Ақорда қоғаммен диалог орната ала ма?

0

«САЯСИ РЕФОРМАСЫЗ ПРОГРЕСС БОЛМАЙДЫ»

Қазақстанның жаңадан сайланған президенті Қасым-Жомарт Тоқаев маусымның 12-і күні Нұр-Сұлтанда өткен ұлықтау рәсімінде сөйлеген сөзінде «билік пен қоғам арасындағы диалогты дамыту» мақсатында Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құратынын мәлімдеген. Сол күні Тоқаев қол қойған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құру туралы жарлыққа сәйкес, президент әкімшілігі бір ай ішінде саяси партиялар және азаматтық қоғам өкілдерімен келісе отырып, жаңа кеңестің құрамы мен жұмыс форматын белгілеуі тиіс. Кеңестің алғашқы отырысы 2019 жылдың тамызында өтеді деп жоспарланған.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұлықтау рәсімінде сөйлеп тұр. Нұр-Сұлтан, 12 маусым 2019 жыл.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұлықтау рәсімінде сөйлеп тұр. Нұр-Сұлтан, 12 маусым 2019 жыл.

Президент жарлығы елде үкіметке қарсы шерулер күшейіп, полиция көшеден азаматтарды жаппай ұстап, жауапқа тартып жатқан тұста жарияланды. Бас прокуратураның дерегінше, маусымның 9-ы мен 10-ы күні Алматы мен Нұр-Сұлтанда ұсталған 957 азамат әкімшілік жазаға тартылған. Рұқсат етілмеген акцияларға шыққандар арасында биылғы сайлауға бойкот жариялағандармен бірге сайлаудың ресми нәтижесімен келіспеген азаматтар да болды. Полиция көшеден наразыларға қоса шеруге қатысы жоғын айтқан адамдарды да ұстап әкетті.

Маусымның 14-і күні шетелдік басылымдарға берген сұхбатында Тоқаев елде жақында болған қарсылық акцияларында көтерілген талап-тілектерді ескеретінін, ол үшін үкімет елдегі саяси жүйе мен әлеуметтік-экономикалық жағдайға наразы жұрттың үнін билікке жеткізуге мүмкіндік беретін форум құратынын айтты. Тоқаев «саяси өзгеріс болмаса Қазақстан табысқа жетпейді, саяси реформасыз экономикалық реформада прогресс болмайды» деп мәлімдеді. Президент наразылыққа экономикалық қиындықтар мен теңге девальвациясы да себеп болды деп санайды.

«МЕМЛЕКЕТТІ ІШТЕН ЖЕЙТІН ПРОБЛЕМА»

Президент Тоқаевтың Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құру бастамасы қоғамдағы наразы көңіл-күйді реттей ала ма? Бұл туралы Азаттық тілшісі сөйлескен кей сарапшылар мен белсенділер әрқилы пікір білдірді.

Саясаттанушы Ерлан Сайыров.

Саясаттанушы Ерлан Сайыров.

Ерлан Сайыров, саясаттанушы:

— Ұлттық диалог қазіргі қоғамдағы наразылықтарды тоқтатудың жолы. Бұл комиссияны саяси реформалар жөніндегі ұлттық комиссия ретінде құру керек еді. Өйткені қоғам кадр өзгерістерін емес, саяси реформа мен саяси жүйені либеризациялауды күтіп отыр. Егер қоғам осы екі мәселеге екі-үш ай ішінде жауап алмаса, Қазақстандағы жағдай күрделене береді. Саяси реформа заң шығарушы, атқарушы және сот билігін қамтуы керек.

Қоғам кадр өзгерістерін емес, саяси реформа мен саяси жүйені либеризациялауды күтіп отыр.

Қазір олар шын мәнінде институт емес, жоғары биліктің жай ғана бөлімшесі міндетін атқарып отыр. Осы үш институтты құрса, еліміздегі түйінді мәселелер шешіледі. Мысалы, парламентте бүкіл саяси палитраның барлығы болуы керек. Өздері де шаршаған, халықты да шаршатқан «Нұр Отан» партиясының орнына парламентке жаңа саяси күш кіруі керек.

Қасым-Жомарт Тоқаев саяси реформа жасай алады. Сайлаудың ресми қорытындысы бойынша, ол сайлаушылардың 70 пайызының дауысымен халық мандатын алды. Сайлау – билік транзитінің бір кезеңі. Транзит кезеңінде билік біршама әлсірейді, қоғам белсенділігі күшейеді. Енді билік транзитінің екінші кезеңіне көшу керек. Ол – саяси реформа. Тоқаевтың өзі либералды саяси көзқарастағы адам деп санаймын. Конституция бойынша, бүкіл билігі Қазақстан президентінің қолында. Ол ең жоғарғы мемлекеттік тұлға. Сондықтан, Тоқаев конституциялық құқықтарын демократияны қалыптастыруға пайдалануы тиіс.

Қазақстанда осыған ұқсас кеңестер бұрын да болды. Бірақ ол кезде билік оппозицияны тұқыртып тастады. Ал бүгін сол проблема қайтып келді. Бұл жолы да шешілмесе проблема мемлекетті іштен жей береді.

