АҚШ Украинаға көмек беруден бас тартпайды

0

АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпеоның Киевке екі күндік сапары аяқталды. Мұнда ол Украина жетекшілері және Украина православ шіркеуі, Киев митрополиті өкілдерімен кездесті. Помпео «Украина үшін соғысып, жан берген азаматтарды еске алу» мемориалына гүл қойды.

Майк Помпео — өткен жылы Вашингтонда туындаған даудан кейін президент Дональд Трамп командасынан Киевке келген бірінші жоғары лауазымды тұлға.

АҚШ-та Трамптың 25 шілдеде Украина президенті Владимир Зеленскиймен болған әңгімесінен соң дау туған. Америкалық басылымдар Трамп 2020 жылы өтетін сайлауда бәсекелесі болуы ықтимал Джо Байденнің үстінен жемқорлық дауы бойынша іс қозғауға Зеленскийді мәжбүрлемек болған деп жазды. Сыншылар Трампты «қызмет өкілетін асыра пайдаланып, ықтимал бәсекелесіне қарсы дерек табуға тырысты» деп айыптады. Дональд Трамп бұл айыптауларды жоққа шығарды.

Трамп пен Зеленский арасындағы әңгіме мазмұны белгілі болған соң АҚШ Конгресі өкілдер палатасындағы демократтар Трампқа «сертін бұзғаны үшін» импичмент жариялау процесін бастаған. Бұған дейін Украина президенті Владимир Зеленский өзіне Трамптың қысым жасамағанын айтқан.

Өткен жылы желтоқсанда басым көпшілігі демократтар отырған өкілдер палатасы Трамп қызметінен кетсін деп дауыс берген. Қазір импичмент мәселесі сенатта қаралып жатыр.

Киевте журналистер сұрақтарына жауап берген Зеленский Трамп импичментіне қатысты жағдай Украина-Америка қатынасына селкеу түсірді деген тұжырыммен келіспейтінін айтты.

«Екі елдің қарым-қатынасы жақсы. АҚШ бізді қолдап, қорғайды. Бұл жылы қарым-қатынас импичмент мәселесіне ықпал етті деп ойламаймын. АҚШ — біздің стратегиялық әріптесіміз. Біз Америка инвестициясының Украина экономикасына салынуына мүдделіміз. Жаңа жұмыс орындары ашылып, халыққа әлеуметтік қолдаудың артқаны біз үшін маңызды» деді Зеленский,

Майк Помпео АҚШ Украинаның Ресей агрессиясына төтеп беріп, ел тәуелсіздігін қалпына келтіріп, Украинаның территориялық тұтастығын толық қалпына келтіру талпынысын қолдайды деді. Бұған 29 қаңтарда АҚШ-тың Ресейге қосымша санкция салуы дәлел бола алады деді.

Помпео сонымен бірге АҚШ Украинаны бұрынғыдай қолдап, оның НАТО-ға кіру талпынысын қолдайды деді.

Зеленский АҚШ Донбастағы қақтығысты бейбіт реттеу мен Қырым оккупациясын тоқтату мәселесіне белсендірек араласатын шығар деп үміт білдірді. Жақында АҚШ мемлекеттік департаментінде осы мәселемен айналысатын арнайы лауазымды тұлға бекітілген.

Владимир Зеленскийдің айтуынша, Украина АҚШ-пен қорғаныс және қауіпсіздік саласында қарым-қатынасты нығайтуға дайын және осы тұрғыда жаңадан қару сатып алу мүмкіндігін қарастырып жатқанын да айтты.

Соңғы екі жылда Киев АҚШ-тан Javelin танкіге қарсы тұру кешенін сатып алған. Зеленский биыл әуе шабуылына қарсы кешенді сатып алғысы келетінін жеткізді.

Ақпан айынан бастап АҚШ Украинаға әскери көмек бере бастайды. Украинаның әскери теңіз күштерін нығайтуға негізгі басымдық беріледі. 2020 жылы АҚШ Киевке «Айленд» үш патрульдік катер жеткізеді. Былтыр Украинаның ұлттық әскери-теңіз күштеріне «Старобельск» және «Славянск» кемелері тапсырылған.

Биыл АҚШ тарабынан Украинаға берілетін көмектің жалпы көлемі 700 миллион долларға жуықтайды. «Америка дауысы» сайтына берген сұхбатында Украинаның АҚШ-тағы елшісі Владимир Ельченко шамамен 400 млн доллар украин әскерінің қажеттілігін өтеуге бағытталады деген.

Azattyq