Aлматы облысының әкімдігі банктерде орын алған тұрғындардың төбелесіне қатысты түсініктеме берді — Қазақстан жаңалықтары

0

Алматы облысындағы Шамалған станциясы мен Жаркентте орын алған тұрғындардың төбелесіне қатысты Stan.kz тілшісі Алматы облысы әкімінің баспасөз хатшысы Ғалмұрат Жүкелге хабарласып, мән-жайды білді.

Алматы облысы әкімінің өкілі Ғалмұрат Жүкелдің айтуынша, Қаскелеңде халық мемлекет тарапынан бөлінген 42 500 теңгені рәсімдеу үшін «Халық банктің» жергілікті бөлімшесінде шу шығарған. Аталған оқиға бойынша, Қаскелең қаласының әкіміне ескерту жарияланған. 

Ал осыған ұқсас Жаркентте орын алған жағдайға байланысты Ғалмұрат Жүкел: «Қос тараптан да арыз берілмегесін, шу шығарғандарға қатысты ешқандай шара қолданылмады. Дегенмен банк басшылығына карантин тәртібін сақтауға мүмкіндік беретін жағдайдың жасалмағаны үшін ескерту жасалды. Ереже бойынша банк ішінде 5 адамнан артық халық жиналмауы тиіс, сондықтан қалған адамдар сыртта кезек үшін таласқан. Банк қызметкерлері мұның алдын алу үшін электронды талонды тарату керек болатын. Бірақ олай жасамаған», — деген түсініктеме берді.

Баспасөз хатшысының айтуынша, барлық жауапты мекемелер мен тұлғалар ескерту алып, алдағы уақытта бұл жағдай қайталанбайды. Сонымен қаатар, тұрғындардан құжаттарды қабылдау үшін қосымша бөлімдер ұйымдастырылған.

Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін хабарлағанымыздай, Aлматы облысында тұрғындар 42 500 теңге мөлшерінде әлеуметтік жәрдемақы алу үшін шу шығарған. Әсерлі бейне әлеуметтік желілерде жарияланды. Облыс әкімінің баспасөз қызметі бұл жағдай шынымен 2 сәуірде болғанын айтты.

Әкімдік Egov.kz сайтының жұмысында проблемаларға байланысты үлкен кезек туындағанын атап өтті. Бот жұмыс істемей тұрғаннан кейін адамдар жаппай әкімдікке жәрдемақы алу үшін бет алған.

stan.kz