АҚШ мемлекеттік хатшысы Помпео Қазақстанға сапарын кейінге шегерді

0

АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео Ирак пен Таяу Шығыстағы жағдайдың ушығуына байланысты Қазақстан, Өзбекстан, Украина және Беларусь елдеріне сапарын кейінге шегерді. Бұл туралы 1 қаңтарда АҚШ мемлекеттік департаменті хабарлады.

Помпео 3 қаңтарда Киевке баруы тиіс еді. Одан кейін ол Беларусь, Қазақстан, Өзбекстан, Кипрге сапарлауы керек болған.

Мемлекеттік департамент өкілі Морган Ортагус мәлімдеме жасап, Помпеоның Ирак пен Таяу Шығыстағы жағдайды бақылауға қажет екенін жеткізген.

Оның сөзінше, Помпео Қазақстан, Өзбекстан Украина, Беларусь, Кипрге алдағы уақытта барады.

31 желтоқсанда Бағдаттағы АҚШ елшілігі алдына жиналған мыңдаған наразы адам қоршаудың қақпасын сындырып, қабылдау бөлмесін өртеген. 1 қаңтарда АҚШ-тың Бағдаттағы елшілігі алдына демонстранттар тағы жиналды. АҚШ күштері Ирак пен Сириядағы шиит топтарының базаларына әуеден шабуыл жасап, кемінде 25 адам мерт болғаннан кейін бұған жауап ретінде Бағдаттағы елшілік алдында наразылық акциясы өткен. АҚШ мемлекеттік департаменті әскерилердің іс-қимылын «қорғану» деп түсіндірді. АҚШ «Ирактағы америкалық әскери базаға шабуылдады» деп Иранға бүйрегі бұратын шииттер тобын айыптаған.

1 қаңтар кешкісін Ирак билігі наразылардың АҚШ елшілігін босатқанын хабарлады.

Azattyq