭС-ке қарсымыз!», «Халықтың пікірмен санасыңыздар», «Көп балалы аналарға жәрдем берілсін!», «Шындықтан қашып құтылмайсың!», «Шал, кет!» деп айғайлады.​

Тікелей эфир: Нұр-Сұлтан мен Алматыдағы наразылық

​Прокуратура 29 сәуірде жариялаған үндеуінде «Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде 1 мамырда рұқсат етілмеген митингіге қатысуға шақыру жазбалары тарап жатыр. Мұндай акцияларға қатысқандардың әрекеті бейбiт жиындар мен митингiлерді ұйымдастыру және өткiзу тәртiбi туралы заңды бұзу деп танылады» деп жазылған.

Azattyq