Алматыда індет жұқтырғандар спорт кешендеріне жатқызылады

0

Алматыда короновирус жұқтырған науқастар енді спорт кешендеріне жатқызылады. Бұл туралы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Камалжан Надыров мәлімдеді. Қаланың бас дәрігерінің айтуынша провизорлық төсек-орындар 90%-ға, инфекциялық төсек-орындар 95%-ға толған. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Қауіпті індетті жұқтырғандар қатарының күн санап артуына орай бірқатар спорт кешендері мен ауруханаларды провизорлық госпитальға айналдыру көзделуде. Бүгінгі күні қала стационарларында 1388 пациент ем алуда. Оның 20-сы хал үстінде болса, 150-інің жағдайы ауыр. Мыңнан астам пациенттің жағдайы орташа болса, тек 194 науқастың күйі қанағаттанарлық дәрежеде екен. Айта кетейік жағдайлары ауырлағандардың 80 пайызы жасы 60-тан асқандар.

КАМАЛЖАН НАДЫРОВ, ҚАЛАЛЫҚ ҚОҒАМДЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

«Жұқпалы аурулар бейініндегі қосымша төсек-орнын ашу үшін HalykArena базасында 500 орнын ашу нұсқасын қарастырудамыз. Сондай-ақ, біз 150 төсек-орынға арналған теміржол ауруханасы госпиталі базасында жұқпалы аурулар стационарын ашу мүмкіндігін ойластырудамыз. Осылайша, қосымша тағы 650 төсек-орны ашылатын болады. Жағдай одан әрі ушыққан кезде, AlmatyArena» базасында да төсек-орындар ашуға болады. Осының барлығы есептегенде, 3700-ге дейін жұқпалы аурулар төсек-орнын, провизорлық төсек-орындарын 1000-ға дейін ашуға мүмкіндік береді».

Сонымен қатар Алматыда короновирусқа тест тапсыру мәселесі де ушығып барады. Жүзден астам адам кезекте тұрғанын куәгерлер видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге жүктеуде. Бірнеше сағат тұрып сынама тапсыра алмағандары да бар. Жұртшылықтың шағымынан кейін қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы түсініктеме берді. Оның айтуынша бірқатар жекеменшік зертханалар түрлі себептермен істен шығыпты. Оның соңы қоғамда резонанс тудырды.

 

КАМАЛЖАН НАДЫРОВ, ҚАЛАЛЫҚ ҚОҒАМДЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

«Осы аптада зертхана жұмыстары қайта жанданады. Мобильді зертхана да іске қосылады. Бірақ, пациенттерде тест нәтижесінің оң болмауына қарамастан, коронавирусқа ұқсас клиникалық көрініс тапқан жағдайда, біз диагностикалау мен емдеудің жаңа клиникалық хаттамасына сәйкес, тестілеу нәтижесін күтпестен емдеуді бастаймыз. Бұл емдеу процесін бақылауға және процесті қауіпті асқынуларға дейін өршітіп алмауға мүмкіндік береді».