Алматы – олимпиадашылар ордасы

0

Жазғы Олимпия ойындарындағы 60 ме­дальді облыс спортшыларына олимпиадалық жүйемен үлестіретін болсақ, Алматы қала­сының саңлақтары 3 алтын, 3 күміс, 4 қола жүл­демен көш бастап тұр. Алматылық спорт­шылар алтын медальді бокс (Бақыт Сәр­секбаев), су спорты (Дмитрий Баландин) және жеңіл атлетика (Ольга Шишигина) спортынан жеңіп алған. Екінші орында 2 алтын, 3 күміс, 2 қоласы бар Алматы облысы келеді. Бұл өңір күрес спорты мен ауыр атлетикаға бейім. Мысалы, 7 жүлденің төртеуін балуандар Юрий Мель­­ниченко (алтын), Мәулен Мамыров (қола), Георги Цурцумия (күміс), Нұрбақыт Теңіз­баев (күміс) иеленсе, екі жүлдені зілте­мірші Сергей Филимонов (күміс) пен Карина Го­ри­­­чева (қола) олжалаған. Сондай-ақ жеңіл­атл­ет Александр Парыгин алтын жүлде жеңіп алған.

Үздік үштікті Қарағанды облысы 2 алтын, 1 күміс, 3 қола медальмен қорытындылап тұр. Кеншілер аймағы бокс спортына епті келеді. Бұл облыста боксшы Василий Жиров пен Серік Сәпиевтің алтын жүлдесі, Г.Головкин мен С.Елеуовтің күмісі мен қоласы бар. Яғни, төрт жүлдені облыс қоржынына боксшылар салған. Екі қола онсайысшы Д.Карпов пен еркін күрес шебері Э.Сыздықоваға тиесілі. Төртінші орын 1 алтын, 4 күміс, 

3 қола жүлдесі бар Оңтүстік Қазақстан облы­сына (қазіргі Түркістан облысы) бұйырды. Оңтүстік өңіріне ең бірінші және қазірше жалғыз алтын медальді 2000 жылы Сидней Олимпиадасында марқұм Бекзат Саттарханов (бокс) әперген болатын. Содан бері бұл өңірдің өрендері Олимп шыңын бағындыра алмай келеді. Рио Олимпиадасында ауыратлет Жазира Жаппарқұл күміс жүлде иеленіп, алтынға қол созым жерден сүрінген-ді. 

Жамбыл облысының спортшылары ОҚО-дан бір қола жүлде кем алып, үздік бестікті түйіндеп тұр. Жамбылдың жампоздары 1 алтын, 4 күміс, 2 қола жүлдені тек екі спорт түрінен алған. Бірі – бокс, екіншісі – күрес. 2004 жылы Бақтияр Артаевтың алтынының жанында Болат Жұмаділовтің екі күмісі, Болат Ниязымбетовтің бір қоласы бар. Ал балуандар Ислам Байрамуков күміс, Ақжүрек Таңатаров қола, дзюдошы Елдос Сметов күміс жүлде иеленген. Әрине, Сметовтің қатысқан спорт түрі дзюдо болғанымен, күрес түрлеріне жататынын ескерген жөн. Алтыншы орындағы Астана қаласының қоржынында 1 алтын, 1 күміс, 2 қола медаль бар. Боксшы Данияр Елеусінов (алтын), Василий Левит (күміс), Марина Вольнова (күміс), дзюдошы Асхат Жіткеев (күміс) және балуан Гюзель Манюрова (күміс) алған.

Екі Олимпиадада бір алтын, бір күміс жүлде алған велошабандоз Александр Винокуровтың жалғыз өзі бір облыстың (Солтүстік Қазақстан облысы) жүгін арқалап, солтүстік өңірін жалпы есептің қорытындысы бойынша жетінші орынға көтерді. Сонымен қатар 1 алтын, 1 қоласы бар Ақтөбе облысы сегізінші орында келеді. Ақтөбеге алтын медальді боксшы Ермахан Ыбрайымов, ал қола жүлдені ауыратлет Фархад Харки сыйлаған. Дәл Ақтөбе облысымен бірдей медаль жинап, тек алтын жүлдені 2016 жылы Рио Олимпиадасында алған Атырау облысы тоғызыншы орында тұр. Атырау облысының қоржынына алтын медальді зілтемірші Нижат Рахимов, қола жүлдені таэквондошы Арман Шылманов салған. Үздік ондықты соңғы екі Олимпия ойындарында 1 алтын, 1 қола жүлде алған жеңілатлет Ольга Рыпакованың арқасында ШҚО қорытындылады. 

Маңғыстау облысы боксшы Әділбек Ниязымбетов екі Олимпиадада екі күміс медальі мен балуан Марид Муталимов 2008 жылы қола медальімен 11-орыннан көрінді. Ақмола облысы 1996 жылғы ауыратлет Анатолий Храпатыйдың күміс жүлдесінің арқасында 12-орынға жайғасқан. Облыстық рейтингтің 13-ші және 14-орындарын Қостанай облысы мен Батыс Қазақстан облысы бөлісіп тұр. Қостанай облысына боксшы Иван Дычконың 2 қола медаль, БҚО-ға балуан Даниял Гаджиев пен Екатерина Ларионова бір-бір қола жүлде салған. Александр Зайчиковтың қола жүлдесінен кейін Қызылорда облысы бір жүлдемен 15-орынға жайғасты. Еліміз бойынша Жазғы Олимпия ойындарында ел қоржынынына медаль салмаған жалғыз облыс Павлодар көш соңында қалып қойды. Әзірше бұл облыстың жазғы спортшылары жүлдеге ілігіп, көзге түсер емес. 

Енді қысқы спортшылардың нәтижесіне тоқталсақ. Қысқы Олимпиададағы қазақ­стандық спортшылардың нәтижесі көңілі көншітерлік емес. 7 Олимпия ойындарына қатысқан отандастарымыз небәрі 8 медаль иеленген. Тіпті, 2002 жылы Солт-Лейк-Сити (АҚШ) мен 2006 жыл Турин (Италия) Олимпиадасында спортшыларымыз тұғыр биігінен көріне алмай, елге жүлдесіз оралды.

Бір қызығы, 8 медальдің тең жартысын ақмолалық шаңғышы Владимир Смирновтың бір өзі олжалап, облыстық рейтингте көш бастады. 1994 жылы Лиллехамерде 1 алтын, 2 күміс, 1998 жылы Наганода қола жүлде алды. Екінші орындағы Алматы қаласының спортшылары қоржынында 2 медаль бар. 2010 жылғы Ванкуверде (Канада) өткен кезекті Олимпиадада күллі қазақ жұрты Елена Хрусталеваның (биатлон) күмісін қанағат тұтса, 2014 жылғы Сочи Олимпиадасында Денис Тен (мəнерлеп сырғанау) қола жүлде сыйлады. Жазғы Олимпия ойындарында қоржыны бос тұрған Павлодар облысы қысқы Олимпиадада бір жүлде салды. Наганодағы байрақты бәсекеде конькимен жүгіру спортының өкілі Людмила Прокашева қола медаль иеленді. Биылғы Пхенчхан (Оңтүстік Корея) Олимпиадасында шығысқазақстандық могулшы Юлия Галышеваның жалғыз қоласы Қазақстан құрамасын жүлдесіз қайтудан құтқарып қалған еді. Қалған облыс спортшыларына қысқы Олимпиадада жүлде алу былай тұрсын, байрақты додаға қатысудың өзі арман болып тұр.

Әли БИТӨРЕ,

«Егемен Қазақстан»

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз