Алматы облысында ерлік көрсеткен 15 жастағы жасөспірім марапатталды — Қазақстан жаңалықтары

0

Алматы облысы полиция департаменті басшылығы суға кеткен ер адамды құтқарған жасөспірім марапатталды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

4 маусым күні Алматы облысы ПД бастығы Серік Күдебаевтың бұйрығымен суға кеткен адамды құтқарып, ерлік көрсеткен “Арыстан” мамандандырылған лицейінің 11 сынып оқушысы Мирас Бейсен марапатталды.

«Жеткіншек қауіпті жағдайды дұрыс бағамдап, ерлік көрсетіп, ағысы қатты өзенге түсіп, ер адамды өлім аузынан алып қалды. Тұйық, дегенмен жүрегінің түгі бар, азаматтық көзқарасы жоғары жас батыр болашақ құқықтық тәртіптің сақшысы ретінде ерлік ісін өзінің міндеті санайды. Мирастың ата-анасына осындай азаматты тәрбиелегені үшін, ал оқытушы құрамға курсатты ел патриоты, асқан жауапты және ел алдында міндетке дайындығы үшін үлкен алғысымызды білдіреміз», — деп атап өтті облыстық ПД бастығының орынбасары Ораз Жолдасов.

Салтанатты табыстау рәсімі Талғар ауданы полиция басқармасында өтті. Алматы облысы ПД бастығының орынбасары Ораз Жолдасов 2020 жылғы 3 маусымдағы №372 бұйрықты оқып, жас батырдың ата-анасына гүл шоғы мен алғыс хатты табыстады. Ал, ерлігімен көзге түскен жасөспірімге естелік таңбасы бар құнды сыйлық – атаулы қол сағаты табысталды.
 

stan.kz