Алматылық студент елорданың атауын өзгертуге қарсы шыққан соң оқудан шығарылған. Министрлік тексеріс жүргізіп жатыр — Қазақстан жаңалықтары

0

22 наурызда Алматыда колледждің 16 жастағы студенті елорданың атауы өзгертілуіне қарсы шығып, салдарынан полиция ұстаған еді. Артынша ол оқудан шығарылыпты. Қазақстанның білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова бұл жағдайға байланысты тексеріс басталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігінің тілшісі.

Алматылық студент елорданың атауын өзгертуге қарсы шыққан соң оқудан шығарылған. Министрлік тексеріс жүргізіп жатыр

Парламент мәжілісінің депутаты Ирина Смирнова 15 сәуірде Facebook желісінде «мектептің 10-сыныбына ауысуына байланысты құжаттарды қайтарып алу» туралы өтініштің көшірмесін жариялаған еді. Депутаттың сөзінше, өтінішті жасөспірімнің анасы жазған. Дәл осы жазбада студентті оқудан шығару туралы бұйрықтың көшірмесі жарияланған. 

Осы жағдайға байланысты пікір білдірген еліміздің бас ұстазы Күләш Шәмшидинова бүгінгі таңда тексеріс жүргізіліп жатқанын айтты.

«Бұл туралы екі күн бұрын білдік. Дамир есімді жігіт. Бұл мәселені тексеруді бастадық. Бізге түскен ақпаратқа сәйкес, студенттің ата-анасы құжатты қайтарып алу туралы өтінішті өздері берген. Десе де қазіргі уақытта тексеріс жүргізіп жатырмыз. Егер оны оқудан заңсыз шығарған болса, тиісті шаралар қолданылады», — дейді министр. 

Еске сала кетсек, 23 наурызда президент Қасым-Жомарт Тоқаев елорданың атауын Нұр-Сұлтан деп өзгерту туралы жарлыққа қол қойған еді.

stan.kz