Алматыдағы автобустар короновирус жұқтыратын басты орынға айналуы мүмкін — Қазақстан жаңалықтары

0

Алматы автобустары вирус жұқтыратын ең қауіпті орындардың біріне айналуы мүмкін, деп хабалайды Stan.kz ақпарат агенттігі Астана арнасына сілтеме жасап. 

Алматыдағы автобустар короновирус жұқтыратын басты орынға айналуы мүмкін

Қоғамдық көлікте адам қарасы көп. Тек жолаушылар ғана емес, жүргізушілер де бетперде мен қолғап тақпаған, ешқандай сақтық шаралары жүргізіліп жатқан жоқ. Ал жергілікті шенеуніктер бұл мәселеге әлі мән бере қоймаған сияқты. Мегополис тұрғындары қоғамдық көлікте сақтық шаралары былай тұрсын, ине шаншыр жер жоқ деп шағымдануда. 

Ілияс Алдаберген есімді қала тұрғыны халықтың бетперде, қолғап туралы мүлдем ұмытып кеткендерін айтады. 

«Барлығы сақтық шаралары туралы мүлдем ұмытып кетті. Өйткені, автобус жүргізушілері қадағалап жатқан жоқ. Тек қана аялдама сайын адамдарға жол ақысын төлеуін өтініп ескерту жасайды. Неге арақашықтық сақтау, маска тағу туралы ескерту жасамайтынын білмейміз. Коронавирус инфекциясының қаупіне қарамастан, адамдар әлі де автобустарға мінеді», — дейді ол. 

Ғалия Байдалинова да автобустардың толып кеткеніне наразы. Алайда басқа амалымыз жоқ деп отыр. Келесі көлікті күткенмен, ол да адамға толы болады дейді. 

«Әрине, қорқасың. Бірақ басқа амал жоқ. Егер сіз бір автобуспен жүрмесеңіз, келесі автобустың бос болатынына кім кепіл? Алда келетін көлік те толы болуы мүмкін ғой», — дейді тұрғын.

Алматы қаласы қалалық мобильдік басқармасының бөлім басшысы Әсет Төлеушов болса біздің қолымыздан тұрғындарға тек қана ескерту жасап, кеңес беруден басқа ештеңе келмейді деп отыр. Оның айтуынша әр адам өз денсаулығына өзі жауапты.

«Қазіргі уақытта біздің әрекеттеріміз тек кеңес беру сипатында. Бізде бақылау және қадағалау функциясы жоқ. Біз айыппұл сала алмаймыз. Маскаларды тағу — ең алдымен жолаушылардың өздерінің қолында. Біздің жүргізушілер маска режиміне ғана емес, қолғап та киеді», — дейді ол. 

Алматылық қоғамдық көліктердегі адам санын азайту  үшін шенеуніктер келесі аптада тағы 100 автобустың жұмыс бастайтынын айтып отыр. Алайда осы уақыт аралығында жолаушылардың өміріне қауіп төніп тұр. Дегенмен, тұрғындардың басқа амалы жоқ.

stan.kz