Әлі-ақ әлем чемпионы болады: Қазақстандық ағайынды егіздер бокстың жаңа жұлдызы болмақ — Қазақстан жаңалықтары

0

Қазақта «Бірге тумақ болса да, бірге жүрмек жоқ» деген сөз бар. Бірақ бұл сөзді жоққа шығарып жүрген спортшылар аз емес. Соның ішінде егіздер Геннадий мен Максим Головкинді айтуға болады. Айбек пен Нұрбек Оралбай да сол қатарда. Ересектер сапына биыл ғана қосылған бауырлар былғары қолғапты қатар киіп, Олимпиада ойындарында бірге топ жарсақ деп армандайды. Ол үшін аянбай еңбек етіп те жатыр. Дәл қазір егіз боксшылар елордада өтетін Президент кубогына дайындық үстінде. 

Stan.kz тілшісі қос боксшыдан дайындықтарының қалай өтіп жатқанын сұрады. 

Айбек және Нұрбек Оралбек

– Спортқа әкеміз ертіп келді деген екенсіңдер. Спортшының отбасында тәрбиеленіпсіңдер. Жалпы, отбасыларың жайлы айтып берсеңдер? 

Нұрбек:

– Үйде төрт ұлмыз. Екеуміз бокспен әуестенгендіктен, ата-анамыз қалған екеуінің білім жолын қуғанын қалайды. Бір інім мектеп оқушысы, үйдің кенжесі әлі кішкентай.

Айбек:

– Астанаға Жамбыл облысының Шу қаласынан 2009 жылы қоныс аудардық. Әкеміз бапкер болғандықтан, есімізді білгелі спорттың қыр-сырын үйренумен келеміз. Бірақ ол кісі еркін күреспен шұғылданғанымызды қалаған. Бірақ үйге жақын маңнан үйірме таба алмаған соң, боксқа берді. Алғашқы бапкеріміз Асқар ағай бізді көрген бойда «Сендер әлем чемпионы боласыңдар» деді. Міне, 10 жылдан бері боксты серік етіп келеміз. Арасында футбол үйірмесіне де қатысқанбыз. 

– Сабақта немесе өмірде бір-бірлеріңді алмастыратын ба едіңдер?

Айбек:

– Бала күнімізде мен ауырып қалып, жарыста орныма Нұрбек шыққан. Ешкім байқамады. Ал бір-бірімізге қарсы бокстасқан емеспіз. Өзара бәсекелестік те жоқ. Қайта жігерлендіріп отырамыз. Жекпе-жектерімізді қарап, кемшін тұстарымызды айтамыз. Мыңдаған жанкүйердің арасынан да бір-біріміздің дауысымызды бірден танимыз.

– Сендерге журналистер тарапынан қызығушылық жоғары екенін байқадым. Оған сендердің жетістіктеріңмен қатар егіз болуларыңның да себебі бар шығар. Жалпы, көпшіліктің назарында болудың артық және кем тұстары қайсы?

Нұрбек:

– Негізгі себеп егіз болуымызда шығар деп ойлаймын. Әйтпесе сұхбат беріп, көпшіліктің назарында жүруге әлі тым ерте. Ересектер сапына енді ғана қосылдық. Көсіліп әңгімелесетін уақыт келеді. Бірақ ол Токио олимпиадасынан кейін. Бұйыртса, Жапония астанасында ауыз толтырып айтарлық нәтижеге жетсек, сол кезде-ақ сұхбат беріп үлгереміз. Бірақ журналистер хабарласып тұрғандықтан, көңілдерін қалдыруға тағы ыңғайсыз.  

боксшылар

– Айбек, Нұрбек, бокстан Президент кубогы әлем чемпионатына іріктеу ретінде қарастырылады деген. Турнирге дайындық қалай жүріп жатыр?

Айбек:

– Президент кубогына тұңғыш рет қатысқалы отырмыз. Бұл жарыс халықаралық деңгейде ұйымдастырылады. Қазақстаннан бөлек әлемнің 12 елінен боксшылар қатысады. Өзіңіз айтпақшы, әлем чемпионаты алдындағы сын болғандықтан, бұл өзіміздің де, қарсыластың да бабын байқайтын тамаша мүмкіндік. Сондықтан бапкерлердің нұсқауымен елордадағы бокс академиясында тыңғылықты жаттығу жасап жатырмыз. Бәрі ойдағыдай. Сәтін салса, топ жарудан үміттіміз. Сол үшін барымызды саламыз.

