АҚШ өкілдері Украина ұшағын Иранның зымыраны атып түсірді деп есептейді

0

АҚШ-тың ресми өкілдері Тегеранда құлаған украиналық жолаушылар ұшағын Иранның зымыраны байқаусызда атып түсірген деп санайды.

Бортында 176 адам бар Украина әуе компаниясының PS 752 рейсі 8 қаңтарда Тегеран әуежайында апатқа ұшыраған. Ұшақтағы адамдардың бәрі көз жұмған. Украина тарабының дерегінше, ұшақта 82 ирандық, 63 канадалық, 10 швед, 4 ауған, 3 британдық және Германияның 3 азаматы болған. Украина қауіпсіздік қызметі апат салдарынан қаза тапқан 11 украиндықтың арасында экипаждың тоғыз мүшесі бар деп хабарлады.

Ұшақ апаты Тегеран АҚШ-тың Ирактағы әскери базасын зымыранмен атқылағаннан бір сағат өткенде болған.

Аты-жөнін айтпаған АҚШ-тың ресми өкілдері Иранның зымыраны абайсызда Boeing 737-800 ұшағын атып түсіргеніне “сенімді”. Олар бұл деректі америкалық басылымдарға айтқан. Ресми өкілдер спутник, радар және электрондық деректерді тексерген.

Newsweek сайтына деректермен бөліскен Пентагон, АҚШ пен Ирактың барлау қызметінің өкілдері “украиналық ұшаққа Ресейде жасалған Тор зымыраны тигеніне сенімді”.

АҚШ барлау қызметінің өкілі CBS News сайтына айтуынша, америкалық спутниктерге Ираннан екі зымыран ұшып шыққан сәт және кейінгі жарылыс түсіп қалған.

Пентагон бұл ақпараттарға қатысты комментарий білдірген жоқ.

Видео: «Адамдардың денесі шашылып жатты»

Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Twitter желісінде ұшақ апатына қатысты күдігі барын жазып, “біреу қателік жасады-ау” деген.

“Кейбір адамдар механика деп жатыр. Жеке басым, олай деп ойламаймын. Өте жаман жағдай болған сияқты” деп жазған еді Трамп.

Reuters агенттігінің жазуынша, Иранның азаматтық авиация қызметінің жетекшісі “украиналық ұшақты Иран зымыраны атып түсірген” деген ақпаратты “абсурд” деп атады. Иран транспорт министрлігі де америкалық басылымдардағы ақпаратты жоққа шығарып, “Тегеран әуежайынан украиналық ұшақпен бірге жергілікті және халықаралық бірнеше ұшақ ұшып шыққанын” мәлімдеді.

Украинаның ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің хатшысы Алексей Данилов 9 қаңтар түс ауа “Тегеранда құлаған Украина әуе компаниясының Boeing ұшағы ракетамен атып түсірілуі мүмкін” деген. Ол ұшаққа Ресейде жасалған «Тор» зениттік-ракеткалық комплексінен жіберілген зымыран тиюі мүмкін деген болжам айтқан еді.

Ал Иран билігі ұшақ моторы жанып, пилоттар ұшаққа ие бола алмай қалуы мүмкін деген болжам жасаған.

Интернетте тараған видеоларда ұшақтық әуеде өртене бастағаны көрінеді.

Апатқа ұшыраған ұшақтың зауыттан шыққанына үш жыл болған және 6 қаңтарда тексеруден өткен. Ұшақ ұшып шыққанда ешқандай төтенше жағдай туралы хабар бермеген.

9 қаңтарда украиналық 45 маман Тегеранға келді. Олар ұшақ апатқа ұшыраған аймақтан зымыран қалдықтарын іздемек.

Украина сыртқы істер министрлігі Киев пен Тегеран “апаттың себебін анықтау үшін” бірге жұмыс істеуге келіскенін хабарлады.

Ресми Киевтің хабарлауынша, Иран президенті Хасан Роухани Украина президенті Владимир Зеленскиймен телефонмен сөйлескенде “Тегеран украиналық сарапшыларға ұшақ апатын тексеруге барлық жағдайды жасайтынын айтқан”.

Канада да Ирандағы ұшақ апатының себебін анықтауға қатысқысы келетінін мәлімдеді. Оттава мен Тегеран 2012 жылы дипломатиялық қарым-қатынастарды үзген. Канаданың Ирандағы мүддесін Италияның Тегерандағы елшілігі қорғайды.

3 қаңтарда АҚШ Бағдатта әуе шабуылын жасап, Иран ислам революциясы корпусына қарасты “Құдс күштерінің” қолбасшысы Касем Сүлейманиді өлтірген. Осыдан кейін Иран “кек алу үшін” АҚШ-тың Ирактағы әскери базасын зымыранмен атқылаған. Трамп әуе шабуылынан ешкім зардап шекпегенін хабарлаған.

Оқи отырыңыз: АҚШ-Иран арасындағы текетірес жайлы бар ақпарат

Кейін Иран Тегеранда апатқа ұшыраған украиналық ұшақтың қара жәшігін АҚШ-қа және америкалық Boeing компаниясына бермейтінін мәлімдеген.

Украина мен Иран 9 қаңтарды қаралы күн деп жариялаған.

Azattyq

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз