Алматы облысында 15 жастағы жасөспірім суицид жасамақшы болған ер азаматты құтқарып қалды — Қазақстан жаңалықтары

0

Алматы облысы Талғар қаласында 15 жастағы жеткіншек өзіне қол салмақшы болған ер азаматты құтқарып қалды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Polisia.kz порталына сілтеме жасап.

құтқарды

“Арыстан” мамандандырылған лицейінің 2004 жылғы 11-сынып оқушысы Мирас Бейсен, 1 маусым сағат 17.00-дер шамасында досымен Талғар қаласының орталығындағы көпір бойымен келе жатып, өзенге көпірден секірмек болған ер адамды байқаған.

«Мирас еш абдырмастан, досына полиция мен жедел жәрдемге қоңырау шалуын өтініп, өзі төмен, өзенге қарай жүгірген. Өзеннің қатты ағысынан қорықпаған ол, ер адамның қаза болуына жол бермей, оны жағаға шығарған. Сол сәтте оқиғаға орнына полиция мен жедел жәрдем де келіп жеткен», — деді Алматы облысы полиция департаменті басшысының орынбасары Ораз Жолдасов.

Алдын ала мәліметтер бойынша, зардап шеккен адам 1982 жылғы Талғар қаласының тұрғыны. Ол мас күйінде өз-өзіне қол жұмсауға әрекеттенген. Қорытындысында ер адамның оң аяғы сынып, миы шайқалған және басқа да жарақаттар алған. Ер адамның бұл әрекетке баруының себептері мен мән-жайлары анықталып жатыр.

Қазіргі таңда оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары ҚР қылмыстық кодексінің 105-бабы 1-бөлігі бойынша жүргізіліп жатыр. Сот-медициналық сараптамасы тағайындалды.

Сонымен қатар, жақын арада ержүрек бозбала Мирас Бейсен көрсеткен ерлігі мен жоғары азаматтық ұстанымы үшін Алматы облысы полиция департаменті басшысы атынан марапатталады.
 

stan.kz