Нұрбек:

– Рас, жарысқа қатысу арқылы өз-өзін шыңдауға мүмкіндік аласың, тәжірибең толыса түседі. Оның үстіне бұл халықаралық аламан болса, әрі өздеріңіз білетіндей, жастар қатарынан ересектер сапына ауысқанымызға көп уақыт бола қойған жоқ. Тиісінше бізге әлі көп жұмыс істеу керек. Бапкерлер сенім артты. Біз бұл жауапкершілік жүгін абыройымен алып жүргіміз келеді. Сол үшін де тынбай еңбек етіп жатырмыз. Қазір бабымыздамыз деп сеніммен айта аламын. Енді бағымыз жанса, бәрі ойдағыдай болады деген үмітім бар.

– Биыл ересектер сапында Спартакиада топ жардыңдар. Бұл бойдағы сенімділіктің артуына қаншалықты ықпал етті?

Айбек:

– Мұндай маңызды сындарда үздік шығу шынымен де адамға сенімділік сыйлайды. Елімізде қай салмақта да бәсеке өте жоғары. «Сен тұр, мен атайын» дейтін саңлақтар баршылық. Солардың арасынан екеуіміз де жеңіске жеткенімізге қуаныштымын. Наурызда Финляндияда өткен халықаралық жарыста күміс жүлдегер атандым. Одан соң Шанхайдағы халықаралық аламанда топ жардық. Бұл жеңістің де маңызы зор. Құдай қаласа, Президент кубогында да көздеген мақсатты орындасақ, әлем чемпионатына іріктеуден өтеміз деп ойлаймын. 

– Жалпы, ұлттық құрамадағы ағаларың қалай қарсы алды? 

Нұрбек:

– Құрамадағы боксшылардың біразының өнерін көріп өстік қой. Талай турнирлерде жанкүйер болдық. Бірге жаттығу жасау қалай болар екен деген ойдың болғаны рас. Бірақ боксшылардың арасында ауызбіршілік мығым. Командалас әріптес қана емес, аға-іні болып та араласамыз. «Сен кішкентайсың» деп бөле-жару жоқ. Мұның бәрі бапкерлердің дұрыс тактикасының арқасы шығар. Сондықтан да ағаларымыз бізді жақсы қарсы алды. Ақыл-кеңестерін айтып, білгенімен бөлісіп жатыр. Сол үшін де оларға үлкен рақмет!

бокс

– Айбек, сенің салмағыңда мықтылардың бірінен Василий Левит бар. Бірінші нөмір үшін талас та сол боксшымен болатыны анық. Левит саған лайықты қарсылас ретінде қарай ма? Жалпы, оның артық-кем тұстары жайлы не айтасың?

Айбек:

– Василий Левиттің әлеуетімен бокссүйер қауым жақсы таныс. Кез келген боксшы төртжылдықтың бас додасының финалында өнер көрсете алмайды ғой. Оның Рио олимпиадасындағы өнері әлі күнге дейін қызу талқыланады. Тәжірибесі де толысқан. Бұған дейін екеуіміз шаршы алаңда кездескен жоқпыз. Бірақ рингте қарсылас екенімізді ұмытпаймын. Сондықтан мен үшін Левитпен бокстасу да, оны ұту да мәртебе. 

– Сендерді ағайынды Кличколармен жиі салыстырып жатады. Өздеріңіз мұндай теңеу, салыстыруларға қалай қарайсыздар? Солардың жолын қусақ деген сияқты арман болған ба еді?

Нұрбек:

– Ауыр салмақтың өкілдері болғандықтан шығар, осындай салыстыруды жиі естиміз. Дегенмен ағайынды Виталий және Валерий Кличколардың арасы бес жас. Ал бізді небәрі 5 минут қана бөліп тұр. Сондықтан әркімнің өз жолы бар деп ойлаймын. Сөзсіз, олардың екеуі де бокста ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге жетті. Олардың бокстасу мәнері ұнайды, соларға қарап бой түзейміз. 

