Америкадағы тәртіпсіздіктер неге өршіп кетті?

0

АҚШ-та Джордж Флойдтың қазасын және одан кейінгі тәртіпсіздіктерді сайлауалды науқанда қолдана бастады. Оппоненттер расизм мен полицейлердің қатыгездігі үшін Трампты кінәлап отыр. Алайда демократтарды тосын сый күтіп тұрған сияқты.

Күні кеше Американың басшысы мәлімдеме жасап, көшеге шыққан халықты да, губернаторларды да сынға алды. Трамп тәртіпсіздіктерге қатысқан адамдарды «бүлікшілер» деп атап, бейбіт халықты қорғай алмай отырған бірқатар штаттың басшысына шүйлікті. Осы орайда АҚШ президенті нысандарды қирату мен өрт салу әрекеттерін тоқтату үшін армиямен бірге барлық федералды ресурсты жұмылдыруға уәде етті.

Трамп өз мәлімдемесін Ақ үйдің қызғылт бағында жасады. Сол кезде полиция коменданттық сағатқа байланысты Лафайет-скверді босатып, наразылық білдірушілерді артқа қарай ығыстырып жатқан. Осыдан кейін АҚШ басшысы резиденциядан шығып, қоршалған алаң арқылы әулие Иоанның шіркеуіне жаяу барды. Радикалдар дәл осы шіркеуге бір күн бұрын өрт салған. Сол жерде Трамп Киелі кітапты көтеріп, мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге сөз берді.

Демократтар президенттің «перфомансына» бірден жауап берді. Конгресмендер бірлескен мәлімдеме жасап, Трамптың әрекетін сынға алды. Демократиялық партиядан шыққан бірнеше штаттың басшысы да үндемей қалмады. Олардың ішінде Нью-Йорк пен Орегонның губернаторлары да бар. Ал Вашингтонның мэры Муриэл Баузер Лафайет-скверге шыққан қарусыз халықты тарату шараларын сынады. Себебі полиция Ақ үйдің алдына жиналған адамдарды коменданттық сағатқа 25 минут қалғанда тарата бастады.

Негізі, бүгінде жергілікті және аймақтық биліктің қолға алып жатқан шаралары жеткіліксіз. Полиция да тәртіпсіздіктерді тоқтата алмай отыр. Президент болса, қатаң шара қолданамын деп қорқыта береді. Алайда нақты нәтиже көрінбейді. Неге? Себебі Американың мемлекеттік жүйесі күрделі. Оған қоса, қазіргі ішкі саяси текетірес қатты болып тұр.

АҚШ-та жергілікті билік өз аумағына жауап береді. Федералдар тек штат билігі жасаған өтініш бойынша ғана көмекке келеді. Ал президент губернатордан аттап, шешім қабылдай алады. Бірақ ондайда барлық жауапкершілік өзіне жүктелетінін жақсы біледі.

Осы орайда қызықты бір жағдайды атап өткен жөн. Джордж Флойдтың қазасынан кейін наразылық акциялары барлық штатқа тарады деуге болады. Алайда тәртіпсіздіктер мен бүліктер, зорлық пен тонау, көбінесе, Демократиялық партияның қарамағына кіретін жерлерде болды. Ол аймақтарда Трампты қолдайтындар өте аз. Мәселен, Нью-Йоркта тәртіпсіздіктер басылатын емес. Ал штаттың басшысы Эндрю Куомо «бүлікшілер демостранттармен араласып кетті» деп, нақты шара қолданбай отыр. Демократтар қатаң шара қолданса, электораттың негативті реакциямен шығатынын жақсы біледі.

Осылайша, оппоненттер толқулардың өздігімен басылатынын күтіп жүр. Ал Трамп губернаторларға сеніп отыр. Негізі, бүліктер күшейе берсе, демократтардың жерінде халықтың көңіл-күйі өзгеруі әбден мүмкін. Ондайда республикашылардың мәртебесі жоғарылай түседі.



sputniknews.kz

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз