Әкімдік СИНОПЭК жұмысшыларының жалақысы өсетінін хабарлады

0

2 сәуірде Ақтөбе облыстық әкімдігі «СИНОПЭК Казахстан» халықаралық мұнай сервис компаниясында жалақы 15-20 пайызға көтерілетін болды» деген хабар таратты. «Жұмыс беруші мен мұнайшылар арасында туындаған дауға облыстық әкімдік араласқаннан соң жұмысшылар жалақысы категорияларына қарай 15-20 пайызға көтерілетін болды. «СИНОПЭК Казахстан» халықаралық мұнай сервис компаниясының Ақтөбе филиалында бұрғылау жұмыстары 1 сәуірден бастап қайта жалғасып жатыр» делінген әкімдік тартақан хабарламада.

1 сәуірде «СИНОПЭК Казахстан» халықаралық мұнай сервис компаниясының Ақтөбе облысындағы 146-шы , Маңғыстау облысындағы 208-ші бригадасының жалпы саны жүзге тарта жұмысшысы жарты тәулік бойы жұмысты тоқтатып қойған. Әлеуметтік желі арқылы тараған видеода мұнайшылар жалақының аздығына наразы екендіктерін айтады.

Өздерін аталмыш компанияға тиесілі «146-шы бұрғылау бригадасының жұмысшыларымыз» деп таныстырған бір топ адам жалақыларын 30 пайызға көтеруді талап еткен. Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалинге қарата мәлімдеме жасаушылардың сөзіне қарағанда, «компанияның Ақтөбе филиалынан бастау алған наразылықты Маңғыстау облысындағы бұрғылаушылар да қолдап отыр».

«СИНОПЭК Казахстан» халықаралық мұнай сервис компаниясының Ақтөбе филиалы мұнай және газ ұңғымаларын бұрғылау бойынша қызмет көрсетеді. Компанияның аты-жөнін атамауды жөн көрген басшыларының бірі Ақтөбе облысындағы 146-шы, Маңғыстау облысындағы 208-ші бригаданың жалпы саны жүзге тарта жұмысшысы жарты тәулік бойы жұмысты тоқтатып қойғандарын растады. Бірақ өзге ақпарат беруден бас тартты.

Azattyq