АҚШ Сенаты Ресейге қарсы «қатаң операция» жүргізу туралы қарар қабылдады

0

АҚШ Сенаты Ресейдің Керш бұғазындағы әрекеттеріне жауап ретінде қатаң операция өткізу туралы қарар қабылдады.

Қарарды Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі Сенат комитетінің төрағасы Рон Джонсон және Сенатта демократтардың партиялық ұйымдастырушысы Ричард Дурбин дайындаған. Сенаттың 40-тан астам мүшесі қол қойған қарардың авторлары АҚШ Керш бұғазындағы Ресейдің іс-қимылына және осыған дейінгі орын алған «агрессиялық саясатқа» қарсы шараларды күшейтуі тиіс дейді.

25 қарашада Ресей Керш бұғазында Украина әскери-теңіз күштерінің үш кемесін басып алып, оқ атқан. Украина президенті Петр Порошенко Ресейдің бұл әрекетін «басқыншылық» деп атап, олардан Азов теңізінде ұсталған Украина әскери кемелері мен теңізшілерін дереу босатуды талап етті. Ал Мәскеу кемелер Қырымға жақын теңізде Ресей шекарасын бұзды деп айыптайды.

Фото: www.bbc.com

Киев пен Мәскеу текетіресіне қактысты қабылданған АҚШ Сенатының резолюциясы халықаралық деңгейде танылған шекаралар бойынша екі жақты келісімдерге қолдау көрсетуге және Керш бұғазы мен Азов теңізі арқылы кемелердің қауіпсіз өтуін қамтамасыз етуге бағытталған. Сенаторлар мұндай қадам «Ресейдің шамадан тыс аумақтық қақтығыстарына тойтарыс береді» деп санайды. Бұған қатысты Сенат комитетінің төрағасы Рон Джонсон: «АҚШ пен біздің одақтастарымыз Керш бұғазындағы Ресейдің әскери агрессиясына тез арада батыл қадам жасау арқылы жауап береді. Халықаралық теңіз операциясын жүргізу Қара теңізден Азовқа дейін қауіпсіздікті қамтамасыз етуі тиіс», – дейді.

Украина Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің басшысы Александр Турчинов BBC-ге берген сұхбатында: «Қауіпсіздік саласы біз үшін принципке айналады. Егер біз кері шегінсек, Ресей Қырымға жасағанын қайталап, Азов теңізін де басып алады», – дейді. Турчинов сондай-ақ Украина Батыс серіктестерімен, соның ішінде НАТО-мен бірлескен әскери оқу-жаттығуларды жалғастыратынын айтты. Бұған қатысты НАТО бас хатшысы Йенс Столтенберг Украинаның аумақтық тұтастығы мен егемендігіне, оның ішінде халықаралық құқыққа сәйкес өзінің аумақтық теңізінде еркін жүру құқығына толық қолдау білдіретінін айтты. Өз сөзінде ол: «Ресей Қырым аннексиясы мен Керштегі жағдай үшін жауап береді»,– деді.

Ресей президенті Владимир Путин қақтығысты «шекаралық оқиға» деп атады. «Бұл – сырттан ұйымдастырылған арандатушылық. Алдағы жылдың наурызында өтетін Украинадағы президенттік сайлау үшін қолдан жасалып отыр», – деді ол.

АҚШ-тың Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі Сенат комитетінің төрағасы Рон Джонсон. Фото: dp

Сенат қабылдаған құжат НАТО-ның Қара теңізде әскери операцияларын күшейтуге, ал АҚШ президентінің Украинадағы әскери көмек көлемін арттыруға және оған мемлекеттік департамент, Қорғаныс министрлігінің көмегімен әскери мүмкіндіктерін күшейту үшін қолдау көрсетуге шақырады. Бұл Украинаға «ресейлік агрессиядан қорғануға» ықпал етеді. Сонымен қатар, сенаторлар Ақ үй басшысы Дональд Трампқа «санкциялар арқылы Американың қарсыластарына шара қолдану туралы» актінің көмегімен Ресейге қарсы жаңа қатаң қаулылар енгізу туралы ұсыныс білдірді. Қарарда бұдан бөлек, Ресей мен Германия арасындағы «Солтүстік ағыс – 2» газ құбыры құрылысының жобасы алынып тасталуы тиіс делінген.

«Ресейдің арандатушылық әскери әрекеттері, сондай-ақ оның киберкеңістіктегі дезинформация бойынша ауқымды істері Владимир Путиннің Батыс пен Украинаға қатысты өзінің агрессивті саясатын тоқтатуды көздемейтінін білдіреді және бұл бүкіл әлемге ескерту болып саналады», – дейді АҚШ сенаторы Дурбин.

«Украина – еркін әлемге қарсы Владимир Путин бастаған күрес майданының алдыңғы қатарында. Украина Америка немесе Еуропаға олардың орнына соғыс жүргізуді ешқашан сұраған емес. Украиндықтар біздің көмекке мұқтаж және оған әбден лайық», – деп мәлімдеді Қарулы Күштер комитетінің басшысы, сенатор Инхоф. Керш бұғазындағы кемелерді басып алу, оның пікірінше, Ресей–Украина қақтығысының қауіпті эскалациясы.

«The Qazaq Times»