Әлемнің үш дүркін чемпионы Ақтөбе әкімі болып тағайындалды

0

Асхат Шахаров бұл қызметте Мавр Абдуллинді алмастырды, ол қаланы былтыр маусым айынан бері басқарған еді

НҰР-СҰЛТАН, 16 наурыз – Sputnik. Ақтөбе қаласының жаңа әкімі болып Асхат Шахаров тағайындалды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан қала әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«16 наурыз күні президент әкімшілігінің және Ақтөбе қалалық мәслихатының келісімі бойынша облыс әкімінің өкімімен қала басшылығы қызметіне Асхат Шахаров тағайындалды», -деп мәлімдеді Ақтөбе әкімдігі әлеуметтік желідегі ресми парақшасында.

Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин жаңа басшыны қала активіне таныстырды.

Бұған дейін қаланы Мавр Абдуллин басқарған болатын. Ол әкім қызметіне өткен жылдың маусымында тағайындалған еді.

Оразалин Абдуллинің басқа қызметке ауысуына байланысты атқарған жұмысына алғыс білдіріп, сәттілік тіледі.

Асхат Шахаров туралы не білеміз?

Асхат Шахаров 1978 жылы  3 қазанда дүниеге келген. Білімі жоғары.

1999 жылы Қазақ мемлекеттік спорт және туризм академиясын «дене тәрбиелеу мәдениетінің оқытушысы спорт жаттықтырушысы», 2002 жылы Т.Рысқұлов атындағы қазақ экономикалық университетін «Халықаралық деңгейдегі экономист» мамандықтары бойынша бітірген. Экономика ғылымының кандидаты.

Еңбек жолын 2000 жылы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің спорттық пәндер кафедрасының оқытушысы болып бастаған.

Тағы оқыңыз: Тоқаев кадрлық ауыс-түйіс жасады

Әр түрлі жылдар Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының оқытушысы, Ақтөбе облыстық Олимпиада резервін даярлау орталығының директоры болып қызмет етті.

2013 жылдан 2017 жылға дейін — Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданының әкімі;  

2017-2019 жылдар аралығында Батыс Қазақстан облысы Бәйтерек ауданы әкімінің қызметін атқарып келді.

Асхат Шахаров — дзюдо мен самбодан еңбек сіңірген спорт шебері, дзюдодан әлем чемпионатының қола жүлдегері, самбодан әлемнің үш дүркін чемпионы, әлем кубогының екі мәрте иегері, Азияның үш дүркін чемпионы, Сиднейдегі Олимпиада ойындарының қатысушысы.



sputniknews.kz