«Ақеркенің келінім болатынын кейін білдім»: Роза Рымбаева ұлы Әлидің тойы қашан болатынын айтты

0

Әли Оқапов пен Ақерке Бүркітбай қол ұстасты. 19 тамыз күні Ақеркенің ұзату тойы өтті. Роза Рымбаева шеркеш руымен құда болды. Енді ұлының үлкен тойын жасауға дайындалып жүр.

Ел арасында Әли мен Ақеркенің кездесіп жүргені жайлы жиі айтылып жүрді. Алайда қос өнерпаз бұл сөзді теріске шығарып, пікір білдіруден бас тартқан еді. Жақын күндері Ақерке сүйіктісінің сөз айтқанын мәлімдеді. Көпшілікті қызықтырған сұрақтың жауабы белгілі болды. Әли сүйіктісін 19 тамыз күні ұзатып алды.

«Енді тойға дайындаламыз. Бірақ той карантиннен соң өтеді. Карантин толығымен аяқталып, барлық мекеме жұмысын бастап, тынышталған уақытта жасаймыз. Қанша уақыт өтсе де мейлі. Бастысы адамдардың денсаулығы. Бір адам ауру жұқтырса, бүкіл елге тарайды. Ондайға жол бермеу керек», — деді Халық әртісі Sputnik Қазақстан тілшісіне.

Роза Қуанышқызы ұлының таңдауы кімге түскенін жақын күндері ғана білген. Оның ойынша, жеке өмірі жайлы көпшілікке жария етпегені, жасырын ұстағаны жақсы.

«Мен 2019 жылдың аяғында Ақерке мен Әлидің кездесіп жүргенін білдім. Мен келінім мынадай болсын деп таңдамаймын. Жастар өздері кездесті. Бірін-бірі ұнатты. Өнер жолында болсын, басқа болсын ол маңызды емес. Маңыздысы -олардың таңдауында», — деді Әлидің анасы.

Айта кетейік, Әли Оқапов 1991 жылы Алматы қаласында өмірге келді. Әкесі Тасқын Оқапов атақты композитор. Өзі отбасының тұңғышы. Ақерке Бүркітбай «Асыл» тобының солисі, әнші, актриса. Әлиден бір жас кіші. Бірнеше отандық киноларда роль сомдады.

Күні кеше Атырау қаласында бойжеткеннің ұзату тойы дүркіреп өтті. Өнердегі әріптестері мен желідегі оқырмандарын екі жасқа бақыт тілеп, ақ тілегін арнап жатыр.

stan.kz