Алматыдағы балабақшада тәрбиеші бүлдіршінді ұрып-соққан: Сот үкім шығарды

0

Алматы қалалық кәмелет жасқа толмағандардың ісі бойынша мамандандырылған ауданаралық сотта №37 балабақшаның тәрбиешісі Гүлжан Әкімбаеваға қатысты сот тыңдалымы өтті. Ол бүлдіршінді ұрып-соқты деп күдіктелуде.

Сотталушының қорғаушысы Альбина Бақтиярқызының сөзінше, сол күні әйел үйіндегі проблемалар үшін қатты ашуланған. Ол екі күн бойы уақытша ұстау изоляторында болды. Сол жерде жүрегі ұстап қалыпты.

«Өз кінәсін толықтай мойындап отыр. Істеген ісіне өкінеді. Мұндай қылмыстық әрекет жасауының себебін сол күні, 2 мамырда, отбасында қиын жағдай болғанымен түсіндіреді. Оның әкесі ауырып қалып, инсульт алған, соның салдарынан ол ауыр күйзеліске түсіпті. Артынша өзі де инсульт алған», — дейді қорғаушы.

Сот 35 жастағы Гүлжан Әкімбаеваны ҚР ҚК 140-бабы 2-тармағына (Кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөнiндегi мiндеттердi педагогтiң немесе оқу, тәрбиелеу, емдеу мекемесінің немесе кәмелетке толмаған адамды қадағалауды жүзеге асыруға мiндеттi өзге мекеменiң басқа да жұмыскерiнiң кәмелетке толмаған балаға қатыгездік танытуымен ұласқан орындамауы немесе тиісінше орындамауы) сәйкес кінәлі деп танып, 60 АЕК (151 мың теңге) көлемінде айыппұл жазасын кесті.

Сонымен қатар Гүлжан Әкімбаева жәбірленуші тарапқа моральдық шығын ретінде 100 мың теңге өтеп беруі тиіс. Жәбірленген баланың анасының сөзінше, бұл ақша психологтың қызметінің ақысын төлеуге жұмсалады.

Еске сала кетсек, желіде Алматыдағы балабақшалардың бірінде тәрбиешінің баланы ұрып-соққан видеосы тарап кетті. Артынша Білім және ғылым министрлігі тәрбиешінің жұмысынан қуылғанын мәлімдеді. Сонымен қатар балабақшаның меңгерушісі де қызметінен босатылды.

stan.kz