Біздің елде де бокста қатар жүрген бауырлар аз емес. Головкиндермен қатар әлі күнге дейін шаршы алаңның шаңын қағып жүрген ағалы-інілі Дәурен мен Данияр Елеусіновтер де бар. Өзіме негізінен марқұм Бекзат Саттархановтың бокстасу мәнері өте ұнайды. Оның шаршы алаңдағы қимылын нағыз өнер деп бағалауға болады. 

оралбек

– Жалпы, екеуіңіз де бойшаң, нар тұлғалы азаматсыздар. Сендер үшін ауыр салмақта бокстасудың қандай қиындықтары бар және болашақта салмақ ауыстыру туралы ой бар ма?

Айбек:

– Спортты таңдаған адам қиындыққа дайын болуы керек деп ойлаймын. Ал тыңғылықты жаттығу жасасаң, кез келген кедергіден өтуге болады. Біз үшін 81 және 91 келіде бокстасу ыңғайлы. Жақын арада салмақ ауыстыру туралы жоспар жоқ. 

– Нұрбек, бапкерлер сенің салмақтағы Бек Нұрмағамбеттің ауыр жарақат алғанын айтты. Бұл жастар арасындағы әлем чемпионатының нәтижесін ересектер сапында қайталауға мүмкіндік деп ойламайсың ба?

Нұрбек:

– Өкінішке қарай, Бек жарақат алып қалып, қазір ем қабылдап жатыр. Президент кубогына да қатыса алмайды. Тезірек сауығып кетсін деп тілеймін. 

Бұйыртса, 2018 жылы жастар арасында жеткен жетістікті биыл ересектер арасында қайталасам деген мақсат бар.

– Екеуің небәрі 19 жастасыңдар. Үлкендер буы басып кетеді деген үрей жоқ па?

Айбек:

– Ондай қорқыныш жоқ. Керісінше, жас болғандықтан ағаларымызға қарағанда биік белестерді бағындыруға мүмкіндігіміз еке есе жоғары. Соны тиімді пайдалануға тырысамыз.

бокс

– Жастар сапында Ғалымбек Кенжебаевтың қарамағында жаттықтыңыздар. Қазір ұлттық құрамада да сол кісі бас бапкер. Ал жаттығу процесінде қандай өзгешеліктер бар?

Айбек:

– Екі жыл бойы Ғалым ағайдың қоластында болдық. Ұлттық құрамаға қатар ауыстық деуге болады. Ал жаттығуда ешқандай өзгешеліктер де, қиындықтар да жоқ. Мұндай сынақтарға ағзамыз үйреніп кеткен. 

– Сендерді боксшылар мен бапкерлер қалай ажыратады?

Нұрбек:

– Он жыл бойы жаттықтырған жеке бапкеріміз Еркебаев Асқар ағайдың баласы сияқты болып кеткенбіз. Оның бізді шатастырғаны есімде жоқ. Басқа бапкерлер дене бітімімізге қарап ажыратады. Себебі Айбектің салмағы менен 10 келіге ауыр. 

– Токио олимпиадасына қатысу мүмкіндігі жайлы айтып берсеңдер.

– Олимпиада ойындарына қатысу бақыты кез келгенге бұйыра бермейді. Кіл мықтылар ғана іріктеледі. Біз де жас екенбіз деп қарап отырмаймыз. 20 жасында чемпион болған Бекзат Саттарханов, 21 жасында олимп шыңын бағындырған Бахтияр Артаев, 20 жасында Олимпиада ойындарына қатысқан Мерей Ақшалов секілді ағаларымыз бізге үлгі. Солардың жолымен біз де төртжылдықтың басты додасында бағымызды сынағымыз келеді. Бәрі де Алланың қалауымен ғой. 

Сұхбаттасқан Ернұр Қожагелді

 

Ескерту! Эксклюзив материалды көшіріп басу үшін редакцияның хат түріндегі рұқсаты қажет!  Хат түріндегі рұқсат берілген жағдайда, эксклюзив материалды жарияланған уақытынан 24 сағаттан кейін ғана көшіруге рұқсат беріледі.

 

stan.kz