Алматы соты «Сергекке» қарсы наразылыққа қатысқан белсенді Базархановты 15 күнге қамады

0

Алматыдағы әкімшілік сот қала тұрғыны Айдос Базархановты «бейбіт митинг заңын бұзды» деген айыппен 15 күнге қамады. Бұл туралы Азаттыққа Базархановтың адвокаты Жанар Балғабаева хабарлады.

Адвокаттың сөзінше, Базарханов 11 ақпанда Алматыда өткен «Сергек» видеокамераларына қарсы пикетке қатысқаны үшін жазаланған. Сот бұл пикетті жергілікті билік рұқсат етпегендіктен заңсыз деп санайды. Бұған дейін де Алматыдағы әкімшілік сот осы пикетке қатысқан бірнеше белсендіні 15 тәулікке қамаған.

Базарханов Азаттыққа 18 ақпан күні қаладағы сауда орталығында өз шаруаммен жүргенде полиция ұстап әкетіп, сотқа жеткізгенін айтқан.

Бұған дейін Алматыда 20-дан астам белсенді «бейбіт митинг өткізу заңын» бұзды деген айыппен 10-15 тәулікке қамалған. Құқық қорғаушылар «бұл қамаулар – 22 ақпанға белгіленген митингке биліктің дайындығы» деп санайды. Қазақстан билігін сынаушы, шетелде тұратын оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов басқаратын «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысы жұртты 22 ақпанға митингіге шақырған.

Видео: Жоспарланған митинг алдында қанша белсенді ұсталды? 18 ақпан 2020 жыл.

2018 жылы Қазақстан соты ҚДТ қозғалысын «экстремистік ұйым» деп таныған. Осыдан кейін қозғалысты қолдайтын ондаған адам «тыйым салынған ұйым қызметіне араласты» деп айыпталған. Әблязов Қазақстан сотының шешімімен келіспейді. Еуропарламент 2019 жылғы резолюциясында ҚДТ-ны «бейбіт оппозициялық қозғалыс» деп атаған.

Қазақстанның қазіргі заңына сай, жұрт қандай да бір митинг, наразылық шарасына шығу үшін жергілікті биліктен алдын ала рұқсат алуы тиіс. Әкімдіктер көбіне түрлі себеп айтып, митинг өткізуге рұқсат бермейді.

Azattyq

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз