Алматы облысында көпбалалы аналар «Нұр Отан» партиясынан 50 мың теңгені талап етті — Қазақстан жаңалықтары

0

Алматы облысында көпбалалы аналар шу шығарды. Наразы топ Nur Otan партиясы ғимаратының алдына жиналып, мұң-мұқтажын жоғарыға жеткізбек болды. «Біз біргеміз» қорының 50 мың теңгелік қаржылай көмегінен үмітті оларға бір тиын да бұйырмаған екен. Әлеуметтік жағдайы мұқият тексерілместен, қор қаржысы көлденең көк аттының қолында кетіп жатқанға ұқсайды. Ал өздерінің тізімде бар-жоғын білгісі келгендерді қуып шығыпты. Бұл туралы Stan.kz апарат агенттігі «Еуразия бірінші арнасына» сілтеме жасап хабарлайды.  

көпбалалы ана5 баланың анасы Наргиза Қалиева «Біз біргеміз» қорынан ауылды жерлерге 50 мың теңгеден көмек беріліп жатқанын естіп, партия филиалына келген екен. Тізімде бар-жоғын сұрамақ болған келіншекке басшылығы «тізімді сұрауға ешкімнің құқы жоқ»,  деп дөрекі жауап берген екен.

«Тізімді сұрауға ешқандай да хақың жоқ», деді. Менің ар-намысымды таптады. Аналық құқығымды таптап, мені, балағаттық сөздерді айтты. Мені соғып жібере жаздады. Ол куәгерлер бар», — деді көпбалалы ана Наргиза Қалиева.

«50 мың теңге ауылды жерлерге берілейін деп жатыр. Оны да алған жоқпыз. Оны да көрген жоқпыз. Сол оған да тізімге жазылуға келсек, бізбен дөрекі сөйлеседі. Өте агрессивті кісі бастығымыз «Нұр Отанның», — деді көпбалалы ана Әсел Нұрдаулетқызы.

Ал, аудандық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Дәулет Ыдырысов бұл айтылғанның бәрі жала екенін айтты. «Ешқашан  елді балағаттап, ешкімге тіл тигізбейміз», — деп ақталды.

«Жоқ, ол жерде ондай мәселе ешқашанда болмайды. Анау-мынау деген әңгімеге ешқашан да бармаймыз да. Ары қарай жұмысымызды жалғастыруымыз керек», — деді «Нұр Отан» партиясының Ескелді аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары.

Жалпы, Ескелді ауданы бойынша түрлі деңгейде әлеуметтік көмек алатын 5 мыңға жуық адам бар. Солардың 770-ке жуығы «Біз біргеміз» қорынан 50 мың теңгеден ақша алған. Ал, сол тізімге енбей қалған бұл аналар ендігі кезекті күтпек. Бірақ, оның өзінде үміттерінен гөрі күдіктері басым.

«Қалай ашынбайсың? Осындай бланка жазуға бола ма, ойлаңдаршы? Осындай бланк ертең қоқысқа кетеді. Журналдарың қайда?», — деп шулады аналар.

Көпбалалы аналардың арнайы журналға тізім жасауды талап етулері бекер емес. Өйткені, көбісі бір күн бұрын ғана қаржылай көмек алуға жазылып кеткен. Алайда, ол қағаздың қайда кеткені белгісіз. Сондықтан, қайта тізім жасауларына тура келді.

«Төртінші транш та болуы мүмкін. Сол себепті, тізімдеп жатырмыз. Қалай, қордың ақшасы жиналып немесе бізге тізім жинап беріңдер деген мәселе қойса, біз сол кезде осы кісілерді тізімдеп, тізімдерін жібереміз», — деді Дәулет Ыдырысов.

«Енді, соны төлемей қалып жүрмесе болды. Сол 50 мың теңгені «Біз біргеміз» деген сол көпбалалы аналарға берсін, талап етеміз», — деді көпбалалы ана Гүлнәр Тұралбаева.

Ал, қордан тағы төтінші рет қаржы бөлу мәселесі меценаттардың демеушілігіне байланысты.

stan.kz