Саясаттанушы Андрей Чеботарев.

Саясаттанушы Андрей Чеботарев.

Андрей Чеботарев, саясаттанушы:

— Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің құрамына кім кіреді, нәтижесі соған байланысты болады. Мұндай тәжірибені 2016 жылы жер митингілерінен кейін жер комиссиясы құрылған кезде көргенбіз. Оған тек шенеуніктер ғана емес, түрлі партия өкілдері мен танымал қоғам белсенділері кірді. Сөйтіп қоғамдағы ширыққан көңіл-күй орнына түсіп, конструктивті ұсыныстар жасалды. Меніңше, билік қазір де сол тәжірибені қолдануға ұмтылады және айтарлықтай өзгеріс жасауға мәжбүр болады.

Нұрсұлтан Назарбаев құрған саяси жүйе бір адамның басымдығына негізделген. Менің ойымша, Қасым-Жомарт Тоқаевтың оны әрі қарай алып кетуі неғайбіл.

Нұрсұлтан Назарбаев құрған саяси жүйе бір адамның басымдығына негізделген.

Сондықтан парламент, мәслихат, саяси партиялар мен басқа да институттарды реформалауға акцент жасағаны өзіне жақсы. Егер осы бағытта жұмыс істейтін болса, онда реформаны неден бастау қажеттігі жайлы талқылауға болады. Өйткені, сөз еркіндігі, жиын бостандығы, жергілікті өзін өзі басқару секілді тағы да басқа мәселелер өте көп. Парламенттің кезекті сайлауы 2021 жылы болады. Бірақ саяси жүйені толық қайта құру қажет болса 2020 жылы-ақ сайлау өтуі мүмкін.

Осыған ұқсас кеңес бұрын да болған. Оны ауызекі тілде «НКВД» деп те атайтын. Кейін соның негізінде құрамы өзгерген мемлекеттік комиссия құрылды. Осы комиссия жұмысының қорытындысы негізінде 2007 жылы конституциялық реформа жасалды. Мәжіліс депутаттарын саяси партиялар арқылы сайлау, Қазақстанның бірінші президентіне қайта сайлануға шексіз мүмкіндік беру секілді реформалар содан шықты.

Ауыл-шаруашылығы министрінің бұрынғы орынбасары Марат Толыбаев.

Ауыл-шаруашылығы министрінің бұрынғы орынбасары Марат Толыбаев.

Марат Толыбаев, бұрынғы ауыл-шаруашылығы министрі орынбасары:

— Билік пен қоғам арасында диалог орнатуға бағытталған талпынысты құптау керек. Жоқтан жақсы. Наразылықтар қазіргідей күшейе бастағанда, билік саяси өмірде қандай да бір өзгеріс жасауға мәжбүр деп ойлаймын. Алайда, бұған алданып қалуға да болмайды. Билік түбегейлі саяси өзгеріс жасамайды. Қоғамда жиі айтылатын парламенттік басқару жүйесіне де көшпейді.

Бұл кеңес «қоғам наразылығын ескердік» деуге ыңғайлы декоративті орган болады.

Сондықтан бұл кеңес «қоғам наразылығын ескердік» деуге ыңғайлы декоративті орган болады. Қасым-Жомарт Тоқаев өз бетінше саяси реформа жасай алмайды. Биыл бірінші мамырда наразылық акциясына шыққандарды бірден қамаған жоқ. Олар өз ой-пікірін ашық айтып тұрды, яғни билік еркіндік берген сияқты көрінді. Ал, артынша басқаша әрекетке көшті. Соңғы наразылықтарда мыңға жуық адам қамалғаны соның белгісі. Меніңше, бұл қатаң саясат көпке созылмайды.

Оппозициялық белсенді Жасарал Қуанышәлин.

Оппозициялық белсенді Жасарал Қуанышәлин.

Жасарал Қуанышәлин, оппозициялық белсенді:

— Бұл — биліктің кезекті көзбояушылығы, сыртқы саясатта көрсеткен белгісі. «Тоқаев халықпен санасады» дегенді білдіруді ғана көздейді. Халықпен диалог орнатқысы келетін билік ой-пікірін ашық айтқысы келгендерді қудаламас еді, жаппай қамамас еді. Мыңға жуық адамды қамауға алып, «сендермен келісімге келеміз» дегенін қалай түсінуге болады? Қасым-Жомарт Тоқаев осыған дейін де бірнеше рет халыққа жағымды сөздер айтқан. Халықты тыңдау керек, есту керек деп әкімдерге тапсырма берді, сайлау әділ өтеді деді. Сайлауды әкімшілік жолмен жеңгенін көріп отырмыз.

Қоғаммен диалог орнату үшін билік халықтың ой-пікірін ашық айтуына мүмкіндік беруі керек.

Қоғаммен диалог орнату үшін билік халықтың ой-пікірін ашық айтуына мүмкіндік беруі керек. Полиция митингіге шыққан халықты қорғау үшін жүруі керек. Ол үшін митинг, жиын туралы заңды өзгерту керек, бірақ біз оны өзгертеді деп дәмелене алмаймыз. Оны өзгерткісі келсе баяғыда өзгертер еді. Оны өзгертсе, билік өзі отырған бұтақты өзі кескен болып шығады.

