Алматының бас санитар дәрігері күшейтілген карантин мерзіміне қатысты сауалға жауап берді

0

Ол қаңтардан бастап респираторлық аурудан және пневмониядан қайтыс болған адамдармен байланыста болғандарды тексеру жұмысы басталғанын да айтты

АЛМАТЫ, 9 cәуір – Sputnik. Алматы қаласы тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысы Айзат Молдағасымова күшейтілген карантин 13 сәуірден соң аяқтала ма деген сауалға жауап берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

«Бізде елімізде республикалық штаб бар, қалалық штаб жұмыс істеп тұр. Карантиннің ұзартылуы, тоқтауын сол штаб шешеді», — деп қысқа қайырды Молдағасымова.

Сонымен қатар қаңтардан бастап респираторлық аурудан және пневмониядан қайтыс болған адамдармен байланыста болғандарды тексеру бойынша жұмыс басталғанын айтты. 

«Расында да, қайтыс болғандар жайлы анализ жүргізу басталды. Поликлиникалық қызмет олармен бірге тұрған адамдар мен туыстарын тексеру бойынша жұмыстар жүргізеді. Олар да коронавирусқа тексеруден өтуі мүмкін. Қайтыс болған кісілерге эксгумация жасалмайды. Көріп тұрғанымыздай, қаладағы науқастардың басым бөлігі шетелден келген, алайда біз жергілікті тұрғындар арасында да тексеру жұмыстарын жалғастыра береміз»,- деді ол.



sputniknews.kz