Алматы полициясы ондаған адамды ұстады

0

1 мамырда Алматыда сайлаудың әділ өтеуін талап етіп, билікке наразылық білдірген ондаған адамды полиция ұстап әкетті.

Ереуілге шыққандар наразылығын бүгін түскен таман орталық мәдениет және демалыс саябағынан бастаған. Саябақ ішінде ұрандата жүріп өткендер шеруін қалада жалғастырмақ болғанда, арнайы полиция жасағы саябақ қақпасын жауып қойған.

Медеу аудандық әкімімен біршама уақыт сөйлескен наразылар қақпа ашылған соң шеруін жалғастырды. Жетпіске тарта азамат бірнеше көше жүріп өтті. Наразылар Гоголь-Пушкин көшелерінің қиылысына келгенде арнайы жасақ адамдарды автобустарға күшпен сала бастады.

Азаттық тілшісінің айтуынша, полиция ондаған адамды ұстаған.

Тікелей эфир: Алматыда наразылардың ұсталуы

1 мамыр күні Алматы мен Нұр-Сұлтанда, Қарағанды мен Шымкентте мерекелік шара өтіп жатқан жерге жүздеген адам жиналып, билікке талап қойды.

Наразылар «Біздің өз таңдауымыз бар!», «Тоқаев біздің президент емес!», «Дариға спикер емес!», «Нұр-Сұлтан астанамыз емес!», «АЭС-ке қарсымыз!», «Халықтың пікірімен санасыңыздар», «Көп балалы аналарға жәрдем берілсін!», «Шындықтан қашып құтылмайсың!», «Шал, кет!» деп айғайлады.​

​Прокуратура 29 сәуірде жариялаған үндеуінде «Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде 1 мамырда рұқсат етілмеген митингіге қатысуға шақыру жазбалары тарап жатыр. Мұндай акцияларға қатысқандардың әрекеті бейбiт жиындар мен митингiлерді ұйымдастыру және өткiзу тәртiбi туралы заңды бұзу деп танылады» деп жазылған.

Жаңалық толықтырылады.

Azattyq