Меніңше, қоғамдық сенім кеңесі құрылса да билік оған өзіне ыңғайлы адамдарды шақырады. Оны 2016 жылы жер комиссиясынан да көрдік. 2005 жылы да елді демократияландыратын Ұлттық кеңес деген болған. Еш нәтиже болған жоқ, соңы сиырқұйымшақтанып кетті. Одан бері саяси жүйе өзгерген жоқ.

Жарасбай Сүлейменов, парламент мәжілісінің бұрынғы депутаты:

— Наразылық акциялары кезінде билік өкілдері, депутаттар халық алдына шығып, халықтың ой-пікірін тыңдауы тиіс еді. Осыған орай Тоқаев алғашқы қадамын жасады, ол ұсынған орган халық пен билікті жақындастыратын жаңа тетік болуы тиіс. Наразылар талаптарын сол қоғамдық келісімде айтса болады. Билік те халықпен санасуы керек.

Қасым-Жомарт Тоқаев саяси реформалар жасай алады. Қазірдің өзінде тың бастамалары бар. Назарбаевтың еңбегін жоққа шығаруға болмайды. Оның тәжірибесін пайдалану керек. Ол президенттікті өз еркімен берді. Оны да бағалау керек.

БҰҒАН ДЕЙІНГІ БАСТАМАЛАР

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесіне ұқсас орган бұрын да болған. Оппозициялық күштердің белсенділігінен кейін 2002 жылы қарашада Азаматтық қоғамды одан әрi демократияландыру мен дамыту жөнiндегi ұсыныстарды тұжырымдау жөнiндегi тұрақты жұмыс iстейтiн кеңес құрылған еді. 2004 жылы қараша айында, парламент сайлауынан кейін сол кезде билік басында отырған Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысымен ол президент жанындағы консультативтік-кеңесші органға айналып, ұлттық кеңес деп аталды. Назарбаев бұл ұсынысты өзін қолдайтын «Отан» (қазіргі «Нұр Отан») партиясының кезектен тыс съезінде «Қазақстандағы саяси реформалар бағдарламасын» жариялағанда айтқан еді.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (сол жақта) пен бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев "Нұр Отан" партиясының съезінде. Нұр-Сұлтан, 23 сәуір 2019 жыл.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (сол жақта) пен бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев «Нұр Отан» партиясының съезінде. Нұр-Сұлтан, 23 сәуір 2019 жыл.

Ұлттық кеңес құрылған кезде негізгі оппозициялық саяси күштер парламент сайлауы қорытындысын мойындамаған, «Ақ жол» партиясы өзіне берілген жалғыз депутаттық мандаттан бас тартқан болатын. Ал «Отан» партиясының тең төрағаларының бірі Жармахан Тұяқбай оппозицияға кеткен еді. Оппозициялық күштер Ұлттық кеңеске кіруден бас тартып, парламент сайлауының қорытындысын қайта қарау және сол кезде түрмеде отырған саяси тұтқын Ғалымжан Жақияновты босату туралы талап қойған болатын. Ұлттық комиссия бірнеше жыл жұмыс істеп, қазіргі саяси жүйеге әкелген өзгерістер енгізуге үлес қосқан.

2016 жылы жер митингілері күшейген тұста да қоғаммен келісімге келу мақсатында Жер комиссиясы құрылып, жұмыс істеген.

Маусымның 9-ы күні Қазақстанда тарихында алтыншы рет президент сайлауы өтті. Бұл жолғы сайлауға соңғы отыз жылға жуық елді үздіксіз басқарып, биыл наурызда президенттік өкілетін кенеттен тоқтатқан Нұрсұлтан Назарбаев қатысқан жоқ. Ол өз орнына парламент сенатының сол кездегі төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевты қалдырған еді. Назарбаев президенттіктен кеткенімен заңда бекітілген ерекше мәртебесі оған билікке ықпал етуіне мүмкіндік береді. Назарбаев басқару тізгінін әлі қолында ұстап отыр деп санайтын кей оппозициялық күштер биылғы кезектен тыс президент сайлауына бойкот жариялаған. Олар сайлаудың шынайы бәсекемен өтуіне еш мүмкіндік қалдырмады деп билікті айыптаған.

Сайлау күні және одан кейін полиция көшеде жүздеген адамды жаппай ұстағанын кейін мойындады. Сайлау өткен күннің ертесінде оның ресми қорытындысы жарияланып, билік партиясының кандидаты Қасым-Жомарт Тоқаевтың 70 пайыздан артық дауыс жинап, жеңіске жеткені жарияланды.

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы кезектен тыс президент сайлауы кезінде бейбіт шеруге шыққандарды жаппай ұстау мен дауыс беру барысында көптеп тіркелген заң бұзу фактілері «демократиялық стандарт сақталғанын көрсетпегені анық» деп мәлімдеді. БҰҰ-ның адам құқықтары Нұр-Сұлтанды адам құқықтары бойынша халықаралық міндеттемелерін орындауға шақырды.

Azattyq