Ақтөбеде 50-60 мың теңге жалақы алатын күзетшілер жетім балаға баспана сыйлады

0

«Әскерилендірілген теміржол күзеті» АҚ Ақтөбе филиалының ұжымы Мұхамбет Тержан есімді балалар үйінде тәрбиеленген бозбалаға баспана кілтін табыс етті деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Мұхамбет Тержан 2,5 жасынан Ақтөбедегі балалар үйінде тәрбиеленген. Жасөспірім 13 жасынан бастап «Әскерилендірілген теміржол күзеті» АҚ Ақтөбе филиалының патронаттық тәрбиесінде болған. Мекеме қызметкерлері жетім баланың есепшотына алты жыл бойы ақша салып тұрған.

Мұхамбет кәмелеттік жасқа толғанда оған баспана кілті табысталып отыр. «2014 жылдан бастап Алға балалар үйінің тәрбиеленушісі Мұхамбет Тержанды өз қамқорлығымызға алдық. Филиал қызметкерлерінің айлық жалақысынан жыл сайын есепшотына ақша аударып отырдық. Әр қызметкер шамасы келгенше, там-тұмдап жылына 500-1000 теңгеден беріп тұрды.

Бала 18 жасқа толғанда есепшотқа 3 миллион теңгеге жуық қаржы жиналды. Біздің қуанышымызда шек жоқ. Бауырымыз баспаналы болды», – дейді «Әскерилендірілген теміржол күзеті» АҚ Ақтөбе филиал директоры Жанес Тасыбаев.

Мекеме басшылығының ұйымдастыруымен жиналған ақшаға отбасылық жатақханадан 1 бөлмелі пәтер алынып, ішіне жөндеу жұмыстарын да күзетшілердің өздері жасаған. Түсқағазы мен еденінен бастап жаңартылған баспана қазір жарқырап тұр. Үйге қажетті кілемдер, диван, асхана жиһазы, интернетке қосылған теледидар мен перделерге дейін алынған.

Мұхамбет кішкентай кезінен көз алдымызда өсіп келеді. Оны қамқорлыққа алған кезіміз әлі есімде. Момақан болып, көзі мөлдіреп тұрған еді. Тәрбиешілері де оның тиянақты екенін айтты. Арасында балалар орталығынан шығарып, үйдің тәрбиесін де көрсетіп тұрдық. Бауырымыздай болып кеткен Мұхамбет аяқтан тұрып кеткенше қамқорлығымызда болады. Бұйырса шаңырақ көтеру тойында да келіп, бар көмегімізді аямаймыз.

Жұмысшылардың барлығы қуанып жүр. 50-60 мың теңге көлемінде жалақы алатын жұмысшылар баспана сыйлап жатыр. Басқа мекемелер де осындай істі жалғастырса екен», – дейді мекеменің бөлім басшысы Архат Таңатар. Фото: NUR.KZ Ақтөбе көлік коммунакация және жаңа технологиялар колледжінің 2 курс студенті Мұхамбет Тержан қамқор ағаларына алғысын жеткізді.

«Балалар үйінде тұрғанда бұл кісілердің келгенін көріп қуанытын едім. Жазда лагерьге жіберіп, ойын-сауық орталықтарына апаратын. Әр мереке сайын үйлеріне бардым. Алты жылдан аса маған қамқорлық көрсетті.

Өмірдің ақ пен қарасын тануға үйретті.

Енді баспаналы болдым. Жасаған жақсылықтарыңыз мың есе сауап болып қайтсын. Қызметтеріңізге табыс тілеймін», – дейді Мұхамбет Тержан.

 

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз